Руханият

Өмір бейнеленген өнер

Қарағандыда Қазақстан киносының күндері өтті. Экран жұлдызына айналған белгілі актерлер мен режиссерлер қадірменді мейман болып, көрерменмен сұхбаттасты. Сонымен қатар, «Дос-Мұқасан», «Паралимпиец» фильмдерімен бірге «Хирург», «Операция Набат», «Жамбыл. Жаңа дәуір» кинолары көрсетілді.

Суреттерді түсірген Александр МАРЧЕНКО

Құрметті меймандар әуелі облыстық «Saryarqa» телеарнасының «Сәлем, Қарағанды!» атты таңғы бағдарламасына қатысып, өңір халқына шығармашылықтары турасында айтты. Содан кейін, «Жаңа Майқұдық» мәдениет үйіндегі «Хирург» фильмінің көрсетіліміне көрермендермен бірге қатысты.

«Сарыжайлау» кинотеатры болса, қонақтарды қызыл кілем жайып қарсы алды. Жиын залында өңір журналистерімен сұхбат ұйымдастырылды. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстанның Халық әртісі, С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ музыкалық драма театрының актері Досжан Жанботаев, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның Халық әртісі, Сәкен Сейфуллин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрының актері Кеңес Жұмабеков, «Паралимпиец» фильмінің режиссері Алдияр Байракимов, «Паралимпиец» фильмінің актері Жалғас Жанғазин, «Хирург» фильмнің актері Шынғыс Қапин сауалдарға жауап берді. Меймандардың қатарында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, облысымыздың Құрметті азаматы Рымбала Омарбекова да бар. Рымбала Омарбекова Қарағандыдағы Қазақстан киносы күндерін алғаш болып ұйымдастырғанын атап өткен жөн. Содан бері үрдіс үзілген жоқ.

– Қазақстан киносы күндерінің басталуымен шын жүректен құттықтаймын! Кино сүйер жұрт үшін мұндай қуанышты сәттер күнде бола бермейді. Кино – түсінген адам үшін күрделі һәм бағалы өнер. Кино арқылы тарихты, адамның жан дүниесін, болашақты жеткізуге болады. Кино арқылы ұрпақ тәрбиелейміз. Сол себепті де мағыналы киноның көрсетілімінен қалмаған дұрыс. Баршаңызға сәттілік тілеймін! – деді Рымбала Омарбекова.

Сауалдардың басым бөлігі «Жамбыл. Жаңа дәуір» фильміне қатысты болды. Жамбыл Жабаевтың образын Қазақстанның Халық әртісі Досжан Жанботаев сомдады. Ол тарихи тұлғаны сомдау оңайға соқпағанын айтты.

– Жамбыл Жабаев туралы ел арасында түрлі әңгіме бар. Тарихи деректер де аз емес. Образын сомдаймын деп белді бекем буғаннан кейін бейнетті ізденіске түстім. Кітаптар мен деректерді оқу бір басқа, жаныңның назарын сол образға бұру – қиынның қиыны. Бір кезеңде қазақтың мәдениеті жұтап қалған. Яғни, ел ішіндегі өнерпазы сахнаға шыға алмай, «Қазақта мәдениет болмаған» деген әңгімелер отарлаушы жұрттың тарапынан айтыла бстаған. Бірақ, Жамбыл Жабаевты Алаш қайраткерлері Мәскеу сахнасына апарғанда, көздері Батыс мәдениетінен басқа ештеңені көрмеген жұрт таң қалған. Жамбыл Жабаев – қазақ жырына, мәдениетіне тау­дай үлес қосқан тұлға, – деді Дос­жан Жанботаев.

«Паралимпиец» туындысының режиссері Алдияр Байракимов бүгінгі таңда спортқа бет бұрып, ел абыройын жаһандық ареналарда асқақтатып жүрген мүмкіндігі шектеулі жандар лайықты бағасын алмай жүргенін айтты.

– Мұндай тақырыптағы фильм Қазақстанда бұрын-соңды түсірілмеген. Менің кейіпкерім өмірден өз орнын таба алмай жүрген талай адамға жігер береді деп сенемін. Дені сау бола тұра, ешқандай мақсатқа ұмтылмайтын адамдар бар. Міне, соларға үн қатқым келеді. Бұл туындымның өз көрермені бар деп сенемін, – деді Алдияр Байракимов.

Сұхбат алаңындағы аз-кем әңгімеден кейін кино залына барды. Кинотеатр директоры Саят Әбдіғали меймандарға гүл шоқтары мен бағалы сыйлықтарды табыстап, құрмет көрсетті.

«Жамбыл. Жаңа дәуір» фильмін тамашалауға студенттен бастап, еңкейген қарияға дейін келді. Залда ине шаншар орын болған жоқ.

Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button