Жаңалықтар

Өмір мұғалімі

Туретта синдромына (ми қызметіндегі нейрондардың жұмысы бұзылғаннан пайда болатын ауру) шалдыққан, екі жоғары оқу орнын бітірген Наина оқушы кезінде 12 мектептен шығарылған екен. Дегенмен мұғалім болсам деген мақсатынан айнымаған қыз бес жыл бойы табанынан тозып көп мектепті аралайды. Кезекті мектептегі жұмысқа қабылдайтын комиссия мүшелерінің бірі Наинаның «ықылығына» қарап «Бұл аурумен мұғалімдік жұмыс табу қиын, басқа салаға бет бұрсаңыз қайтеді?..» деп кеңес береді. Ал, Наина комиссия мүшелеріне күлімсірей қарап «Егер мен мектеп директоры мен қамқоршыларға бірдеңе түсіндіре алсам, оқушыларға да сабақ бере аламын», – деп жауап береді.

 

2018 жылы түсірілген үнді фильмі осылай басталады. Алғашында ықылықтап тұрғандай дыбыс шығаратын қыздың мұнысын көрермен де жатырқайтыны рас. «Мен болсам, басқа жұмыс іздер едім» деген ой әр көрерменнің басына келер еді десек қателесе қоймаспыз.

Сиддхартх Малхотраның «Ықылық» атты фильмі мектеп мұғалімі туралы болғанымен, көрермен үшін бір сәт өмір мұғалімі бола алады. Қоғамдағы әлеуметтік алшақтықты сөз өте отырып, рухани алшақтықтың сырын ашады.
Элиталық мектепте бір сыныпта оқитын кедей ауданның балалары өздерін мектепте бөтен сезінетін. Жағдайы жақсы отбасылардың балалары оқитын мектептің оқушылары түгілі мұғалімдері үшін де 9 «Б» сыныбы көзге шыққан сүйелдей сүйкімсіз. Тіпті, балалардың өзі де осы «сүйкімсіз» образға үйренгені сонша жақсылыққа талпынуды білмейтін үмітсіз еді. Үміті сөнген адамның үмітін ояту қандай қиын десеңізші?! Жас маманды қанша мазақ етсе де қайсар қыз мойымады. Сырқатын өзге түгілі туған әкесі қабылдамаған Наина оқушылар қабылдайды деп күтпеді де, ал «ықылық» атқан жас қызды жұмыстан кетіруді мақсат еткен балалар неше түрлі айла-тәсілге барды. Сонда да Наина оларды жақсы көруден танбады… Және фильм соңында оның осы қамқорлығын бағалаған әкесі қызына «Мен сені мақтан етемін» деді. Фильмнің бұл сәті адам арасындағы әлеуметтік алшақтықтың рухани алшақтықтан әлдеқайда жеңіл болатынын көрсеткендей…
Оқушыға білім беру мен тәрбие берудің ара салмағын салмақтауға үндейтін бұл фильмнің о бастағы атауы «Икота» екен. Өзге тілге аударылғанда «Я препод» болып таралыпты.

Фильм Брэд Коуэн есімді мұғалім туралы болған оқиғаны баяндайтын кітап желісімен түсірілген. 2 млн. АҚШ долларын жұмсаған фильм әлем бойынша 25 629 954 АҚШ доллар пайда түсірген. Осыдан кейін киноны бизнес емес, идеологиялық қару емес деп айта аламыз ба?.. Күнделікті өмірде жиі айтылатын «Нашар оқушы болмайды, нашар оқытушы болады» деген сөзге күмәндансаңыз осы фильмнен кейін оған аз да болса иланасыз. Әрине, мұғалімнің барлығы Наинадай болса…

Назым ДҮТБАЙ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button