Жаңалықтар

МЕНІҢ «ОРТАЛЫҒЫМ»

Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ

     Муза құсы мені қаршадайымнан қаңғалақтатып, өзіне тарта бастаған екен. Әуелде ол маған сурет… болып келді. Сабақтан бос уақытта әр түрлі сұлба, кескіндерді сала берем, не салып жатқанымды өзім де білмейтін болуым керек. Бұл – дүниеде Кариб дағдарысы деген саяси оқиғаның дүрлігіп тұрған кезі. Совет Одағының көсемі Никита Хрущевтің Біріккен Ұлттар Ұйымының мінберін топылайымен ұрып, әлемге дөң-айбат көрсетететін тұсы осы кез. Че Гевара мен Фидель Кастро “мода” болып тұрған… Солардың суреттерін салам! Мен – пионер, олар – революционер! Есіл-дертім – солармен қосылып, дүние жүзіне “коммунизм” орнату!
Үй іші толы қағаз. Бояулар. Сурет, кескіндер… Онда не жоқ дейсің? Өзіміздің Ойрантаудан бастап… Че Гевара, Фидель, тіпті, Хрущевке дейін бар! Оның тақыр басын салам да, аузын ашып қоям… Еліріп, есіп көп сөйлейтінін мен де білетін болуым керек ішімнен!.
– Сен бір күні мені соттатып тынатын шығарсың?! – дейді әкем ыза болып! Коммунист қой… Ярый! (Қазақша жеткізе алмай, еріксіз орысшалап жібердім…)
Бір күні жаздың жадыраған шағында біздің Қызыларайға Алматыдан әппақ бір қыз келді. Менімен жасты. Соның суретін салуды бастап кеттім… Біздің жақта бұрын-соңды ғазиз бейнесі мүлде көрінбеген қыз – аппақ! Екеуміз “Үй” болып ойнаймыз. Ол “мама”, мен “папа” болам… Бір-бірімізге бауыр басып алғанбыз. Көрші Бағдат деген досым бар, оны содан қызғанам! Бір күні ол Алматыға қайтатын болды да, елден жасырып салған суреттерімді оған мақтанып көрсеткем, “өз суретін” (менің ойым ғой!) өзі танымай қалды! Ол кеткеннен бастап, ауыл-аймағымыз иесіз қалғандай, Бағдат екеуміздің көңіліміз құлазып кетті…
Содан өлең жаза бастадым… Қолыма қаламды он үш жасымнан серік етіппін. Өлеңдерім аудандық “Қызыл ту”, “Социалистік Қарағанды”, тіпті, республикалық “Қазақстан пионері” газеттеріне дейін шығып тұрады. Мақала да жазам. Тіпті, талай рет фельетон да жазып, Қызыларайды біраз шулатқаным да бар…
“Орталық Қазақстан” маған бала кезден ыстық. Кейін осы газетте қызмет атқардым. Менің қаламымнан шыққан дүниенің бәрі де әуелі осы газетте тасқа басылып, соңынан республикамыздың шар тарабына тарады! Көңілі ояу, көзіқарақты оқырман ырза болған шығармаларымды мен осы газеттің қабырғасында отырып жаздым! Қазақтан шыққан журналшы-публицистердің көш басындағы Нұрмахан Оразбекұлымен осы газеттің төрінде танысып, күллі ғұмырыма жететін тәлімін көріп, кісілік-азаматтық қасиетінің ғажабына кенелдім!
“Газет – Бас Редактордың Автопортреті” екенін Нұрағам мен бауырым Мағауия Сембайдың өмірінен көріп, сол ойды өзегіме саф алтындай құйып алдым! Соны жалғанға жар салып, Атырау-Арқа-Алатау-Алтайға дейінгі аймаққа ауыз толтырып айттым!
Кейінгі буын осыны мықтап ұстанса, “Орталық” оқырмансыз қалмас…
Мына жырымды “Орталық Қазақстанның” 85 жылдығына шашу ретінде шашам!

ҚАСИЕТТІ ҚАЛАМ

Ақсораң әлдилеген аусарың ем,
Сенімен көкті кезіп, тау шағып ем:
Бетіне ақ қағаздың нұр құйған Сен, Ғомардың* сиқыр қонған
саусағымен.

Мен сенің құдіретіңмен денем
еріп,
Тәңірдің құшағына келем еніп.
Алланың хикметін Алашына
Қалдырған Абай-Хакім сенен өріп,

Мен саған үйір болып бала
күннен,
Бөлмеме қыршынымнан қамалып
ем.
Қазақтың қара өлеңі қайта туған,
Қасымның қасиетті қаламымен.

Уитмен,
Гете,
Есенин…
Ерім еді,
Егіліп соңдарыңнан еріп едім;
Қарасам сөредегі кітабына,
Кетеді ағыл-тегіл еңірегім…

Сұм заман тағы аяқтан шалды ма
кеп,
Менде – құн, сенде – тағат қалды
ма деп?
Алпыстан асқан кезде абдыра
дым,
Компьютер ғасырының алдына
кеп.

Бұл заман басымыздан ауыр өтті,
Езгілеп жанды, күллі бауыр-етті.
Қаламмен қоса (бірге кітабын ап),
Тарихи Homo sapiens* дәуірі өтті!

Қаламсыз тербемей жан-сарайды
өлең,
Мен саған қайтып әлі талай
келем.
Кір жуып, кіндік кескен ел-
жұртымдай
Қарайлап дидарыңа қарай берем.

“Аттан! дап” тұрса ғасыр –
аттанасың,
Алаңдап тұр Фейсбук жаққа
басым?
Артымда,
(Ата-баба бейіті жатқан),
Бұлдырап… Ақсораңдай қап
барасың!

Хош, Қалам!
Абай көзі –Алтын Қалам!
Мен де – алаң,
Артыңдағы халқың да – алаң;
Сен барда өрт едім ғой өрге тиген,
Қыс түсіп, қымыз кетіп…
салқындағам,
Хош, Қалам!
Алла берген Алтын Қалам…

*Гомер.
**Homo sapiens* – саналы адам.

 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button