Мектепті сақтау – ауылды сақтау

Құрметті Салтанат Мірәсілқызы!

Айыртас ауылының тұрғындары сізге үлкен сеніммен хат жолдап отырмыз.

Шалғайда жатқан Айыртас ауылының жай-күйі сізге бес саусақтай белгілі. Кейінге дейін жол, су, жарық проблемасы сіздің алдыңызға талай сұрақ болып көлденең тартылды.

Бүгінде ауыл іргесі сөгілді. Жастар тұрақтамады. Соның салдарынан мектепте бала саны азайды. Мектепті сақтап қалу үшін оқушы санының талапқа сай болуы мақсатында жыл сайын бала іздеу басты мәселеге айналды. Аудан басшыларының қолдауымен, әртүрлі амал-тәсілдермен осы уақытқа дейін ауыл мектебін сақтап қалып отырдық. Келесі оқу жылына бар-жоғы 24 бала қалады. Ол – талапқа сай келмейді, демек, мектеп жабылады деген сөз. Олай дейтініміз: бастауыш сыныптар ғана қалатын болса бастауыш сынып та болмайды. Себебі, 1 сыныпқа бала жоқ; 3 сыныпқа – 1 бала; 4 сыныпқа – 4; 2 сыныпқа 4 бала ғана қалады. Ал, егер ата-анасы ақыры жоғары сыныптағы балам қаладан оқиды, мына балам да бірге барсын деген шешімге келсе, бұл сан да жоқ.

Ауылымыздағы өз шама-шарқынша мал шаруашылығымен айналысып, қарапайым тіршілік кешіп отырған халықтың ешқайсы көзі тірісінде баласын қала интернатына немесе туыстарының үйіне жіберіп оқытуды, тәрбиесін басқа біреуге жүктеуді қаламайды. Енді біреулері жұбайларын балаларымен қалаға жіберіп, өздері шаруашылығына ие болып қалуды ойлайды, онда да отбасы шырқы бұзылады. Енді біреулерінің қаладан үй алуға жағдайлары келмейді. Шағын мектептің проблемасын біліп, түсініп отыр, сонда да «Болат пышақ қап түбінде жатпас, оқитын бала өзі-ақ жарқырап шығады» деп балаларын ауылдан оқыта беруді, қастарынан жыраққа жібермеуді қалайды.

Ауыл әкімі мен ауылдың қоғамдық кеңесінің төрағасы, мектеп мұғалімі Ә.Сарыбаев бастаған ауыл азаматтары биыл да белсене ауылға адам тарту жұмысына кірісіп отыр. Жан-жақпен хабарласып, тынбай жұмыстар атқарып жатыр. Облыс орталығындағы «Шаңырақ» көпбалалы отбасыларды қолдау орталығына да ат басын тіреді. Нәтижесінде ауылға көшіп келеміз деген отбасылар хабарласып, ауылға келуге келісіп отыр.

Жаңа өмір бастап, ауылға келіп тұрамын деген отбасылар болса, құшақ жая қарсы аламыз. Ауыл азаматтары мен азаматшалары бос тұрған үйлерді жөндеуден өткізіп, дайындап жатыр. Көшіп келушілерге қалыптасып алғандарынша асарлатып көмектесеміз. Мал шаруашылығымен айналысатын азаматтар мал жағынан, отын жағынан қарайласады. Жұмысқа қабылданғанша қаражат жағынан да қолдау көрсетеміз. Ауылға келген бірталай отбасына қолдау көрсету жағынан тәжірибелендік. Көмегімізді қабыл алып, аяқтарынан тік тұрып кеткендер бар. Мал өсіріп тұрақтағандары да, үнемі майшелпек бола бермеді деп көшіп кеткендері де бар, бәрін бастан өткеріп жатырмыз. Патронаттық тәрбиеге бала аламыз деп қағазбастылық әуресінен де тауымыз шағылды. Ауылда бүгінгі таңда демографиялық өсімге үлес қосатын жас отбасылардан көрі егде тартқандар басым.

Жол бұрынғыдан көш ілгері. Ауыз су үйге дейін келіп тұр. Жарық сөнбейді. Нағыз денсаулыққа пайдалы экологиялық таза ауа. Табиғаты тамаша! Ерінбеген жанға Жер-Ана мал өсір, бақша ек деп мейірін төгіп тұр. Су үйге келіп тұрғандықтан, үйлеріне қаладағыдай евроремонт жөндеулер жасап жатқандар да бар. Осы жылдың соңына дейін ұялы байланыс келіп, интернет желісі де тартылады деп күтілуде.

Алайда, аудандық білім бөлімі бізге мектепті тоғызжылдық болып қалу үшін 1 маусымға дейін ғана мүмкіндік беріп отыр. Мектеп директоры 6 маусымда мектебіміздің 10 негізгі пән мұғалімдеріне аудан мектептеріндегі бос лауазымдарға орналасу жөніндегі ұсыныстарды тапсырды.

Сізден өтінеріміз: көшіп келетін отбасылардың балалары 19 маусымға дейін жазғы мектепте оқып жатқандықтан, балаларының құжаттарын қолдарына алғанша біраз уақыт бар. Көшіп келгеннен кейін Айыртас мектебіне тіркеліп, құжаттарын әкеледі. Ал бізді уақыт қысып тұр. «Айыртас негізгі орта мектебінің» бастауыш мектеп болып ауысу бұйрығын тым болмаса тамыз айына дейін тоқтата тұруға ықпал етуіңізді сұраймыз.

Салтанат Мірәсілқызы, мектепті сақтау – ауылды сақтау! Ауылды сақтап қалуға көмектесіңіз, өтінеміз!

Айыртас ауылының тұрғындары (барлығы 71 адам қол қойған).