АймақШет

Мықты маман қайда да бағалы

Дәрігер болу шыдамдылықты, жауапкершілікті, мамандығына адалдықты қажет етеді. Қазір ауыл халқы дәрігерлерге мұқтаж. Жас мамандар ауылдық жерге бара бермейді. Ал, біздің кейіпкеріміз табан аудармастан антына адалдық танытып келе жатқан жан. Шет аудандық орталық ауруханасының медициналық статист қызметінің қыры мен сырына қанық Светлана Қабылбекқызын аудан жұртшылығы жақсы біледі.

Светлана Жұмабай Балқаш қаласында туып өскен. Сонда сегіз жылдықты бітіріп, медицина саласын таңдайды. Қиындықты жеңу, мықты дә­рігер атануды мақсат еткен қарапайым қыз Балқаш қаласындағы меди­циналық училищеге оқуға түседі. Бұл – арманына жетуге жасаған алғашқы қадам болатын. Қиын, әрі жауапкершілігі мамандықты игеріп шығу оңай емес. Ол үшін шыдамдылық пен білімге деген құштарлық алдыңғы орында тұру керек. Міне, осындай қасиетінің арқасында Светлана Қабылбекқызы оқу орнын ойдағыдай аяқтап, білікті маман ретінде танылды. Алғашқы еңбек жолын 1984 жылы балалар ауруханасының интенсивті терапия бөліміне медбике болып бастайды. Екі жылдан кейін өмірлік серігі Болат Жұмабайды кездестіріп, Шет ауданы Ақсу-Аюлы ауылына көшеді. Сол жерде учаскелік балалар медбикесі қызметіне жұмысқа қабылданды. Көп жылғы еңбегі ескеріліп, 2004 жылдан бастап медициналық статист лауазымына тағайындалды.

– Аға буын дәрігерлерден үйренгенім көп. Жас маманның тәжірибесін шыңдап, ақылшы болған ұстаздарыма алғысым шексіз. Аналарға дәрігерлік кеңес беріп, балалардың арасындағы ауру-сырқауды азай­ту­ға тырыстық. Сүрінгенге сүйеніш, құлағанға таяныш болып жүретін мейірімді медицина қызметкерлерінің қызметі аса маңызды. Ізгілікті істе іркілмейтін жанашыр жандардың еңбегі ерен, – дейді бүгінде тәжірибесі толысқан ақ халатты абзал жан.

Қызметтегі міндетінен бөлек, отбасына аналық жылу сыйлаған ол жұбайымен төрт ұл, бір қыз тәрбиеледі. Ұлдарын ұяға, қызын қияға қондырған бақытты жандар. Үлкенге ізет, кішіге құрмет көрсетіп, ордалы, өсіп-өнген әулетке келін болған ана, ата-енесінің, үлкендердің батасын алып келеді.

Үш жыл бұрын көпбалалы ана ретінде зейнетке шыққанымен, әлі де еңбекте. Себебі, Светлана Қабылбекқызы секілді білікті, өз ісін сүйетін мамандар жастар үшін тәлімгер.
Мықты дәрігер мезгіл де, мекен де таң­дамайды. Нағыз дәрігер өз қызметін адал атқарады. Күрделі де, жауапкершілігі мол маман­ды­ғының арқасында аудан тұрғындарының денсаулығын қадағалап, медициналық көмек көр­сетіп жүрген Светлана Қабылбекқызына жергілікті халықтың алғыстан басқа айтары жоқ. Бұл да болса үлкен абырой, адал еңбектің жемісі.

Нұрдос КӘРІМ,
Шет ауданы

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button