Муза-Ақмарал ұшып кетті аспанға…

Сен аттанып бақиға – бақ ғаламға,

Жер бетінде мұңайып қап барам ба?

Тайбурылдай келуші ем топтан озып,

Қыз-Құртқадай дүбірге баптағанда!

Аманжол ӘЛТАЙ.

Ақмарал десе, Ақмарал екен!

Ақ дидары қандай, шіркін-ай?!

Қазақшасы қандай десеңші!

Анасында да, әкесінде де арман жоқ қой мына арудың!

Апырм-ай, қай елдің қызы екен?!..

Бұл – 1990 жылы Қарағандыда алғаш рет өткен “Арқа аруы мен сал-серісі” дүбіріндегі қалың көрермен жұрттың ыстық, жүрекжарды лебізінің бір парасы ғана.

Соны өз құлағымызбен сол дүрмектің ішінде жүріп, біз де естіген едік. Төбеде – Совет өкіметі. “Қайта құрудан” кейін ес жиып, етек-жеңін жинаған елдің еңсесі енді-енді биіктеп келе жатқан тұс еді. Ұлттық құндылық, елдік болмыс-бітімге деген іңкәр сезім айқұлақтана көзге шалына бастаған. Далада туған қазақ пен қалада туған қазақтың ара жігі қайта табыспастай ажырап бара жатқан-ды… Екеуі – екі ұлыстың баласы сынды. Біріне-бірі – жат. Кереғар. Үш ғасырға созылған бодандықтың зардабы еттен өтіп, сүйекке жеткен. Қалың көрермен елдің Ақмаралға аң-таң қалатындай жөні бар еді. Шаһарда туып, ана тілін аспанға көтерген қазақтың ару қызы қалың қауымды өзіне жалт қаратты! Мұны сол кездің тілімен “Сенсация!” десе, болатын еді. Орыс мәдениетін тұла бойына әбден сіңіріп, орыс тілінде сөйлеп кеткен шахтерлер қаласы Алаштың осынау Айдай Ару Қызына музейдің экспонатын тамашалағандай… таңырқап, тамсана қараған… Атам заманнан қазақтың жері, қазақтың елі атанған Сарыарқада бір кезде… осындай бір оқшау оқиғаның болғанын бүгінде біздің жұрт ұмытып қалды…

Осы сайыста Ақмарал Ахметжанова “Арқа аруы”, айтыстың ақтаңгері болғалы тұрған, талантты ақын, мұрты жаңа ғана тебіндеген бозбала Аманжол Әлтаев “Арқаның сал-серісі” атанып, жүзден жүйрік шығып, бәйгеден алдына қара салмай, озып шықты! Сонда қуанбаған ел жоқ! Халық – қасиетті! Ол қашанда жақсының жанында, бұлбұлдың бағында, дүлдүлдің соңында жүреді. Елдің жақсысы – оның көзінің қарасы ғана емес, өзінің баласы! Оның “Жақсыда жаттық жоқ” дейтіні содан! Өзінің қадір-қасиетіне өзі жетпей, арқасына аруақ қонған ұлын аялап, арда туған аруын арулай алмаған ұлт өркениет өріне бет алған елдердің көш-керуеніне ілесе алмайды! Халық – қашан да қасиетті, ұл-қызымен асқақ!

«Мен Түріктің пәк сұлуын Тәңіріңе

теңер ем,

Бетіндегі бір меңіне

Самарқан мен Бұқараны берер ем!» деген ұлы лебізді парсы шәйірі Хожа Хафиз осы біздің Ақмарал сынды қыздарымызға қарап айтқан десе, мен сенер едім, – Қазақ әйелдеріне қарап айтқан! Жарты дүниенің тізгінін қолына ұстаған Сталиннің алдында қазақтың қаршадай Күләші (Байсейітова) ән салғанда, түркі дүниесін түрпідей көрген сол диктатордың өзі қазақ әнінің ғажайып сиқырына арбалып қалған. Бұл — тарихи факт. Алаш Орданың көсемі Әлихан Бөкейханов жеңе алмаған сол қанішер қызыл патшаның қатал жүзін Күләштің әні бері қаратқан. Елге қаратқан! Дүниеде қорлық пен азапқа көнбейтін Қазақ дейтін ұлы халықтың барын көзіне елестеткен… Ел билеген Айғаным, қол бастаған Бопай сынды тұлға еді ғой, қайран, Күләштар! Эпостағы Гүлбаршын мен Құртқа, Ақжүніс-Назымдар, тарихтағы Домалақ Ене, Қыз Ене, Айша Бибі мен Абақ Аналар көзіңе елестейді. Әйелі текті елдің нәсілі де әулетті болады. Жеті атаға жетпей қыз алыспаған, жақсы-жайсаңмен бесік құда болған қазақ ұлы ел болды! «Алып – Анадан туады» дегенді қазақ айтқан. «Жұмақ – Анаңның аяғының астында». «Ел боламын десең – бесігіңді түзе» – осындай ордалы ойы бар ел ғажайып Қазақстанды құруы керек еді. Жерінің асты да алтын, үсті де алтын. Беліне бес Франция сиып кететіндей ұлан-ғайыр аймақтың иесі! Әл Фарабидей ғұлама, Мағжандай ақын, Бауыржан-Тоқтардай батыр, Абайдай Һәкім, Күләш-Розадай бұлбұл туатын өнегелі ел, өрісті жұрт!

Кейін осы екі жақсы Аманжол мен Ақмарал отау құрғанда да Арқа жұрты арқа-жарқа болған еді. Алашта Ақмаралдың қолынан дәм татпаған жақсы-жайсаң жоқ десе болады. Ол Аманжол ақынның Музасы болды! Ақынға Муза болу – көшедегі көрінгеннің маңдайына жазылмаған. Оның өлеңіне түйсініп, түсініп, тұщынған, соны қызғыш құстай қорғаштаған әйелдің ғана Муза атануға моральдық хақы бар!

Аманжол айтыстың небір дүбірлерінде алдына жан салмай, Алашының ілтипат-құрметіне бөленсе, соның түп-төркіні – Ақмарал Арудың адами-ару болмыс-бітімінде жасырынып жатқан-ды; арғы ата-бабасы – Арғын – Бес Мейрамның Сүйіндігі! Алашта көш бастаған көсем, сөз бастаған шешен шыққан тұқымның бірі һәм бірегейі! Оның орыс ортасында жүрсе де, ата-баба аманатынан ауытқымай, Алаш мұратына адал болғаны – содан!

Ата-бабасының шежіресіне көз қыдырта бір шолсаңыз, алдыңыздан Арғанатының ат төбеліндей Арғындары шыға келеді. Сол елде Тоқпанның Кенжеболаты деген Алашқа аты мәшһүр би болған. 1916 жылы соғыстағы қара жұмысқа қазақты жегіп жатқанда осы Тоқпанның Кенжеболаты: “Патшаның солдатқа да, қара жұмысқа да қазақ алмаймын деген уәдесі бар еді. Ханның екі айтқаны өлгені емес пе?! Қара жұмысқа кісі бермейміз! Соны патшаңа айта бар!” деген. Сонда патшаның жазалаушы отряды бидің ауылын қан-жоса ғып, қырып кетеді!

Ақмаралдың нағашы жұрты да саф алтынның сынығы – Қанжығалы Бөгенбайдан тараған тұқым. Ақмаралды бір кісідей мен де жақсы білуші едім, оның бауыры Аспандияр менің қызым Фаризамен музыка мектебінде бірге оқыды. Бұл – бір Арқадағы тәлімді, тәрбиелі, басына Құдайдан құт қонған ошақ-ты. Ақмарал да тұла бойынан Тәңіріден тек қазақ қызына ғана бұйырған әдебі мен иманы, тұла бойынан бір ғажайып нәзіктік пен шапағат сезімі төгілген аяулы жан-ды. Төрт ұлдың ортасындағы жалғыз қыз! Төрт таудың арасындағы жалғыз көлдей тереңнен тартып, ерекше бір парасатпен, қазақ пен орыстың руханиятынан тел еміп, ханның қызындай боп өсіп еді!

Адамның тұқымы – ағаштың тамырымен барабар; өзі зәру, ділгір дүниенің бәрін жер қойнынан сол тамырымен суырып алады. Адам да топырақтан жаралған. Содан ғана нәр алады. Топырақта өскен өрен мен асфальтта өскен пенденің бір-біріне ұқсай бермейтіні содан болуы керек. Тұқым – топырақта һәм ата-баба қанында. АҚШ сенаторы Эдвард Кеннеди 67 жасқа қараған шағында фәниден бақиға озды. Америка аристократиясының азулы өкілі! Осы елдің ары мен ұяты, ожданындай болған текті әулеттің сүт кенжесі еді ол. Оны американдықтар Ұлттық Арленгитон қабіріне, ағаларының қасына аза тұтып жерледі. Кеннедилер – жан-тәніне Құдайдан қасиет дарыған тұқым. Әкесі – көрнекті демократ, АҚШ-тың Ұлыбританияда елшісі болған адам. Ағасы Джон Кеннеди – АҚШ президенті – 1963 жылы, тағы бір ағасы – сенатор Роберт Кеннеди – 1968 жылы кісі қолынан қаза тапқан. Кеннедилер АҚШ демократтарының ордалы ойлы өкілдерінің қатарын түзейді. Көзіқарақты жұрт Эдвард Кеннедиді либерализмнің соңғы арыстаны деп атаған. Массачусетс штатынан сайланған сенатор Э.Кеннедидің есімі АҚШ-тағы кедейлер мен кембағалдардың қызғыш құсы ретінде жұртқа кеңінен мәшһүр болған. Ол АҚШ-тың Жоғарғы заң шығарушы палатасында 47 жылға жуық тер төкті. Кеннедилер әулеті АҚШ-тағы ең бекзат тұқым, американ аристократиясының қаймағы десе болады. Олар – Америка демократиясы, Америка ар-намысы, Америка ұлты үшін бүкіл ғұмырын сарп етіп келеді. АҚШ-тың бүгінгі президенті Барак Обаманы шаршы топқа шығарып, аламан бәйгенің алдына алып шыққандардың бірі – осы Э.Кеннеди деседі ел.

АҚШ-тың байлары біздікіндей емес, капиталды ел қазынасына суық қолын салып тартып алмаған. Маңдай терімен тапқан. АҚШ шенеуіктері де біздікіне, мүлде, ұқсамайды. Ел байлығына көзін телміртсе, екі аяғы көктен келетінін жақсы біледі. АҚШ-ты көрінген билемейді – Заң билейді! Заң алдында бай да, бағылан да, кедей-кепшік те – бірдей. Осындай озық қоғамдық жүйені құруға Кеннедилер секілді бекзадалар әулеті айтарлықтай үлес қосқан.

Кеннедилердің көзінше кеудесіне нан піскен байшікеш кедей-кепшіктің ырзығын тартып ала алмайды! Кеннедилердің көзінше шектен шыққан басбұзар АҚШ азаматының абыройын айрандай төге алмайды! Кеннедилердің көзінше қолына мемлекет тізгіннің ұстаған ірілі-ұсақ шенеунік АҚШ азаматтарын алдына салып айдап, айтқанына жүргізе алмайды! Оған басқа көнсе де, Кеннедилер әулеті, мүлде, көнбейді!

Мұндай бекзадасы көп елдің берекесі де мол болмақ. Американың адамзаттың алдына түсіп, толықсып отырғаны содан.

Қазақ үшін бұл таңсық емес еді. Алты Алашты аузына қаратқан тұлғалар бізде де көп еді. Ұлы жүзде – Төле би, Кіші жүзде – Әйтеке, Орта жүзде – Қаздауысты Қазыбек биіміз болған. Үш жүзді түгел түгендемей-ақ, осы Сарыарқадағы ел-жұрттың бітіміне көз салыңыз: Қарашорда – Сеңкібай, Әлтекеде – Жидебай, Сарымда — Шабанбай, Тобықтыда – Құнанбай бар еді.

Қазір олардың орны үңірейіп тұр…

Майқы би айтқандай: «Тұлпардан – тұғыр, сұңқардан – жапалақ, жалқаудан – масыл туған, масылдан – малбақпас, тілазардан – қылжақпас, сараңнан – бермес, соқырдан – көрмес, мылжыңнан – езбе, қыдырмадан – кезбе туған» заман болып тұр.

«Ел болса, ер туғызбай қоя алмайды» деген қазақ. Әлі біздің де өз Кеннедилеріміз болады! Ақмаралдай аруларымыз, Аманжолдай ұлдарымыз барда! Қу қарақан басын, жиған малын, жинаған алтынын емес – Алаш елін, қазақтың ұяты мен қуатын ойлайтын бекзада ұрпақ дүниеге келеді әлі! Сол кезде бізбен бәсекелес 30 ел қазақпен қанжығаласып көрсін…

Аманжолдың да туған топырағы өз алдына бір аңыз! Сарыарқаның Жаңаарқасы – Алаш Арудың мойнындағы алтын алқасы сынды. Сарыарқаға жаңа заманның көші келіп тоқтағанда, оның атауы Асан Қайғы екен. Оны Жаңаарқа деп атаған Сәкен Сейфуллин көкеміз көрінеді. Жаңаарқа, шын мәнінде, Сарыарқаның Жаңаарқасы болды. Сексен бес асудан алшаңдап өтіп, арқасына аруақ дарып, абырой қонған асқақ елге айналды! Сәкеннің Алашта бөлек сәнімен, Игілік Омаров, Қайрат Байбосыновтардың әнімен, Ісләм Жарылғаповтың тілі, Ғалым Жайлыбайдың алдаспандай жыры, Қойлыбай Асанның саңқылдаған үні, Алланың нұрымен Атырау-Арқа-Алатау-Алтайды дүр сілкінтіп, өзегінен өрге өрелі ұрпақ өргізді! Оның қасиетті топырағынан қаншама ару қыз, алтын айдарлы ұл туды! Жаңаарқа – Сарыарқаның шағын макеті, Алаш Ананың Автопортреті! Сарыарқаның кім екенін көргісі келген кісі, әуелі, осы Жаңаарқаға келіп ат басын тіресін; жаңа ғасырмен жаңарған Сарыарқа – осы Жаңаарқада! Сарыарқаның тұнығында жүзгің келсе, осы Жаңаарқаның сәніне бөленіп, әніне кенелуің керек! Жаңаарқаның беліне шықпай, Сарыарқаның өріне қанат қағу мүмкін емес-ті.

…Муза-Ақмарал ұшып кетті аспанға… Биыл Ақмарал мен сүйікті қызы Ханзаданың автомобиль апатынан опат болғанына тоғыз жылдың жүзі болыпты… “Сен аттанып бақиға-бақ ғаламға, Жер бетінде мұңайып қап барам ба? Тайбурылдай келуші ем топтан озып, Қыз-Құртқадай дүбірге баптағанда!” – деп, Ақын жарын әлі жоқтап келеді… Бүгінде ол Ақмарал Музасына адал болып, ұлы мен қыздарын алақанына салып, аялап өсіріп отыр. Алтынай – Астанадағы медициналық академияның студенті. Таяуда ғана Шахзадасын үкілеп, аталы жұрт, алтын ұясына ұзатып салды. Ақжолтайдың да атқа мінуіне аз-ақ қалды…

Тарихта жүздеген Музасы бар ақындар болған… Аманжолдың Музасы – біреу-ақ – Айдай сұлу Ақмарал! Оның елден ерек ерекшелігі мен кісілігі осыдан-ақ көрініп тұр! Алаштың талантты ақыны Серік Тұрғынбекұлы осы отаудың екінің бірі, егіздің сыңарына ұқсамайтын адами кескін-келбетіне тәнті болып, тебіреніп, “Аманжол мен Ақмарал” атты поэма жазды. Босқа жазған жоқ, әрине…

Көзден кетсе де, көңілден кетпейтін аяулы қызымыздың алды – пейіш, арты – кеніш болғай!

Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.