Жаңалықтар

Мемлекеттік тілді менсінбейтін кімдер?

Өңірдегі шағын және орта кәсіпкерлік нысандары мен халыққа қызмет көрсету орталықтарында тұтынушыларға қазақ тілінде жауап қайтармау – өзекті мәселеге айналып отыр. Қоғам тарапынан да сын-пікірлер айтылып келеді. Облыс әкімінің орынбасары Абзал НҮКЕНОВТІҢ төрағалығымен мемлекеттік тілдің осы салада қолданылуын талқылаған алқалы жиын онлайн форматта өтті. Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысы Гүлнарайым ҚАҢТАРБЕКОВА жоғарыда айтылған кәсіпкерлік нысандарда мемлекеттік тілдің қолданылуына қатысты жүргізілен рейд нәтижесін баяндады.

Жиналысқа пошта, банк, халыққа қызмет көрсету орталықтары, полиция, коммуналдық қызмет көрсету, жұмыспен қамту мекеме басшылары және қала-аудан әкімінің орынбасарлары қатысты.

– Тіл – қоғамдық мәселе. Сондықтан, бірлесе отырып, жұмыс жасағанымыз дұрыс. Сын-пікірлерді ескеріп, кемшіліктермен күресу қажет. Ал, бұны өзімізден бастаған жөн. Қайда жүрсек те, ана тілімізде сөйлейік. Тіл нормаларына заңды сақтап, басқаларына жете түсіндіру қажет. Қазақ тілін дамыту тек қана мемлекеттік мекемелердің ғана емес, жалпы, қоғамның міндеті, – деді Абзал Нүкенов.

Аталған мәселелер бойынша облыста жүйелі жұмыстар жүргізілде. Бүгінде қазақ тілді орталықтар көбейген. Мәліметтерге сүйенсек, соңғы 10 жылда облыстағы қазақтың саны 44%-дан 52%-ға өскен. Ал, облыс орталығында – 50%-ға жетті.

– Қарағандыда қазақтардың саны артқандықтан, мемлекеттік тілде қызмет көрсету – жүйелі. Тек халыққа қызмет көрсету, жұмыспен қамту орталықтары, коммуналды қызмет мекемелері мен кәсіпкерлік нысандарда кемшіліктер бар. «Қазақ тілінде қызмет көрсетпейді» деген сын-пікірлерді жиі естиміз. Мәселен, Қарағанды, Жезқазған, Теміртау, Саран қаласындағы кәсіпкерлік нысандар мамандарының тұтынушыға мемлекеттік тілде қызмет көрсетпеуінің салдарынан соңы дауға ұласып, түрлі бейнежазбалар әлеуметтік желіге тарап кеткен. Кемшілік анықталған қызмет көрсету орындарымен үнемі жұмыс істеу қажет, – дейді Гүлнарайым Қаңтарбекова.

Өткен жылы «Қазпошта» АҚ-ның Теміртаудағы филиалында қызметкерлердің мемлекеттік тілді білмеуі, құжаттар мен ақпаратты орыс тілде беруіне байланысты көпшіліктен шағым түскен еді. Биыл бұл жағдай Қарағанды, Саран қаласында қайталанған. Осы мәселені шешу үшін облыстағы пошта бөлімшелеріне бірнеше мәрте хат жолданыпты. Ал, бұл жөнінде Гүлнарайым Хасенқызы «Мамандарды жұмысқа қабылдау кезінде екі тілді меңгергендігін, тұтынушылармен сауатты әрі мәдениетті қызмет көрсетуін талап ету керек. Мекеме қызметкерлері арасында бұл тәртіп әлі бір ізге түспеген» – дейді.

Рейд барысында Қарағанды қаласындағы халыққа қызмет көрсету орталықтарынан «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» (21-бап) және «Жарнама туралы» (6-бап) заңнама талаптарының бұзылу фактілері анықталды. Филиал басшыларына кемшіліктерді көрсетіп, тіл туралы заңнама талаптарын сақтау жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Сонымен қатар, «Альфа банк» филиалында көрнекі ақпараттың 90%-ы орыс тілінде берілетіні анықталды. Ал, бұл заң талаптарына сәйкес келмейді. «Халық банк» АҚ-ы филиалдары мен халыққа коммуналдық қызмет көрсету мекемелеріндегі ақпарат та тек ресми тілде.

Осыдан бірнеше жыл бұрын басқарма жанынан мемлекеттік қызметкерлерді қазақ тіліне үйрететін арнайы курс ашылған. Курсқа 2019 жылы 6 мемлекеттік қызметкер қатысыпты. 2020 жылы Қаражал қаласынан – 1, Осакаров ауданынан – 1, Шахтинск қаласынан – 2 мемлекеттік қызметкер оқыған. Ал, 2021 жылы Сәтбаевтан – 10, Приозер[1]скіден – 2, Бұқар жыраудан – 5 қызметкер курсқа қатысуға өтініш білдірген. Сондай-ақ, облыстық «Қазпоштадан» 30 қызметкер тіркелген. – Тұтынушыларға мемлекеттік тілде қызмет көрсетіп, мекеме қызметкерлерін қазақ тіліне оқыту мәселесін қолға алу қажет. Қызметкерлер арасында мемлекеттік тілдің мәртебесі, оған қатысты заң талаптары жөнінде жиі түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек. Қала мен аудан әкімдері де ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын тоқтатпасын. Қарапайым мысал, көшеде жол-патрульдік полиция қызметкерлері ереже бұзған жүргізушіні тоқтатып, орыс тілінде сөйлейді. Мемлекеттік тілде неге сөйлемейді? Күнделікті көріп жүрген кемшіліктердің бірі – бұл. Қайда жүрсек те, ана тілімізде сөйлеуіміз қажет, – деді Абзал Нүкенұлы.

Ербол ЕРБОЛАТ.

Басқа материалдар

Back to top button