МЕТАЛЛУРГТЕР МЕРЕЙІ ӨСКЕН КҮН
«Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ еңбеккерлері үшін өздерінің төл мерекесі – Металлургтер күні мерейлері мейлінше өскен күнге айналды. Атаулы күн аясында өткен салтанатты жиында кент тұрғындары мен жұмысшы-қызметшілерді кәсіпорын басқармасының төрағасы Алексей БУРКОВСКИЙ ақжарыла құттықтап, өндіріс озаттарына түрлі аталымдар бойынша тиісті марапаттарын тапсырды.
Басқосу барысында жекелеген мамандарға берілген марапаттардан тысқары, комбинаттың цехтары мен құрылымдық бөлімшелері арасында аула және жұмыс орындарын абаттандыру мен көгалдандыруға қатысты ұйымдастырылған конкурстың қорытындысы шығарылып, жеңімпаз ұжым, сондай-ақ, жүлдегер бөлімшелер қомақты сыйақыларды иеленді. Еңбек көрігін қыздырған майталман металлургтер шоғырына Қаражал қаласы әкімінің Құрмет грамоталары, «Нұр Отан» партиясы Қаражал қалалық филиалының Алғыс хаттары, кәсіпорын кәсіподақ ұйымының Құрмет грамоталары және өзге де тараптардың марапаттары табыс етілді.
Үш күнге ұласқан мерекелік іс-шаралар бағдарламасы көпшілік қауымның көңіліне қонымды болғанын атап өткен жөн. Спорт сайыстарына қатысушылар саны қаншалықты мол болса, жанкүйер санатындағы елдің қатары соншалықты қалың болды. Жарыс жолына шыққан әуесқой спортшылардың озық шыққандары мен жеңіске деген жігерін танытқандары лайықты сый-сияпаттан құр қалған жоқ.
Соңғы күнгі мерекелік кеште жергілікті тұрғындар мен кент қонақтары танымал эстрада жұлдызы Қайрат Нұртастың концертін тамашалау мүмкіндігіне ие болды.
Әсерлі бағдарламалар Жәйремнің түнгі аспанын алуан түске бояған мерекелік отшашумен түйінделді.
Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ
Қаражал қаласы