Жаңалықтар

Мемлекеттік тіл және бұқаралық ақпарат құралдары

Бұқаралық ақпарат құралдарының бірі – теледидардың адам өмірінде атқарар ролі өте зор. Ол саналы адамның ажырамас серігіне айналып үлгергені анық. Алайда, біз қозғағымыз келіп отырған мәселе басқаша, дәлірек айтсақ, қазіргі қазақстандық телехабарлар жүйесінің басым денінің ұстанымы қалай? Баспа құралдары қандай деңгейде?

Бүгінгі күні көптеген телеарналар жеке меншіктің қолына өтіп, дүңгіршектерді орыс тіліндегі газет-жур­налдар басып кетті. «АЛМА ТВ» және тағы да басқа жерсеріктік-кабельдік телеарналар күні-түні жүзден астам бағдар­ламаларды көрсетуде, о­­л­­ар­­ға интернет жүйесі қо­сыл­­ған. Турасын айтсақ, біз­дің ұлттық ерекшелігімізге, діні­мізге, дәстүрімізге мүлдем қайшы келетін көріністерді, мультфильмдерді сәбилердің санасына құйып жатыр.

Ертең олар қандай ұс­танымдағы азаматтар болып шығады? Балаларды қазақ мектебіне беріп, үйде қазақша сөйлегеннен пайда аз болып тұр. Өйткені, олар көп уақытын теледидар, одан қалса, компьютер, интернет алдында өткізеді. Күлкібадам «Наша казашаны» бәріміз дымымыз қалмай көріп, мәз боламыз. Тереңірек ойлансақ, бұл – қазақты, тілді кемсіту емес пе екен? Намыс қайда?!

Теледидардан берілетін жар­намалардың жазылу сауат­тылығы – адам төзгісіз. Оған қарап, оқып отырған басқа ұлт өкілдері түгілі, өзіміздің «шала қазақтарымыз» да «мына сөз былай жазылады екен ғой» деп қабылдаса, не болғаны?!

Ертеректе халық сауатты жазуды газет-журналдардан үйренуші еді. Ал, қазіргі кезде кейбір басылымдардың бір жолға сыймай қалған сөзді буынға бөлгендегі қателіктері қаншама?! Соған қарап, өмірге енді қадам басып келе жатқан жастарымыздың сауатына еріксіз күмән келтіресіз… Көркем әдебиетті оқу – жоқтың қасы десем, еш артық айтқандық емес.

Таңертеңнен кешке дейін көретініміз – шетелдік фильм­дер немесе олардың қазақша аудармалары. Кейінгі жылдары үнді және түрік кинотуындылары белең алып тұр. Бұл – айнымас ақиқат. Олардың көрсетілім уақыттары да көрермендерге ыңғайлы кез, ал, өзіміздің қазақ тіліндегі фильм, концерттер және тағы да басқа бағдарламалар түн жарымында, ел ұйқыға кеткенде беріледі. Бұл қай келемежі?!

Астанадағы «Талант» атты халықаралық өнер мектебінің ашылу салтанатына келген жапондық Кэри Хироюки Тагава жиылған көпшілікке: «Қазақ халқының мәдениеті – менің халқымның мәдениетіндей, өз­індік ұлттық бояуы бар қайта­ланбас мәдениет. Батысқа еліктеп, қолдарыңызда бар байлықтан айрылып қалудан сақ болыңыздар. Бүгінгі сіз­дердің экрандарыңызда көрсе­тіліп жатқан атыс-шабыс фильм­дерінің бірі де алып құрлықта көрсетілмейді. Қазақ пен жапон халқы – көп әскердің бірі емес, нағыз жауынгер халық. Өз намысы мен арын таптатпайтын халық деп танимын» деуі қуантады әрі көп ой салады емес пе?!

Шетелден келген қонақ бір көріп осылай десе, күнде көріп жүрген біздің жанайқайымыз неге тұншығып жатыр?

«Қазақ басылымдарының таралымы жыл сайын өсуде» дейміз. Бірақ, дүңгіршектерде сатылатын кейбір дәптердің бетіндей ғана көлемдегі басылымдарда жарияланатын әңгімелерді оқысаңыз, төбе шашыңыз тік тұрары анық. Махаббат тақырыбында жазылған әңгімелердің 80 пайызы анайы сөздерден тұрады десем, шындықтан алшақ кеткенім емес. Басылымның таралымын көбейтіп сатқанына мәз болған кәсіпкер оның мағынасына ден қоймағаны айдан анық. Өздерінше керемет әсірелеп жаздым дей ме екен, әлде…

Ондай жазғышсымақтарға сауат ашу үшін алдымен Абай мен Мұхтарды, Ғабеңді оқы дер едім. Тағы бірде қазақша сөзжұмбақтарды алып, шешуге кірістім. Тұнып тұрған не мәні, не мағынасы жоқ сұрақтар. Міне біреуі: «Аяғы ауыр сиыр қалай аталады?». Жауабында «буаз» деген сөз шығады екен. Жауап дұрыс шығар, бірақ, сұрақ қалай қойылған? Осы да сауаттылыққа жата ма? Осыдан кейін қазақша сканворд алуды доғардым. Көптеген газет-журналдардағы ашық-шашық түскен қыз-келіншектердің суреттері жас буынға қандай тәрбие береді? Осының бәрін көріп, жалыққан жоқсыз ба, ағайын?!..

«Көрмес түйені де көрмес» дегендей, кейбір жеке қолдағы баспасөздің дені күлкібадам дүниелерге айналып кеткендей. Газет-журналдар сатылатын орындарға саяхат жасап қайтсаңыздар, мен жазған жайттардың даусыз куәгеріне айналатындарыңыз анық.

Бәлкім, бұқаралық ақпарат құралдарының пайдалысын іріктеп, ел ішіне іріткі салып, тәрбие мәселесінде зиянын тигізетіндеріне тоқтау салу керек шығар… Қалай десек те, тізгінді тарта ұстайтын кез жетті. «Өзіңді өзің жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін» деп дана халқымыз бекер айтпаған ғой.

Қазақ тілінің қазығы, тек, қазақтардың ғана қолында. Осыны есімізде мықтап ұстайық!

Ана тіліміз – асыл қазынамыз! Келтірер пайдамыз болмаса да зиянымызды тигізбейік. Ұлы ағартушы Ахмет Байтұрсынов: «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деген екен.

«…Айрылсам да қымбатымнан талай бір,

О, тағдырым, тек, тілімнен айырма!» – деп Тұманбай ақын жырласа, алғашқы халифа Әбу Бәкір «Пенденің тілі бұзылса, адамдар жылайды, ал, егер жүрегі бұзылса, періштелер жылайды» деген екен. Ертеңгі ұрпақ – келешектің кепілі. Солар періштедей таза, Ұлтым, Елім, Жерім дейтін Ұрпақ болсын десек, Ана тілімізді кіршіксіз сақтайық, ағайын!..

Дариға БИЛЯЛОВА,

мәдениет қызметкері.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button