Тұлға

Металлургия саласының қарлығашы

ХХ ғасырдың 50-60-шы жылдарында Орталық Қазақстанның дамуына үлкен үлес қосқан инженер-техникалық білімдері бар қазақ әйелдерінің ішінде мемлекет қайраткерлері, Жоғары Кеңестің депутаттары болды. Солардың бірі-Зылиха СӘБИТОВА. Ол Мәскеуде оқып, инженер-металлург мамандығын алған екінші қазақ қызы (біріншісі Мәдина БЕГАЛИЕВА) еді.

Зылиха Нығметқызы 1923 жылы Астрахань губерниясында қызметкердің жанұясында дүниеге келген. Мұрағат қорында сақталған құжатта ол, өзінің өмірбаянында былай деп жазған: «1932 жылы Мәскеу қаласындағы бастауыш мектепке түсіп, оны үш жыл оқыдым. 1935 жылы Мәскеудің шығыстану институтын бітірген әкемді Сталинабад қаласына, артынан бір жылдан соң – Алматыға ауыстырды. 1942 жылы Алматыдағы № 39 мектепті бітіріп, М.И.Калинин атындағы Мәскеу түсті металдар және алтын институтының «Түсті металдар технологиясы және қорыту» мамандығына оқуға түстім» .

Мәскеу институтын 1948 жылы аяқтаған З.Сәбитова Орталық Қазақстанға – Балқаш тау-кен металлургия комбинатына жұмысқа жіберіледі. Ол Балқаштағы № 517 зауыттың №1 құю цехына инженер-технолог болып жұмысқа қабылданды. Институтта алған теориялық білімін осы қызметі арқылы тәжірибе жүзінде қолдана алды. Тіпті, оның тікелей қатысуымен құю өндірісінің технологиялық құжаттарын жасауда үлкен жұмыстар атқарылған. Ол бір мезгілде цехтағы өнертапқыш жұмысшылар бюросына жетекшілік жасап және цехтың рационализаторлары мен өнертапқыштарына түрлі-түрлі техникалық көмек көрсеткен. Кейін Зылиха Нығметқызы аға технолог, одан соң түсті металдар өңдеуші Балқаш зауытының құю цехы басшысының орынбасары болып жұмыс істеген.

27 жасында Зылиха Сәбитованың есімі И.Сталин, В.Молотов, К.Ворошилов, Л.Берия, А.Косыгин, Н.Хрущев, Н.Булганин тәрізді танымал адамдарымен бірге қатар аталған. Сондай-ақ, инженер-рационализатор, өндірісті жаңашаландырушы, көп оқыған адам ретінде халық арасында танылған ол, инженер-технолог, өнертапқыш жұмысшылар бюросының жетекшісі болған кезеңдерде цех мемлекеттік жоспарды артығымен орындап отырған. Оны мұрағат деректеріндегі мына мәліметтерден көруге болады: 1950 жылы – 111,3%, 1951 жылы – 105,9%, 1952 жылы – 106,4%, 1953 жылы – 104,6%.

Жұмыстағы қол жеткізген жетістіктері үшін Зылиха Сәбитова екі мәрте – 1950 және 1954 жылдары КСРО Жоғары Кеңесіне депутат болып сайланған.

Депутаттық міндетін атқару барысында білімді инженер ретінде Балқаш қаласы мен Балқаш тау-кен металлургия комбинатының, облыстың, республиканың мүддесін беделді түрде қорғай білген. Сондықтан да, мұндай құрмет ол кезде тек халықтың ішінен шыққан лайықтыларға ғана көрсетілетін.

Балқаштың түсті металдар ұқсату зауытының 50 жылдығына орай жазылған осы өңірдің өлкетанушысы Күләш Сардарбекованың «Сағындым мен көз көргенді» деген мақаласы Зылиха Нығметқызы Сәбитоваға арналған. Мақала авторы З. Сәбитованың «1951 жылы КСРО Жоғары Кеңесінің екінші сессиясында сөйлеген сөзінде Қарағанды, Балқаш, Теміртау қалаларының маңынан көкөніс базарларын жасау туралы маңызды мәселе көтеріп, оның ойдағыдай шешілуіне іскерлікпен көмектескендігін» жазады. Сонымен қатар, көпқабатты тұрғын үйлердің, мәдениет мекемелерінің, ауруханалардың салынуына қол жеткізіледі. 1952-1957 жылдардың аралығында Балқашта металлургтердің мәдениет сарайы, Фрунзе, Мир көшелеріндегі әдемі үйлер, емхана, ауруларға арналған қалашықтың ескі корпустары, комбинаттың көмекші шаруашылығы және басқалары тікелей Зылиха Сәбитованың көмегімен салынған.

Қазақ әйелі Қазақстан Коммунистік Партиясының Х съезіне делегат болды, Мәскеуде өткен IV Бүкілодақтық ғылыми-техникалық қоғамның съезі жұмысына қатысты. Бұдан басқа 50-ші жылдары Қытай Халық Республикасына өндірістік мәселелер бойынша барған кеңестік делегацияның құрамындағы жалғыз қазақ әйелі де З.Сәбитова болды.

Кейін Қарағанды қаласына жұмысы ауыстырылуына байланысты, қаламызда оның қатысуымен елеулі істер атқарылған. Өмірінің соңғы күніне дейін осы жерде бас маман, облыстық ғылыми-техникалық қоғамы төрағасының орынбасары тәрізді қызметтерді атқарып, зейнеткерлікке шықты.

ХХ ғасырдың 50-ші жылдары қазақ жастарына үлгі болған, Қарағанды облысының дамуына үлес қосқан Зылиха Сәбитова инженер-технолог, қоғам қайраткері ғана емес, ол аяулы жар әрі абзал ана еді. Өмірлік қосағы философия ғылымдарының кандидаты, ғалым Оңайбек Құдышев екеуі Шайзада, Гүлзада, Светлана есімді қыз сүйді.

Бүгінде, Құдышевтардың жанұялық мұрағаттарында сақталып келген деректер мен фото суреттерді пайдалана отырып, Зылиха Сәбитованың еңбек жолы туралы Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің тарих факультетіндегі «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығының ғалымдары Сарыарқа жерінің қоғамдық-саяси, экономикалық және мәдени өмірінің дамуына елеулі үлес қосқан әйелдер туралы арнайы шығарылған монографияда тұщымды жазды.

Р.S. 1957-1993 жылдардың аралығында Зылиха Сәбитова тұрған Қарағанды қаласы Бейбітшілік бульварының бойында орналасқан №3 «а» үйдің қабырғасына үстіміздегі жылдың 4 наурыз күні ескерткіш тақта орнатылды.

Г.СМАҒҰЛОВА, Б.ТӨЛЕУОВА,

Е. Бөкетов атындағы

Қарағанды мемлекеттік университеті

«Тұлғатану» ғылыми-зерттеу

орталығының қызметкерлері.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button