Менің қалам

Шаһарлар көп жұмыр жер тұсауында,
Бірақ жүрек жалғызын қалап алды.
Мейірімнің қалғыған құшағында,
Жүрегімнің төрінде – Қарағанды!
Даңқты, қайсар, қайратты жас жігіттей,
Бар ғұмыры жетпеген ғасырға да.
Кеншілері от лаулар тасты үгітті, ей,
Еңбекпенен шыңдалған асыл бала.
Туған екен даңқы асқан талай ұлдар,
Қарағаны жайқалған сары даламда.
Отанымды жырлаған Абайым бар,
Өлең жазған ер Сәкен нар бабам да.
Ұмытқан жоқ бұл қала батырларын,
Соғыс деген зұлмат та бар ғаламда.
Сталинградта, Мәскеуде, Ленинградта,
Кабул менен Гератта, Кандагарда.
Сарыарқамның төрі бұл астанамдай,
Құштар етер өмірге таң нұры бар.
Көңіл самғар кіршіксіз аспаны ардай,
Президенттің құйылған тағдыры бар.
Сүйем сені, шаһарым – бозбаладай,
Қымбатсың һәм жақынсың жүрегіме!
Ән шырқасам өзіңе көз жанады-ай,
Сені мақтап, қосамын тілегіме!
***
Бұл өмірде бұрыннан жоқ сәттілік,
Бұл – өмірдің бұлжымайтын заңдары.
Әлденеге құштар етер тәтті үміт,
Кездеспейді жанның жақын жандары.
Ауырлайды әр ісіңнің салмағы,
Сосын, сосын, түкіргің де келеді,
Көп адамның жанына.
Сәттілік жоқ күнделікті жұмыста,
Жалғыз ғана жұбанышың – шарапта.
Өз бейнемді жоғалтамын жұлыста,
Мына маған не болды деп кей-кейде,
Сауал қоям айналарға қарап та.
Керек десең, уақыттар да болды ғой,
Мені сүйіп, сыйлады да тайпа бұл.
Қарыз бердім, қалталары толды ғой,
Құшақтаған… Осы сырды айта жүр…
Қазір-қазір басқа уақыт, басқа жыр,
Ал, оларда өздерінің күйбеңі.
Жаңа есімдер жазылыпты тасқа бір,
Маған жету қайда оларға?
***
«Сенбе, қорықпа, сұрама!»,
Осы уақыт – қайрат кеткен батылдан.
Саңырау бәрі сатылған
Қойын жеген шопандар,
Садаға кет, шопан деген атыңнан.
Қойда есеп жоқ,
Жете алмассың санына.
Шүкір дейді маңырап,
Дүниеде шопандардың барына.
Бір-бірімен сүзісер,
Дәл осылай боп келген,
Бола берер тағы да!
Бауыр, туыс –
Шопандарың шопанға.
Жүректерін байлап қойған,
Жамырған отарға.
Бір-біріне қас емес,
Солай болса,
Шопандарың шопан ба?!
Дәл соларға
Бәрі де ешкі қойлардың,
Тұрсаңдағы сиыр болып мөңіреп…
Әй, бұларды шопан етіп қойған кім?!
***
Махаббат жайлы тағы да!
Махаббатты ақындар,
Жайғастырған жүрегінің тағына.
Пушкин менен Лермонтов та, Абай да,
Сезім жайлы жыр жазыпты талайға.
Не жазуға болады екен тағы да?
Қай бұрышын, қай тұсын,
Суреттеуге болады екен сағына?
Сезімдерді жазсам ба екен батыл боп,
Бұлар жайлы жазбай кеткен ақын жоқ.
Мен бейбақ та сол бір хәлге ұрындым,
Түні бойы қиналып,
Азабы көп шыңырауға жығылдым.
Есіме алдым сұлуымның көздерін,
Қоштасарда айтып кеткен сөздерін.
Сонда өзімді жоқ болдым деп ойладым,
Мына мені оятпас деп махаббат
түнегіме бойладым.
Шын бақыттың құсы бар ғой, бірақта,
Шер сезімнің бұлтын айдар жыраққа.
Сол махаббат табыстырды өзіңмен,
Содан бері бір нұрды,
Көріп жүрмін жүрегіммен, көзіммен.
Міне осылай дем бергенсің сен маған,
Тоғжан, жаным, жылуыңды бер маған!
Сосын…
«Кетсең, кет» деп айтпап ем,
Кеш батқанда ғайып боп,
Сөздің бәрін дәл осылай айтқан ең.
Жылдар өтер, бірге кетер күдіктер,
Еске түсер айтылған сан сырлар да –
Жанды сорған сүліктер.
Бірақ сонда кеш болады, бәрі өтті,
Жанымыздан өте шығып шын бақыт,
Бізді өзіне зар етті.
Ал сонымен, қайдан қате жібердік,
Кімнен кінә болды екен?
Жүрегіміз бірге болмай түнердік,
Түсіне алмай көңілімді шерлі етем.
Мейрам ЖҰМАБЕКОВ
Аударған Ерік НАРЫН