«Озық дамыған мемлекет құру үшін біздің азаматтарымыз жаңаша ойлай білуге және жасампаздыққа ұмтылуы керек. Сол себепті, біз қоғамда білімпаздықты дәріптеуге, білім және ғылым саласын дамытуға баса мән беріп келеміз», – деген еді ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өткен Ұлттық Құрылтайда. Осы орайда Балқаш қаласындағы Әлімхан Ермеков атындағы мектеп-лицейінің ауласында жыл бойы жұмыс істейтін жылыжай ашылды. Бұл «Мектептің жасыл аумағы» жобасы Қарағанды облыстық Экомұражай қызметкерлері «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС және The Ulytau Educational Foundation қайырымдылық қорының қолдауымен жүзеге асырылуда.
Енді оқушылар тамшылатып суарылатын тәжірибелік алаңында көгалдандырумен өз бетінше айналысып, зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Бұған дейін дәл осындай тәжірибе шағын шаһардағы Русаков атындағы №2 мектеп-интернатында жасалған. Жоба жетекшілері балқаштық оқушылардан жақсы нәтиже күтіп отыр. Қазіргі таңда жоба аясында бұталар мен ағаштардың 100 көшеті отырғызылып, суаруға арналған контейнерлер орнатылды. Жылыжай мен зертханадағы сабақтар «Жаратылыстану» және «Биология» пәндері бойынша өтеді. Балалар Қарағанды өңірінің жағдайына бейімделген өсімдіктерді өсіру технологияларын таңдау бойынша зерттеулер жүргізетін болады. Жылыжай өнімдерін баптайтын бағбандар емес, оқушылар. Эко-жоба балаларға табиғатты қорғауды ғана насихаттамай, өсімдікті өсіріп, өнім алу жолдарын теориялық-тәжірибелік тұрғыда үйретеді.
– Академик Е.Бөкетов атындағы ҚарУ-дың ботаника кафедрасының оқытушысы Денис Сирман оқушыларға семинар өткізді. Ол өсімдік шаруашылығындағы жалпы принциптер мен заманауи технологиялар туралы айтып, зертханада, жылыжайда және тәжірибе алаңында жұмыс істеу бойынша егжей-тегжейлі ұсыныстар берді. Семинарда біз тұқымдарды қалай дұрыс отырғызу және өсімдік қалдықтарын компостау керектігін білдік. Сондай-ақ, өзіміздің алғашқы өсімдіктерімізді отырғыздық, оларға біз одан әрі күтім жасаймыз, – дейді Әлімхан Ермеков атындағы мектеп-лицейінің оқушысы Амелия Ысқақова.
Жоба авторлары атап өткендей, жылыжайда балалармен тек биология пәнінің мұғалімдері ғана жұмыс істей алмайды, ең бастысы – мұғалім балалармен де, өсімдіктермен де тіл табыса білуі керек.
– Қарағанды облысы үшін, атап айтқанда, Балқаш қаласы үшін экология мәселелері бірінші кезекте. Қазірдің өзінде бар және болашақта оқушылардың өздері мектеп аумағына отырғызатын ағаштар шуды азайтады және ауа сапасын жақсартады, – деді «Қарағанды облыстық экологиялық мұражайы» ҚБ өндіріс жөніндегі директоры Екатерина Оборина.
Айта кетейік, болашақта мектеп оқушылары жылыжай кешенінде ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізіп, республикалық байқауларда жұмыстарын қорғайтын болады.
Нұрдос КӘРІМ,
Ortalyq.kz