Жаңалықтар

Моноқаланың монотірлігі немесе шағын шаһарға шырай қашан кіреді?

Моноқалалар монотірлік кешкелі қашан? Жұрты жапа-тармағай көшкенде жұртта қалған үңірейген үйлерден тоқсаныншы жылдардың «салқыны» әлі де еседі. Ол сыз бұл қалашықтарда әлі де бар. Жүдеу кескін, жадау тірліктен еңсесі езілген моноқалалардың содан бергі еншісі кіреуке мұң дегенді және сездіргісі келеді. Обалы нешік, осыдан он шақты жыл бұрын елдегі моноқалаларды дамыту туралы Үкімет арнайы бағдарлама қабылдады. Бірсыпыра жұмыстар атқарылды. Оны жоққа шығаруға келмес. Алайда, ол да моноқалалардың аузын аққа толық жарыта алмады. Арса-арсасы шыққан ауылды айтпай-ақ қоялық. Шынтуайтында, өлместің күнін көріп, жұпыны тұрмыс кешкен моноқалалардың монологын Үкіметтің ынта-шынтасымен тыңдайтын күні – бүгін. Өйткені, Мемлекет басшысы ҚасымЖомарт ТОҚАЕВ моноқалалардың одан әрі жандандыруға арнайы тоқталды Жолдауда. Яғни, Үкіметтің моноқала жөнінде үн қататын күні алда…

«Қазір өндірістік өнеркәсіптің 40 пайызы 27 моноқаланың еншісінде. Онда 1,4 миллион азаматымыз тұрады. Моноқалалардағы тыныс-тіршілікті одан әрі жандандыруға қатысты жан-жақты ойластырылған шешімдер қажет. Бұл мәселені біз жуық арада бөлек кеңесте талқылайтын боламыз», – деді Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында.

Баршаға аян, бұған дейінгі «Моноқалаларды дамытудың 2012-2020 жылғы бағдарламасы» да Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2012 жылғы Жолдауынан соң әзірленген. Ондағы мақсат – экономикалық әлеуеті төмен моноқалаларда бір немесе бірнеше «зәкірлі» инвестициялық жобаларды іске асыру. Соның нәтижесінде өнеркәсіптік өндіріс көлемін кемінде 20%-ға арттыру, әрі моноқалаларда белсенді жұмыс істеп тұрған шағын кәсіпорындарды 2 есе ұлғайту еді. Осы арқылы моноқалалардағы кірісі күнкөріс минимумынан төмен халық санын – 6%-дан, жұмыссыздық деңгейін – 5,5%-дан асырмауды көздеген еді. Арада 9 жылдан соң моноқалалардың тағдыры қайта талқыға түсіп отыр. Соған қарағанда, бағдарлама діттегеніне толық жете алмады. Оның үстіне Ұлттық экономика министрлігінің вице-министрі Әлішер Әбдіқадіровтің «Қазақпараттағы» сұхбаты бұл күдігімізді қалыңдата түсті.

«Моноқалалардың негізгі проблемасы, біріншіден, қолайсыз әлеуметтік-демографиялық тенденциялар. Әлеуметтік және демографиялық мәселелер осы қалалардың басым көпшілігінде халық санының жеткіліксіз үлес салмағында болып отыр. Одан әрі кен орындарындағы қордың сарқылуы, соған байланысты өнеркәсіп өнімінің төмендеуі секілді жайттардың кері әсері бар. Сонымен қатар, моноқалалардың айтарлықтай проблемасының бірі – инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылым жағдайының нашарлығы. Су құбырлары, кәріз желілері, жылу және электр жүйесі әжептәуір қаржылық салымды қажет етеді. Айталық, кейбір жекелеген моноқалаларда су және кәріз жүйесінің тозуы 2018 жылы 74-87 пайызды көрсетті. Сондай-ақ, төмен әлеуетті моноқалалар қатарының артуына өзге қалалармен салыстырғанда бірқатар факторлардың да ықпалы күшті. Атап айтқанда, суы, кәрізі, орталық жылуы және газы бар тұрғын үй қорының үлесі аздығы. Дәлірек айтқанда, ол – 62 пайыз шамасында. Орталық жылу жүйесіне – 36 пайыз ғана қосылған. Өнеркәсіп өнімінің құлдырауы жыл сайын 12 пайыз көлемінде. Тұрғындар санының жыл сайын 3 пайызға азаюы. Миграцияның кері сальдосы мен егде жастағы адамдар санының артуы секілді факторлар бар», – депті вице-министр.

Демек, моноқалалардың тоғыз жыл бұрынғы проблемасы толық шешілген жоқ. Оған дәлел іздеу де қажет те емес. Қарағандының іргесіндегі қанаттас қалаларды қараңыз. Қанаты қайырылғалы қайта қалпына келмеді. Әрине, қайсыбірінде инфрақұрылымдық жобалар қолға алынды. Бірақ, онымен моноқаланың көсегесі көгере қоймады. Деректерге сүйенсек, Қазақстандағы моноқалалардың тізбесін негізінен халық саны 100 мыңнан асатын 4 қаланы (Теміртау, Рудный, Жаңаөзен, Екібастұз) қоспағанда халық саны 50 мың адамға дейін шағын қалалар құрайды екен. Соның ішінде, Қарағанды облысында 9 шағын қала бар. Абай, Саран, Шахтинск қалалары көмір өндірісі өнеркәсібі басым дамыған моноқала тізімінде екен. Металлургия өндірісінде тасы өрге домалағандар қатарында Жезқазған, Сәтбаев, Теміртау бар. Қала құраушы кәсіпорындар жұмыс істейтін моноқалалар ретінде Үкіметтің тізбесіндегілер – Абай, Балқаш, Жезқазған, Қаражал, Сәтбаев, Теміртау, Шахтинск. Ал, қала құраушы кәсіпорындар ішінара жұмыс істейтін моноқала – Саран көрінеді. Осы күні осылардың аузымен құс тістеп жүргені аз. Теміртау, Жезқазған, Сәтбаев секілді шағын қалаларда шырай бар шығар. Өзгелерінің сүзектен тұрғандай бозарған түріне қан жүгіре қоймады. «Зәкірлік» жобалар, әртараптандыру – ауыз толтырып айтар нәтиже бермеді. Олай болса, моноқалалардың тағдыры таразыға тартыларда тоғыз жылда жіберген қателіктер қаперге алынуы тиіс. Енді ол қателіктерді түзеуге емес, оны қайталамауға ден қойған абзал-ды. Он жылдан соң тағы жырламас үшін…

Қызғалдақ АЙТЖАН.

Басқа материалдар

Back to top button