Баспасөз мәслихаты

Мерейтойлық маусым – жаңалыққа толы

Сейфуллин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрының 90-шы маусымының ашылуына орай баспасөз конференциясы өтті. Оған театрдың директоры Құрман ӨМІРБЕКҰЛЫ, театрдың көркемдік жетекшісі Айдын АБЗАЛБЕКҰЛЫ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайрат КЕМАЛОВ, ҚР Мәдениет қайраткері Нұржібек ЖАНСҮГІРОВА және театрдың әдебиет бөлімінің меңгерушісі Тәңірберген ЕМБЕРГЕНОВ қатысты.

Баспасөз мәслихатын тізгіндеген Тәңірберген Ембергенов жақында кәсіби маман ретінде оқуын аяқтаған. Осы мерейлі шарада 90 жылдықпен қатар оның да тұсауы кесілді. Аймақтың журналистер қауымы көкейлерде жүрген сұрақтарға жауап алып, «Арқаның Ақсарайы» атанған болашақтағы жоспарларымен танысты.

– Алдағы уақытта Қасым Аманжоловтың 110 жылдығына орай Кеңес Жұмабек ағамыздың «Рахымжанның Қасымы» поэтикалық-музыкалық драмасын қоймақпыз. Сахналайтын – Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Болат Ұзақов. Қасым ақын Оралда театр басқарған кезінде халық театрына арнап пьесалар жазған. Оның бірі біздің театрда қойылып жүр. Бірақ, осы жолы ақынның терең ойларын сахнаға алып шықпақпыз. Мақсатымыз – Қасым шығармаларындағы тереңдік арқылы театрдағы жас таланттардың шығармашылық өре-деңгейін биікке көтеру, дамыту. Нұр-Сұлтаннан ақтоғайлық жерлесіміз Амантай Жұмашевті Қасым әндерін дайындау үшін шақырдық. Қазір үлкен жұмыс істеліп жатыр. Бұйырса, қазан айының соңында көрермен назарына ұсынбақ ниеттеміз, – деді театр басшысы Құрман Қалым. Сонымен қатар, журналистерді жаңа маусымда тұсауы кесілетін әлемдік классик Ласло Дюрконың «Сүйіктім менің – Электра» трагедиясы қызықтырды.

– Бүгін 90-шы маусым ашылғалы тұр. Бұл – аз уақыт емес. Мұнда 90 жыл төгілген тер мен еңбек жатыр. Мен кейде ағалардан қалған ескі костюмдерді киіп, рөл ойнаймын. Өйткені, оған ағалардың тері сіңген, иісі бар. Театр жай күліп немесе демалып кететін жер емес. Театр – ойлануға мәжбүрлейтін киелі орын. Біз әр маусым жабыларда «Келесі маусымда төрт көзіміз түгел, басымыз аман, бауырымыз бүтін қауышайық» деп тілек тілейміз. Сол тілегіміз қабыл болып, бүгін сіздермен қайта қауышқанымызға қуаныштымыз. Көрерменді қатты сағындық. Пандемияның кесірінен өткен маусымдарды ретімен аша алмай не жаба алмай әбігерге түстік қой. Ал, «Сүйіктім менің – Электра» қойылымы – әлемдік классика. Сахналаушы талантты режиссер – Жұлдызбек Жұманбай. «Өзге елдің туындысы» деп оған жатыр қай қарауға болмайды. Онда әлі күнге дейін өзектілігін жоймаған, көрермен жауабын сабылып іздеп жүрген өлмейтін тақырыптар қаузалған. Сондықтан, биылға театр рэпертуарына, енгіздік. Бұйырса, алдағы уақытта көріп, бағасын бересіздер. Онда негізінен жастар, арасында мен де жүремін, – деп әзілмен аяқтады сөзін Қайрат Кемалов.

Бұдан бөлек, театр басшысы Құрман Өмірбекұлы ұжымның алдағы жоспарларымен де бөлісті.

– Былтыр кей қойылымдар қойылмай, жоспарлар орындалмай қалды. Шыға алмадық ешқайда. 11-16 қазан күндері былтырғы жыл жоспарынан қалған Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында Әшірбек Сығай атындағы республикалық театрлар фестивалі өтеді. Оған еліміздің түпкір-түпкірінен 14 театр келеді. Өзімізбен 16 театр фестиваль өткіземіз дүрілдетіп. Сонымен қатар, елімізге танымал театр сыншылары ат басын тірейді. Биыл сыртқа көп шықпаймыз. Бірді-екілі театр мерейтойына баруымыз мүмкін. Сондай-ақ, 17-20 қыркүйек күндері аралығында Көкшетау қаласында Ш.Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрының 25 жылдық мерейтойы мен ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған III аймақтық театрлар фестивалі өтті. Сәкен театры бұл фестивальге М.Задорновтың «Күйеуіңізді сатыңызшы» қойылымымен қатысып, спектакль «Ең үздік сценография» аталымын жеңіп алды. Бұған қоса, фестиваль аясында волейболдан театрлар арасында өткен турнирде Сәкен театры құрамасы жүлделі III орынды иеленді, – деді ол.

Театрдың тағы бір жақсы жаңалығы бәрімізді қуантты. Алдағы уақытта Әлихан Бөкейхан, Әлімхан Ермеков, Жақып Ақбаевтардың биылғы мерейтойына орай «Ұлтқа қызмет» атты үлкен қойылым қою жоспарланыпты. Авторы – Қанат Жүнісов. Бұл жауапты қойылымды ұжым Тәуелсіздік күні қарсаңында 30 жылдыққа тарту ету ниетінде.

– Қазақстандық театрлар арасында қолға алынып жатқан шығармашылық лаборатория біздің театрымызда да бастау алды. Ол театрды көтеру үшін – өте маңызды. Келесі жылдың жартысы шетелмен байланысты. Шет елге шықпасақ та, шет елдік білікті ма мандарды Қарағандыға алып келеміз. Байланыс құрып, шеберлік сағаттары мен шеберлік айларын өткіземіз. Бұл үлкен жаңалық болады. Жастарды солай шыңдамақпыз. Пандемиядан кейін адамзаттың жаңа дәуірі басталды деп жатыр ғұламалар. Өйткені, біз рухани реконструкциядан өттік деп білем. Көп нәрсенің қадірін білдік. Руханияттың дамитын, қадірі туған сәтке келдік. Көрермен барда, халық барда – театр өлмейді. Өз басым елге адал қызмет етуге, Арқа театр өнеріне үлесімді қосуға дайынмын, – деді Айдын Абзалбекұлы.

Баспасөз мәслихаты аяқталған соң, 90-маусым Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» спектаклімен ашылды. Сахналаушы – Теміржан Жанботаев, қоюшы суретшісі – Қанат Мақсұтов. Залдың толтырылуы – 30 пайыз, яғни, 180 көрерменге рұқсат берілді. Барлық билет сатылған. Театр «Asһyq» жүйесімен жұмыс істеді. Бұл ғашықтық драмасы жөнінде біз бұған дейін қалам тербегенбіз. Көрерменді театрдың аға буын әртістері «Біз Сіздерді сағындық, қымбатты көрермен!» деген ұранмен құшақ жая қарсы алды. Көрермен де ыстық ықылас танытып, тік тұрып шапалақ соқты. Ақ кимешекті әжелер қазақы салтпен шашу шашты. Театр басшылығы көрерменді жаңа маусымның ашылуымен құттықтап, кезекті қойылымға берді.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button