Балқаштағы «Металлург» стадионына жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Футбол алаңының көгалы жаңартылып, трибуналар да ауыстырылып жатыр. Одан бөлек, ойын залының едені де қайта төселуде.
Алаңдағы көгал соңғы рет 2007 жылы ауыстырылған. Содан бері талай жыл өтті. Биыл Қазақстан футбол федерациясы жаңа жабын төсеп бермек. Қысқа қалмай итальяндық көгал әкелінбек. Қазіргі таңда мердігер компания қайта жобалау және жабын төсеуге дайындық жұмыстарын жүргізуде.
Сонымен қатар, стадионның оңтүстік жағындағы трибуналарға да жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
– Трибуналар жарамсыз. Орындықтар күн сәулесінен тез күйіп, суықта жарылып кетеді. Оның орнына палуба тақталарын жасау туралы шешім қабылданды. Трибуналарды қайта құру жұмыстары қазан айында аяқталуы тиіс. Ал, ойын залындағы еденнің зақымдалған жерлерін де ауыстыру жұмыстары жүріп жатыр, – деді Балқаш қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің меңгерушісі Дәлелбек Нұрбек.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz