Жаңалықтар

Менің ұғымымдағы «ұтымды сабақ»

Жақсы мұғалім – ізденімпаз. Ол сабағын тиімді өткізудің амалын іздеп, оқушыны жалықтырып алмас үшін қызықты өткізуге барын салады. Тіпті, әр сабағын ашық сабақ секілді өткізетін мұғалімдер де бар. Сіздің ойыңызша, сабақ несімен ұтымды болады? Ой жүгіртіп көрелік. Ал, Сіз тәжірибеңіздегі әрекетпен салыстырып, алмастырып, салғастырып көріңіз…

«Ұтымды сабақ» дегенде көз алдыма ұстаз бейнесі мен мінсіз сабақ көрінісі шыға келеді. Қандай сабақ болмасын, үлкен мақсатты көздейтіні анық. Менің ойымша, сабақтың басты мақсаты оқу бағдарламасында берілетін стандартты мақсаттан да терең, мазмұнды, келелі болу керек. Сондықтан мен білетін ең салмақты мақсат – баланың жан дүниесін түсіну, әр баланы сөйлету, намысы мен жігері мұқалмайтын, ар іліміне жүгіне алатын қайтпас қайсар етіп тәрбиелеу. Ол үшін баланың басқаға ұқсамайтын ерекше қасиетін аша білу керек. Оқушының жан-дүниесін баурап алатын ұстазды – нағыз ұстаз дер едім.

Балаларыңызды таңқалдыру қолыңыздан келе ме? Таңқалдыру дегенді қалай түсінесіз? «Даналыққа ұмтылу таңқалудан басталады» дегенді естуіңіз бар ма? Баланы АКТ құралымен, заманауи платформалармен таңқалдыру оңай. Ал, тақта мен бордың ғана көмегімен тақырыптың өзегін, мазмұнын оқушы санасына сіңіріп, өмірде пайдалана алатындай жол сілтеп, бағыт беру қиындау. Егер сіздің сабағыңыздан алған білімін бала өмір жолында пайдалана алса, бұл – сіздің ұтысыңыз, баланың – жеңісі.

Баланың ықыласын ояту, қолынан бірдеңе келетініне сендіре білу, жігерлендіру секілді қарапайым қағида шыңырау тереңге бойлатумен бірдей. Шәкірттің кемшілігін көргіш болсақ, ықыласын сөндіреміз. Сондықтан, менің сабағымда қалыс қалатын оқушы болмайды. Әрқайсысы – бірбір тұлға, ең маңыздысы, барлығы – басты кейіпкер. Бәлкім, бұл мінсіз оқушыны іздемейтіндігімнен болар. Осы тұста тиімді әдіс-тәсілдерге жүгінемін. Биология пәні тірі ағзалар мен олардың қоршаған ортамен ара қатынасын зерттейтін ғылым екенін ескерсек, бұл пәннің тіршіліктің барлық көрінісімен байланысты екенін қаперімізден шығармауымыз керек. Бұл ғылым саласы ағзалардың классификациясын жүйелеп, олардың қызметіне үңіледі, түрлердің қалай пайда болатынын сипаттаумен қатар ағзалардың бір-бірімен және табиғи ортамен ара қатынасын зерттейді. Яғни, тікелей өмір айналымы, көрінісі, қарбаласы, тіршілігі. Солай емес пе?

Сонымен сабақ ұтымды болу үшін ұстаз бен оқушы арасындағы нәзік қыл үзілмеу керек, баланы жігерлендіре білу қажет, тиімді әдіс-тәсілдерге жүгіне отырып, мәселені шешу жолдарын бірге қарастыру оңтайлы.  Ең бастысы, сабағымыз тіршілікпен, өмірмен, шындықпен байланысты болса, ұтқаныңыз. Ендеше, ұтымды сабақтармен ұта берейік.

Әсем АЙҒОЖИНА 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button