Монооперадағы мәңгілік мұра
Қазақстанның Халық әртісі, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Д.Верди атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты, «Құрмет» және III дәрежелі «Барыс» ордендерінің кавалері, профессор Шахимардан Әбілов Қарағанды төрінде өнер көрсетті. Ол хакім Абайдың даналығын опера үнімен жеткізді. Опера саңлағы «Шалқыма» коцерт залында Арқа жұртына «Толық адам. Ой толғау. Хакім Абай» атты монооперасын қойды.
Сахнада Абай Құнанбайұлының өлеңдеріне жазылған ариялар мен романстар орындалды. «Толық адам. Ой толғау. Хакім Абай» монооперасында «Қараңғы түнде тау қалғып», «Қарашада өмір тұр», «Қор болды жаным» және «Сегіз аяқ» шырқалды. «Ата-анаға көз қуаныш», «Бойы бұлғаң», «Біреуден біреу артылса», «Көзімнің қарасы» туындылары да опера жанрында жаңғырды. «Астана Опера» хор студиясының жас әртістері «Айттым сәлем, Қаламқас», «Желсіз түнде жарық ай» атты өнер туындыларын тыңдарманға бұрынғыдан өзгеше форматта ұсынды.
Шахимардан Әбілов – шығармашылық мансабының басым бөлігін хакім Абайдың мұраларын дәріптеуге бағыштаған өнер қайраткері. Абай өлеңдеріне камералық-вокалдық шығармаларды орындау шығармашылығының шыңы болды. Опера дүлдүлі «Толық адам. Ой толғау. Хакім Абай» монооперасын айту үшін ұзақ жылдар бойы ізденіс жасағанын айтады. Идея 1995 жылы келген. Бұл жылы Абай Құнанбайұлының 150 жылдығы ЮНЕСКО деңгейінде аталып өткен. Шахимардан Әбілов Лондондағы Абай үйінің ашылуына қатысып, әйгілі Бибігүл Төлегенова және Ермек Серкебаевпен, дарынды скрипкашы Марат Бейсенғалиевпен бірге өнер көрсеткен.
Даңқы шартарапқа тараған моноопераны тамашалауға келген көрерменнің қарасы қалың болды.
Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz