Музейдегі мәнді шара
10 ақпанда Қарағандының қала мәртебесіне ие болғанына 89 жыл толды. Айтулы күн қарсаңында Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейі танымдық іс-шара өткізді.

«Қарағанды – жастық шағымның қаласы» деп аталған кездесуде ардагер шахтерлер, қала іргетасын қалауға қатысқан құрылысшылар өз естеліктерін айтты.
Көмір өнеркәсібінің ардагері Виктор Абраменков кеншілердің қажырлы еңбегін атап өтті.
– Қарағанды көмір бассейні енді ашылған уақытта механизация мүлдем болмаған еді. Кеншілер күн сайын сегіз сағат бойы күрекпен 20 тонна көмір қазды. Бұл – үлкен еңбек. Қазір кеншілердің жұмысы едәуір жеңілдеген, – деді еңбек ардагері.
«АрселорМиттал Теміртау» АҚ Көмір департаменті ардагерлер кеңесінің төрағасы Николай Байзбаев қала тарихына, көмір өндірісіне қатысты қызықты естеліктер айтып, кездесуді жандандырды.
– Қазір Қарағанды кез келген адам осында тұрақтағысы келетін шаһарға айналды. Сендердің болашақтарың зор. Жастар – біздің болашағымыз. Біз іргетасын қалаған Қарағандыны әрі қарай дамыту енді сендердің қолдарыңда, – деді қарт шахтер.
Кездесумен қатар өткен «Алғашқы Қарағанды» көрмесінде қатысушылар қаланың іргетасы енді қаланған шақтағы фотосуреттерді тамашалады. Одан бөлек көмір бассейніне қатысты архивтік құжаттар, алғашқы фотокамералар, көне бұйымдар көрменің көркін кіргізіп, тереңнен тамыр тартқан тарихын айғақтай түсті.
Ақерке БАЙБӘКІР,
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің 4-курс студенті
Оrtalyq.kz