АқтоғайБас тақырып

Мектеп жабылды, асфальт салынды

Ақтоғай ауданы Айыртас ауылдық мектебінде биыл алғашқы қоңырау соғылған жоқ. Келесі кезекте қай ауыл тұр? Өткен оқу жылында Айыртас мектебінде оқыған 24 бала қайда кетті? Сұрақ көп. Жауап жоқ.

Хош, Айыртас ауылында мектепте оқитын бала саны аз делік. Онда болашағы жоқ ауылға осыдан 3-4 жыл бұрын не үшін «Ақбұлақ» бағдарламасы арқылы мемлекет есебінен қыруар қаржы жұмсап, ауыз су тартты. Ақтоғай ауданы әкімінің коммуналдық сала бойынша орынбасары Қ.Қошантаев: «Өткен жылы «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы бойынша Қусақ, Айыртас ауылдарына асфальт төсеп үлгермедік. Ол жұмыс биыл жалғасын тауып, аталған ауылдарға 28 миллион теңге қаржы бөлініп, жұмысы жанданып, жалғасын тапты» деп отыр. Сонда не үшін жергілікті бюджеттен қомақты қаржы бөлініп, мектебі жоқ ауылдың көшесіне асфальт жолтөселіп жатыр. Әлде аудан басшылығы Мемлекет басшысының «Болашағы жоқ ауылдарға мемлекет қаржысын босқа шашпаңдар» деген талабын білмей ме?

Статистикалық мәліметке көз жіберсек, еліміз Тәуелсіздік алар алдында Ақтоғай ауданында халық саны 31 мыңнан асып жығылыпты. Бүгінгі ол көрсеткіш 17 мыңға кеміген. Бұдан шығатын қорытынды Ақтоғай ауданы 30 жыл аралығында халқының тең жарымына жуығын жоғалтып отыр деген сөз. Демек, аландауға негіз бар. Айыртас мектебінің тағдыры Ақтоғай ауданының басына келмесіне кім кепіл?! Өйткені, Ақтоғай ауданы бойынша жаңа оқу жылында мектеп табалдырығын аттап отырған оқушы саны 2 934 екен. Ал, аудан орталығындағы екі мектепте оқитын бала санын қосып есептегенде 600 оқушыны ғана құрайды. Бұл Ақтоғай секілді үлкен аудан үшін тым аздық ететін көрсеткіш екені талас тудырмаса керек. Айыртас аудан орталығынан 250 шақырым қашықтықта орналасқан. Басты проблемасы – ауыл тұрғындары санының аздығы. Осы уақытқа дейін бұл мәселеге ауыл әкімінің мән беріп, алдын алуға қарекет жасамағаны таң қалдырады. Тіптен аудан атқамінерлері мұндай тосын жағдайдың орын аларын күні бұрын болжап, күтпеген де болуы керек. Күні бұрын болжаса халық саны аз, Айыртас секілді ауылдарға қандастарымызды шақырып, қоныстандыру арқылы проблеманы шешуге болар еді ғой. Бірер жыл бұрын Ақтоғай ауданына қарасты Қарабұлақ ауылына Ақмола облысынан Қытайдан елге оралған қандастарымыздың он шақты отбасы көшіп келіп, қоныстанған. Олардың бірі қазіргі таңда ауыл басындағы мектепке жұмысқа тұрып, енді бірі, шаруа қожалықтарына жалданып еңбек етіп жүр. Балалары Қарабұлақ мектебінде оқушы санын арттырып, білім алып жатыр.

Жақып Баймолла есімді азамат аудан орталығына орнығып, Жидебай ауылының аумағында егін салумен шұғылданып отыр. Бір тілдескенімізде «Алдағы күндері жер асты суын пайдаланып, суармалы егіспен айналыспақпын. Жер берсе Айыртас ауылын адамға, мектебін оқушыға толтырар едім» деген ойын да білдірген. Егер де ауданға осындай өзге елден Отанына оралған қандастарымызды тартып, Айыртас секілді халық саны аз ауылдарға қоныстандырғанда, бұл проблема бүгінгі күні туындамас па еді?

Еліміздің басты байлығы – адам дейміз. Дей тұрғанмен, аудан халқының саны жылдан жылға кеміп бара жатқанын естен шығармайық. Айыртастың кебін өзге ауылдар кимесін десек, бұл мәселені шешудің жолдарын осы бастан қарастырып, қолға алмасақ, кеш қалып, бармақ шайнап қаларымыз анық. «Ауылдан ел кетіп жатыр» деп қол қусырып қарап отыруға болмайтын шығар.

Мүсіркеп СЕЙДАХМЕТ.

АҚТОҒАЙ ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button