Бас тақырыпМәселе

Өмір біреу болғанмен, тағдыр түрлі

Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне қарасты «Өмірлік қиын жағдайдағы тұлғаларды қайтадан әлеуметтендіру орталығы» аймақтағы белгілі тұрағы, мекенжайы жоқ қаңғыбастарға арналған жалғыз орталық. Мұндай орталық Теміртау қаласында да бар. Аудан, қала, елді мекендердегі үйсіз-күйсіздердің басым бөлігі осы жерден пана табады.

Жан сақтайтын орын

Екі қабатты ғимараттың тұрмыс-тіршілігі қоңырқай. Құрқылтайдың ұясындай ғимарат тағдырдың тәлкегіне түскен жандардың тұрағы.

Жалпы, кезбелердің барлығы үй-күйсіз емес. Көпшілігі тұрмыс тауқыметін көтере алмай, қоғамға деген өкпесі мен ашу-ызасын арақтан алып, күні бойы ішіп, түнде үйіне оралатындар. Олардың арасында отбасымен маскүнемдікке салынып кеткендер немесе әйелі қайтыс болып, балалары тастап кеткендер де болуы мүмкін. Әйтеуір, түнейтін баспанасы бар. Олар көбіне қоқыстарды жағалап, өздері керек қалдықтар жинайды. Қағаз, қалбырларды жиып тапсырып, арақ алып үйіне бөтелкелестерін «қонаққа» ертіп апарып, думандатады. Мұндай адамдарды орталыққа әкелмейді.

Орталыққа түсетіндер – үйкүйі, құжаты жоқ, яғни барар жері, басар тауы жоқтар. Психологтардың айтуынша, көшедегі орын алатын бұзақылықтардың көбі арақтың кесірінен. Оның ішінде көше қаңғыбастарының да үлесі басым. Қаңғып жүріп арақ ішетін қоғамға өкпелі жандар өзінен басқа ештеңені көрмейді. Айналасындағы жанды және жансыз заттардың барлығын ата жауы санайды. Содан барып, бұзақылықтар орын алады. Мәселен, вандализмде осылардың қолтаңбасы жатады.

– Мұнда тағдыры қилы жандар әртүрлі жолмен келеді. Әрі шындарын айтпайды. Оларды тергеп-тексеру біздің құзыретімізде емес. Біздің міндет – алып келген қаңғыбастарды қабылдап алу. Орталыққа келетіндердің басым бөлігінің құжаты болмайды. Оларды жеке басын анықтау үшін көп жұмыс жасаймыз. Орталық 50 адамға арналған. Қыс мезгілінде 60 адамға дейін түседі. Әсіресе, күз, қыс айларында дірдектеп келіп тұрғандарды қалай қабылдамайсың? Қабылдау жүргізу де оңай емес. Бет-аузы домбыққан, үсті-басы кір-қожалақ, шаш-тырнағы өсіп кеткен, лас адамдарға қызмет көрсетуде орталық қызметкерлері көп еңбек сіңіреді. Оларды жуындырып-шайындыру, тырнақ-шаштарын алу, таза киімдер беру, алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету орталық қызметкерлерінің мойнындағы жұмыс, – дейді «Өмірлік қиын жағдайдағы тұлғаларды қайтадан әлеуметтендіру орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі басшысы Қалқаш Батырбеков.

Бүгінде мекемеде 29 қызметкер бар. Психолог, дәрігер, мейірбике, диспетчер, күзетші және тағы да басқа әлеуметтік қызметкерлер. Мемлекет тарапынан бұлар тек тегін жатын орынмен ғана емес, тегін іш киім, шұлық және төрт мезгіл тамақпен қамтамасыз етілген. Ал сырт киімді демеушілер алып береді. Орталыққа түскендердің көбінің киімі тозған. Мұнда келген жандар орталықта тек бір ай ғана болуы керек. Алайда, алты ай немесе жылдап жататындар мен қайта айналып келетіндер де баршылық. Ұзақ жатудың себебі, құжаттарының дер уақытында дайын болмауы. Қайта айналып келетін үйсіз-күйсіз жандар «Халявка» атап кеткен орталық олар үшін жан сақтайтын орын.

– Орталыққа түскендердің басым бөлігінің құжаты жоқ. Туғаннан құжат алмағандар немесе жоғалтып алғандар. Олардың жеке басы туралы ақпарат анықтауда қиындық көп. Бұлардың бір айласы нақты қай жерде қашан туғанын айтпайды. Немесе жалған ақпарат береді. Содан барып анықтау жұмыстары ұзаққа созылады. Олар айтқан мекенжай бойынша сұраныс салғанда таба алмай жатамыз. Сайып келгенде кейбіреулері басқа мемлекеттен болса, кейбіреулері өз аудандарымыздың тұрғыны болып шығады. Бұл жерде Украина азаматтары көп. Ондағы жағдайға байланысты құжат жасату қиынға соғып тұр, – дейді орталық басшысы.

Көшедегі қаңғыбастарды жинау үшін орталықта арнайы мобильдік топ жұмыс жасайды. Арнайы мезгілде әсіресе күн суытқан кездерде аптасына үш реттен шығады. Учаскелік инспектормен бірге медицина қызметкерлері де барады. Кезкелген қарапайым адамдардан қоңыраулар түсіп жатады. Мас болған жағдайда уақытша айықтырғышта болады. Содан кейін орталыққа түседі. Орталықтағы медицина қызметкерлері келген адамды жан-жақты тексеріп, алғашқы медициналық көмек көрсетеді. Оларды медициналық орталыққа апарып қарату да мекеме қызметкерлерінің еншісінде. Егер ол мүгедек болса мүгедектер үйіне, жақын-жуығы болмаса қарттар үйіне, қандай да бір ауытқуы болса, психоневрологиялық орталыққа жіберіледі. Ал оған дейін олардың қажетті құжаттарын дайындау, сол арқылы жәрдемақы тағайындату жұмыстарына орталық қызметкерлері жауапты

Үй-күйсіз болса да, елдің азаматы

Мекеменің күнделікті тірлігі күрделі. Шым-шытырық оқиғаға толы. Мұндағылардың адам қайғысына түсіністікпен қарау, қандай адам болсын көмек қолын созу, оларға мейіріммен, кешіріммен қарауға еттері үйренген сыңайлы. Орталық психологі Дана Көшербаева:

– Олармен тұрақты жұмыс жүргіземіз. Өздерінің ойларын білеміз. Шынайы ашылуына көмек көрсетеміз. Әңгімелесу барысында көбінің тұрмыс тауқыметін көтере алмағандықтан осындай жағдайға түскенін естиміз. Олардың арасында қаңғыбастық өмір салтынан арылып, дұрыс жолға түскісі келетіндер де бар. Өзгергісі келмейтіндер де бар. Біз оларды қоғамға қайта бейімдегіміз келеді. Оларға оқуға кітаптар ұсынамыз. Өзара әңгімелесуге мүмкіндік туғызамыз, – дейді.

Орталықтағы тұрғындармен кездесу барысында бір байқағаным, олар ешкімге ашыла кетпейді. Бейқам, бейтарап. Ашық әңгімелесуге де құлқы жоқ. Бетке тік қарамайды. Жүздері сынық. Салы суға кеткен. Құдды бір тұманда адасып, абдырап жүргендей. Қолаң шашты, қара торы келіншекпен үздік-үздік сөйлесудің сәті түсті. Салған бетте:

– Мен үйіме қайтамын. Құжатымды күтіп отырмын. Екі ұлым бар. Біреуі Астанада тұрады. Екіншісі үйде, мені күтіп отыр. Мұндай жағдай енді қайталанбайды, – деді. Құжаты қолына тисе, алды-артына қарайламайтын секілді. Мұндағы әйел адамдардың қысылып, қымтырылғаны байқалды. Қайдан келгенімді айтып едім, жүздерін теріс бұрды.

Ер адамдардың да қарасы қалың. Таяққа сүйенгендері де, аурулары да бар екен. Орталық басшысы «Қандай өтініш-тілектеріңіз бар» деп еді. Жауап бермеді. Үн-түнсіз күйі теледидар тамашалап отыра берді. «Үлкен кісілер көп екен» деп едім, басшы «Бұлар орта жастағы адамдар. Әрі кетсе, 40 пен 50-дің арасындағы азаматтар» деді. Құр сүлдері қалған, азып-тозып кеткен. Сүлесоқ түрлері өмірден баз кешкендей.

Аяғы жоқ, жүре алмайтын арбаға таңылғандар да баршылық. Кіріп барғанда елпеңдеп қалды. Жапа-тармағай қал жағдайларын айтып жатты. Ұйықтап жатқанын да түртіп оятып алды.

– Біз үшін орталықтағы әрбір адам маңызды. Тығырықтан шығу үшін олардың физикалық, рухани, тұлғалық әлеуетін көтеруде, өзіне деген сенімін нығайтуда бар күшімізді саламыз. Олардың кез келген дерегін анықтап, тума-туыстарынан хабар біліп, табысуына себепкер боламыз, – дейді орталық басшысы Қалқаш Нақысбайұлы.

«Адасқанның айыбы жоқ…» дегендей, орталыққа келіп түскендер өз отбасымен қауышып жатады. Жиі емес бірақ. Бірнеше ай бұрын жоғалып кетіп, белгісіз себептермен базар маңында қайыр тілеп жүрген азаматша мейірімді жанның көмегімен балаларымен қауышты. Бір азаматтың қызы әкесін тапты. Келесі бір азаматшаның қызы шешесін ақылы орталыққа өз қолымен тапсырды. Себебі – сан түрлі, салдары – қадірінің жоқтығы. «Орталыққа келген әр адамның өмірге деген құлшынысын оятып, аяғын нық басып кетуіне себепші болсақ, сергелдең қалпынан серпіліп, жаңа өмірге қадам басуына сеп болсақ болды» дейді, орталық қызметкерлері. Иә, адамшылық тұрғыда өз парызын орындап жүрген қызметкерлердің еңбекақылары көңіл көншітпейді.

«БОМЖ» да еліміздің азаматы. Олардың да конституциялық құқықтары бар. Қандай өмір жолын таңдаса да өз еркі. Алайда, дәл осы жолды емес. Оларға көмек көрсету, қалыпты ортаға бейімдеу мемлекет пен қоғамның алдындағы қарызы ма, парызы ма? Десек те, адамның тағдыры өз қолында. «Жақсы болмақ мың күнде, жаман болмақ бір күнде» демекші, адам деген ардақты атқа лайықты өмір сүргенге не жетсін?! Ол үшін әр адамның санасы мен ерік-жігері мықты болуы керек. Ал адамның санасын, жалпы қоғамдық сананы өзгерту оңай емес-ау.

Сағыныш ӘБІЛ.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button