Ұмытылмас есімдер
Жеңіс күні қарсаңында Қарағанды облыстық мемлекеттік архиві тың құжаттармен толықты. Ұлы Отан соғысының ардагері Камали КЕНЖЕТАЕВ пен Қарағанды облыстық музыка мектебінің алғашқы директоры Қобыланды НҰРБАЕВТЫҢ туыстары қос тұлғаның жеке құжаттарын архив қорына салтанатты түрде табыстады. Шараға ардагерлер ұйымының, Тәттімбет атындағы өнер колледжінің, мәдениет мекемелерінің өкілдері және ұрпақтары қатысты.
Архив қорына тапсырылған құжаттар қатарында автобиография, фотосуреттер, медальдар куәлігі, сертификаттар, аудио және бейнежазбалар бар. Барлық құжаттар түпнұсқада ұсынылған. Осылардың негізінде «Тарихтағы есімдер» атты көрме ұйымдастырылып, бейнефильмдер көрсетілді.
– Ардагерлердің ерлігі халық жадынан жойылмайды. Олар ұрпақ үшін соғыстың ауыртпалығына төзді, қиындықты еңсерді. Сондықтан да, біз олардың алдында қарыздармыз. Ардагерлерді ұлықтау – міндетіміз – деді Қарағанды облыстық мемлекеттік архивінің директоры Жанагүл Тұрсынова.
Камали Кенжетаев 17 жасында өз еркімен майданға аттанады. Ат құлағында ойнап өскен бозбала Ақмолада құрылған 106-қазақ атты әскері құрамына алынады. Эскадрон сапындағы 4091 жауынгерге қару толық жетпей, көпшілігі неміс басқыншыларына қарсы жалаң қолмен ұрыс салады. Қанды қырғын кезінде әскердің басым бөлігі опат болып, тірі қалғаны тұтынға түседі. Солардың арасында Камали Кенжетаев та бар. «Дуглас-205» концла- геріне қамалған сарбазды Кеңес әскері тұтқыннан азат етеді. Осыдан кейін, басқа әскери бөлім құрамында болған Камали Дүйсенұлы 1947 жылдың наурыз айында елге оралады.
– Әкем соғыстың алғашқы күн- дерінде әскерге алынып, соңына дейін қатысты. Бүгінгі шараны ұйымдастырып отырған азаматтарға айтар алғысым шексіз, – деді Мұрат Кенжетаев.
1952 жылы Қарағанды облыстық музыка мектебі ашылып, оның басшылығына Қобланды Нұрбаев тағайындалды. Ол қуғын-сүргін жылдарында Қарағанды өңіріне жер аударылған Р.Рихтер, У.Ходжиев, В.Роот, Э.Майер сынды көрнекті музыканттардан тұратын педагогикалық ұжым құрады. Бүгінде Қарағанды облыстық музыка мектебі Тәттімбет атындағы өнер колледжіне айналды.
Қобыланды Нұрғалиевтың көзін көрген, бірге жұмыс істеген азаматтардың айтуынша, мұндай тағылымды шараны ұйымдастырудың маңызы зор. Өйткені, жастар аға буын өкілдеріне қарап бой түзейді, солардан үлгі алады. Сондықтан да, елге еңбегі сіңген азаматтарды ардақтау – қастерлі іс.
Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ.