Бас тақырып

Ұмытыла бастаған бір тұлға

Қазір екінің бірі тыңдай бермегенімен, ұлттың рухы мен дүниетанымын көтеруде Қазақ радиосының орны орасан зор. Ұлт болмысының келбетіне айналуы тиіс қазақ телеарналары «ауырсына» бастаған нардың жүгін Қазақ радиосы қайыспай арқалап келеді. 1921 жылы ашылған ұлт руханиятының қарашаңырағына биыл 100 жыл толып отыр. Жарықтық-ай деп сүйсіндірмей қоймайтын ордалы қарашаңырақтың мерейтойында жақ ашпай қалған – ұят. Бұл жақтан барып «Алматыдан сөйлеген» кім бар-ау деп ақтарғанымызда, алдымыздан Қазақ радиосының ардагері, «Ең жоғары дәрежелі диктор» атағының иегері, ұлт руханиятына еңбегі сіңген бірден-бір тұлға Жанел АСҚАРОВА есімі жолыға кетті.

Жанел АСҚАРОВА

Бұған дейін біздің аймақтан шыққан диктор деп білетініміз Сауық Жақанова апамыз болатын. Қазақ Левитаны атанған Әнуарбек Байжанбаев есімін жаңғырта кетпей тағы болмайды. Левитанды күллі Ресей таныса, Әнуарбек атаны да кезінде күллі қазақ білген десе, артық айтқандық емес. Бұл кісінің Левитаннан артықшылығы – Әнекең үлкен диапазонмен оқылатын ресми дүниелермен қатар, радиолық концерттер мен әдеби хабарларды мөлдіретіп оқи берген. «Балуанға оңы не, солы не?!» дегендей от пен суды «табыстыра» білген әмбебап диктор. Левитан тек ресми, әскери рухтағы дүниелердің шебері болғаны айтылады. Гитлер Левитанды өлтіруді тапсырғаны туралы әңгіме де бар… Бұл жердегі мәселе – біз Әнуарбек Байжанбаевпен бірге түрлі радиохабарларды қатар оқыған атақты жерлесіміз Жанел Асқарованы біле бермейтіндігіміз. Әнекең екеуі қатар жүргізген радиобағдарламалар Қазақ радиосының Алтын қорында әлі күнге сақтаулы. Алаш даласына аты мәшһүр Сауық Жақанованың ұстаздарының бірі – осы Жанел апамыз. Жанел апа Қазақ радиосына диктор болып 1961 жылы орналасса, Сауық апа 1966 жылы келген. «Біреуінен біреуі артық» деген әңгіме айтпақ ойымыз жоқ. Екеуі – екі биік. Сауық апа бір сұхбатында өзі алдын көріп, мектебінен өткен Жанел апа туралы «Жанел авторлармен бірге соавтор болып, оның не айтқысы келетінін жеткізуге, ішкі дүниесін түсініп үлес қосушы еді. Сонымен қатар, жас дикторларға тіл мәдениетін үйретуден жалықпайтын» депті. Алдындағы толқынға берген үлкен баға дерлік мұнысы. Көркем шығарма жазушы автордың кез келгені өз туындысы шебер оқып, табиғатын ашып жеткізе алмауы әбден мүмкін. Оны автордан әрмен жандандырып, құлпырта түсетін диктордың дауысы. Бейнелі сөзге жан бітіру тек таланттың ғана қолынан келеді. Ол шығарманы жан-тәнімен түсініп, өз табиғатынан қайта өткеріп оқығандықтан жан кіреді тілге. Әйтпесе соавтор болмақ түгілі әдеби туынды оқып түсінбейтіндер қаншама. Ал, Жанел апаның дауысы естіле бастаса болды, үніне еріксіз құлақ тосар едіңіз. Жан дүниеңізді бірден баурап алған дауысты қалай, неге тыңдап тұрғаныңызды білмейсіз. Ерекше бір күш, ерекше бір құдірет!

Қазақ радиосының ұжымы алдағы жұмыс барысын талқылау сәті (солдан оңға қарай Әнуарбек БАЙЖАНБАЕВ, Жанел АСҚАРОВА, Қатира ӘЗІМБАЕВА редакция мүшелерімен).

Әсіресе, Қазақ радиосының Алтын қорындағы Әнуарбек Байжанбаевпен жүргізген хабарлары. Мыңнан бір мезет дерлік дауыстың сиқыры. «Көп адам дүниеге бой алдырған, бой алдырып аяғын көп шалдырған» деген Абайдың өлеңін оқығанда, жүрекке сіңіріп жібереді. Сөз жанды бейнеге айналып, көз алдыңызда көлбеңдейді. Сөз – құдірет, сөз – кие дегенге көзіңіз сонда жетеді. Әңгіме-концерттері мен бағдарламаларын тыңдап отыра беруге болады. Бүгінде бар ма мұндай дауыстар деген ойға қаласыз. Қазақстан бойынша Алматыда өтетін шерулердің өзін тек Әнуарбек Байжанбаев пен Жәнел Асқарова жүргізгенін және айтады радионың кө-некөздері.

Ұлттың үнжариясының ардагері Жанел апа Қарқаралы ауданындағы Егіндібұлақта 1932 жылдың 12 желтоқсанында дүниеге келіпті. 10 жылдықты 1950 жылы Егіндібұлақтағы №1 орта мектептен бітірген. Алматыдағы қыздар педагогкалық институның филология факультетін бітіріп, еңбек жолын Алматы қаласында мұғалімдіктен бастаған. 1961 жылы қазақ радиосына дикторлық қызметке конкурс жарияланып, соған қатысады. Содан жеңімпаз атанып, Қазақ радиосына дикторлыққа қабылданады.

1961 жылдан бастап зейнеткерлікке шыққанша, 25 жыл Қазақ радиосында дикторлық қызмет атқарған Жанел апа – қазақ радиожурналистикасының бірегей тұлғасы. Бүгінгі жастар біле ме, бірақ? Қайткен күнде бір белгі керек қой. Туған елі, туған жерінен бола ма, жоқ өзі 25 жыл аспанын қоңыр әуезге бөлеген Алматыдан бола ма, бір жөнін қылса – нұр үстіне нұр.

Керемет диктор ғана емес, бұл кісі достарының арасында өте сыйлы да болған деседі. «Әнекең (Әнуарбек Байжанбаев) туралы, сондай-ақ осында бір кездері диктор болған әйгілі әнші Ермек Серкебаев пен ұлы ақын Мұқағали Мақатаев туралы қарт диктор Мина Сейітова, Қатира Әзімбаева қызғылықты әңгімелерді жиі айтатын» дейді Журналистер одағы сыйлығының лауреаты Қуанбек Боқаев. «Сол кезеңде Қазақ радиосында тұңғыш диктор Мина Сейітова зейнетке шықса да ара-тұра концерт жүргізетін. Сондай-ақ Қатира Әзімбаева, Жанел Асқарова, Мырзабек Қуатбеков, Марат Тоғатаев, Сауық Жақанова, Гүлжан Қайыржанова, Әмір Жұмабеков, Ұлжан Сағындықова секілді дикторлардың жарқын бейнелері, дикторлық өнерді қастерлеп, қасиет тұтқаны жөнінде кеңінен әңгімелеуге де болар еді. Әсіресе, Қатира Әзімбаева жастардың анасы секілді болып, ақыл айтып, қамқор болып жүретін. «Бүкіл Құнанбай ұрпақтары арасында мен ғана атамның атын өзгертпей сақтап келемін» деп Абайдың туыстары жөнінде әңгімелеп отыратын» дейді Қуанбек ағамыз. Өзі де Қазақ радиосында дикторлық қызмет атқарған бұл кісі Мина Сейітова мен Қатира Әзімбаевадан кейін Жанел апаны атағаны тегін емес. Алдыңғы екі апамыз ол уақытта ежелден келе жатқан дикторлар есебінде. Демек, алдыңғы буынның өкшесін басқан біздің Жанел апа туралы зерттеліп, айтылатын әңгіме әлі алда. Қазақ радиосында бірге істеген режиссер Алтынбек Халықов «Жанелдің алғырлығы керемет еді. Дауысы жатқан бір композиция. Жоғары-төменді, асып-тасып тұратын толқынды қыр-сыры көп шығармаларды оңай алып кететін» деп еске алады.

Ал режиссер Фарихан Ақтанова «өзі қандай сұлу болса, жаны да сондай сұлу адам еді» дейді.

Апамыз таңғажайып диктор, мейрімді ана, аяулы жар да болған. Абдолла Лекеров ағамыз екеуі үш бала сүйіп, бақытта, баянды ғұмыр кешіпті. Келер жылы бұйырса 90 жылдығы келе жатыр. Ұмытуға болмайтын тұлғаны есімізден шығармайық, ендеше.

Жәнібек ӘЛИМАН.

Басқа материалдар

Back to top button