АймақБалқашЖаңалықтар

Металлург – мәртебелі мамандық

Отандық өнеркәсіптің ірі және жетекші салаларының бірі – металлургия өнеркәсібі Қарағанды облысындағы басым бағыттардың бірі әрі жыл сайын даму үстінде. Мәселен, биыл ел бойынша 169 млрд. теңге болатын сегіз жобаны іске қосу жоспарланған десек, сала бойынша жүзеге асырылатын жобалардың дені Қарағанды облысына тиесілі. Әлбетте, металлург мамандығы да құрметті мамандық қатарында. Облыста металлургтер күнінде ерік пен жігер, күш пен қуатты жалау етіп, қорқыныш атаулыдан ада дәл осы мамандық иелері түрлі мемлекеттік марапаттар алды. Ұғымымыздағы ең төзімді, ең берік металл – құрыштың өзін қамырша илеген облыстың 49 металлургі түрлі деңгейдегі наградаларға ие болып, қиын әрі абыройлы мамандықтың абыройын одан әрі асқақтатты.

Суретте «Құрмет» орденінің иегері Асхат Сапенов

Атап айтқанда, Балқаш қаласындағы Kazakhmys Smelting, «Сары Қазына», жауапкершілігі шектеулі серіктестері «Коунрад» мыс компаниясынан» бір металлург «Құрмет» орденімен, үш адам III дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен, алтауы «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.

Ал, Теміртаудағы Qarmet металлургиялық зауытынан жеті адам «Құрмет» орденімен, 11 адам III дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен, 14 металлург «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.

Металлургия саласында талай жыл еңбек етіп, күш-жігерін, қажыр-қайратын арнап, тынымсыз еңбек еткен қызметкерлер Президенттің Құрмет грамотасын алғанын айту керек. Осы салада жүрген жеті адам дәл осы құрметке ие.

«Құрмет» орденін алған «Сары Қазына» жауапкершілігі шектеулі серіктесігінің шаймалау учаскесінің бастығы Асхат Сапенов металлург болу үшін әуелі мінез, содан кейін мамандыққа деген адалдық керек екенін айтады. Балалық шағы Балқаш көлінің жағасындағы Гүлшат ауылында өткен ол жастайынан металлург болуды мақсат еткен. Бұл таңдауына әсте өкінген емес. Бүгінде қырық жастың кемеліне келген Асхат Сапенов өмірін қайта айналдырса да дәл осы металлург мамандығын таңдайтынына кәміл сенімді.

– Мектепте оқып жүргеннен зауытта жұмыс істеймін деп шештім. Металлург мамандығына әуелде колледж, кейіннен жоғары оқу орнын бітірдім. Мамандықтың қиындығы мені мойытқан жоқ. Небары жиырмадан енді асқан шағымда жұмысқа кірісіп, бүгінде біраз жетістіктерге жеттім. Өмір бір орында тұрмайды. Қазір металл қорытудың да түрлі заманауи әдістері енгізілуде. Бастысы – үйренуден жалықпау, – дейді Асхат Сапенов.

Металлург мамандығын көзінде оты, жүрегінде түгі барлар таңдайтыны рас болар. Оған сабырлылықты қосыңыз. Әр сөзінің өзін байыппен айтып, минералды шикізатты металға айналдырғандай асықпай жауап беретін металлург мамандығын мақтаныш ететінін жеткізді.

Қарағанды – кенді өлке. Әлбетте, қойнауы толы жерімізден бөлек, оны игеруде талай жыл қатарынан еңбек етіп, кәсіби шеберлікті ұрпақтан-ұрпаққа мұра еткен талай отбасы бар екенін айту керек. Мәселен, Есембековтер әулетінің тамыры Балқаш мыс зауытының арғы тарихымен біте қайнасқан. Олардың жалпы еңбек өтілі 250 жылдан асатынын ерекше атау қажет.

«Өндіріс сарбаздары» атанған бұл әулеттің ұрпақтары еңбекпен тапқан нанның тәтті екенін ұғынған. Себебі, металлург сияқты күш-жігерді ғана емес, мінездің қайраттылығын да қажет ететін мамандықты, яғни, болат балқытуды әуелде Мұқажан қажы бастаған. Содан бері ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан дәстүрді бүгінде ұрпақтары абыроймен атқарып келеді. Несібесін металлургиядан тапқан Мұқажан қажының ұлы – Қабдырахман да әскерден оралған соң осы істі жалғады.

Осыдан тура елу жыл бұрын мыс балқыту цехында еңбек жолын бастады. Қиындығы мол саланың ыстығына төзіп, тайсалмай төтеп берген білікті маман Тәуелсіздік жылдары Балқаш кен металлургия комбинатының өндіріс қуаттылығын арттыруға қатысты. Комбинаттан шет елге шыққан алғашқы жұмыскер де өзі. Одан бөлек, 1997 жылы Аффинаж цехының құрылысын бастау керек болғанда, Польшаға барып, біліктілігін арттырды, тәжірибесін толықтырды. Зауыт ашылғанда Балқаштың алғашқы күмісін, «Металл Доре» құймасын қолына алған да осы Қабдырахман.

Жалпы, металлургтің еңбек жолына зер салсақ, алғашқылардың қатарында болғанын көруге болады. Бұл еңбек адамның мамандығына деген адалдығымен қатар, әке ісін табысты жалғағанының кепілі. Мәселен, Мырыш зауыты ашылғанда осы жерге балқытушы болып ауысып, алғашқы қорғасын анодын құйды. Бірақ, оны жыл артқа салып, өзінің жанына жақын металлургия цехына қайта оралды. Осы жерден құрметті зейнет демалысына шықты.

– Еңбектегі ұстазым Жолдасбай Оспанов кезінде КСРО Жоғары кеңесінің депутаты болды. Алғашқы еңбек жолымды сол кісінің ауысымында бастадым. Ол кісі бізге металлург болуды жүрекпен ұғыну керектігін түсіндірді, – дейді өзі.

Әке жолын Қабдырахман ғана емесі, інілері де жалғады. Ғабдулла Мұқажанұлы мыс зауытында балқытушы болса, Нұршайықстан автотасымалдау цехында механик.

Еңбек ардагері – Қабдырахманның өмірі металлургиямен тығыз байланысты. Себебі, металлург бола жүріп, отбасылы болды, өсті, өркендеді. Абыройдың да, бақтың да еңбек еткенге келетіні бар емес пе?! Қиындықтан қашпайтын, болаттай шыңдалған Қабдырахман ақсақалдың ұлдарынан бөлек, немерелері де ата жолын жалғап, осы салада еңбек етуде.

Ұлы Еркен – Балқаштың жанындағы мыс компаниясында аппаратшы. Металлург немересі Әліби комбинаттың теміржол цехында машинистің көмекшісі екенін мақтан тұрады.

Салтанат ІЛИЯШ,
Сурет кейіпкердің жеке мұрағатынан
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button