Мемлекеттік саясатқа жастар келеді
Маусымның бірінен Президенттік жастар кадр резервіне кезекті іріктеу басталады. Осымен өткізгелі отырған бұл – төртінші іріктеу. Үш науқан барысында мемлекеттік қызметке 60 мыңнан астам адам қызығушылық танытқан. Нәтижесінде резервке 400 адам қабылданды. Оның 318-і мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдарға жұмысқа орналасты. Бұл – жалпы қатысушылардың – 80%-ы.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің басшысы, әдеп кеңесінің төрағасы Жандос Сәрсеннің айтуынша, биылғы науқанда ерекшелік бар.
– Төртінші іріктеудің ерекшелігі – резервтің әр салалық бағыты бойынша квоталар қарастырылып, іріктеу сол салалық бағыт бойынша ғана жүргізілетін болады. Атап айтқанда, «әлеуметтік саясат, азаматтық қоғам», «инфрақұрылымды, өнеркәсіпті дамыту және сауда саясаты», «экономикалық және қаржылық саясат», «цифрландыру», «агроөнеркәсіптік кешен және қоршаған ортаны қорғау», «сыртқы саясат және инвестициялар» бағыттарына бөлінді, – дейді спикер.
Кандидаттарға қойылатын талаптар бұған дейін өткізілген іріктеудің талаптары сияқты. Яғни, қатысушылардың жасы 35-тен аспауы, жоғары білімі, кемі бес жыл еңбек өтілі және қазақ тілін меңгеру деңгейі В1 деңгейінен төмен емес болуы тиіс.
Іріктеу бірнеше кезеңнен тұрады және 2025 жылдың маусым-қазан айлары аралығында өтеді. Оның қорытындысы бойынша резервке үздік 50 кандидат іріктеледі. Олар резервке қабылданған күннен бастап 3 жыл ішінде конкурстық іріктеуден өтпей-ақ, тікелей түрлі мемлекеттік лауазымдарға тағайындалуы мүмкін.
Қатысуға өтінімді pkrezerv.gov.kz сайтында 1-30 маусым аралығында беруге болады.
– Көрсетілген мерзім ішінде қатысушы ЖСН және электрондық поштаны енгізу арқылы сайтта тіркеуден өтуі қажет. Кандидаттың жасы тексерілгеннен кейін оған жеке кабинетте анкетаны толтыруға және қажетті құжаттарды жүктеуге мүмкіндік беріледі. Сайтқа тіркелу үшін жоғары білім туралы диплом, еңбек қызметін растайтын құжат және мемлекеттік тілді B1 деңгейінен төмен емес меңгергенін растайтын әрі жарамды Qazaq resmi test немесе Кaztest сертификатының көшірмелерін енгізуі керек. Сонымен қатар, жоғарыда айтып өткен алты салалық бағыттың бірін таңдауы тиіс. Әр салаға қажеттілігіне қарай квота бөлінеді, – деп атап өтті Жандос Шералыұлы.
Өтінім беру кезінде мемлекеттік тілді меңгергені туралы жарамды мерзімі бар сертификат болмаған жағдайда кандидатқа берілген промокод арқылы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ұлттық тестілеу орталығында мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін бағалау жүйесі – Кaztest бойынша сертификаттық тестілеуден немесе Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының базасында «www.qrt.kz» Qazaq resmi test тестілеудің онлайн-сервисінде тестілеуден бір рет тегін өту мүмкіндігі беріледі. Аталған промокодты кандидат жеке өзі пайдалануы тиіс.
Іріктеу Президент Жарлығымен бекітілген ережелерге сәйкес алты кезеңнен тұрады.
– Бірінші кезең – құжаттарды қабылдау және кандидаттарды тексеру. Екінші кезеңде қатысушының мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілеті бағаланады. Одан кейінгі кезеңде ситуациялық тапсырмаларды шешеді. Құзыреттерді бағалау және құзыреттер бойынша сұхбат төртінші кезеңде өтеді. Бесінші кезеңде сарапшылық комиссияда әңгімелесу ұйымдастырылады. Іріктеу соңғы кезең – ұлттық комиссия отырысымен аяқталады, – деп түсіндірді Жандос Сәрсен.
Спикердің айтуынша, Президенттік жастар кадр резервіне барлық өңірден қатысуға болады.
– Ауыл жастарының да қатысуға мүмкіндігі бар. Департамент мамандары жер-жерлерге шығып, науқан жайлы насихат жұмыстарын жүргізеді. Осы жолы өтпей қалғандар аумақтық кадр резервіне өту мүмкіндігі бар. Немесе келер жылы бағын сынап көреді. Резервте тұру уақыты аяқталған қатысушылар қайта құжат тапсыра алады, – деді Жандос Сәрсен.
Жансая ОМАРБЕК,
«Ortalyq Qazaqstan»