Жаңалықтар

«Мейкатон» – мүмкіндіктер алаңы

   Халықаралық «Мейкатон» марафоны Қазақстан, оның ішінде Қарағандыда қазір. Израильдан басталып, тәжірибе жүзінде жемісін беріп үлгерген 72 сағаттық марафон АҚШ-та да нәтижелі іске асқан екен. Қазақстан бойынша тұңғыш рет Павлодар облысында ұйымдастырылса, Қарағандыға келген бетте 10 қарашадан бастап жұмысқа кірісіп те кетті. Сонымен, небары 72 сағатта жүзеге асатын бұл өзі қандай жоба дейсіз ғой?..

Негізі, бұл «Мейкатон» – мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек көрсететін 72 сағаттық марафон. Соның ішінде біздің Қазақстанда осы «Мэйкатон» марафоны аясында «ТOM: Kazakhstan» деген жоба жүзеге асуда. Мұнда жобаға қатысушы командалар мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселесін жеңілдетіп, шешіп беру жолында қам-қарекет қылады. Яғни, мүгедек жандардың мүмкіндігін арттырады.

«ТОМ: Қазақстан» жобасының үйлестірушісі Жанна Милатханова игі бастама Қарағанды облысы әкімдігі және Медицина университетінің қолдауымен өтіп отырғанын мәлімдеді. Бүгінге дейін жобаға қатысушы 10 команда жасақталыпты. Әр командада 5 адамнан. Олардың әрқайсы әр түрлі сала өкілдері. Медицина, «ІТ» (Айти) салаларының мамандарынан бастап, инженерлер мен өнертапқыштар да бар. Марафонға қатысушылар өздеріне тиесілі 72 сағат ішінде алдарына келген мүмкіндігі шектеулі жанның мәселесімен айналысып, оны шешпейінше дамыл таппайды. Түбегейлі шешіп тастамағанның өзінде, жеңілдетіп береді. Мәселен, тағдыр тәлкегімен тән кемістігін тартып отырған бір жанның мәселесін жақсы жолға қойып берсе, сондай бейнет кешуші бірнеше адамның мәселесін шешкен болады. Мысалы, көп үйлерде мүмкіндігі шектеулі жандар арбасына пандустар қарастырылмаған. Осыны ескерген жоба қатысушылары арбаға баспалдаққа ешкімнің көмегінсіз-ақ өзі түсіп-міне алатын қозғалтқыш салып бере алады.

Біз барған күні марафон Қарағанды мемлекеттік медицина университетінің қабырғасында басталып та кетіпті. Жобаға қатысушы 10 команда тұс-тұстан мүмкіндігі шектеулі жандармен жұмыс істеп жатыр екен.

«Біздің команда жұмыс жасап жатқан бұл кісінің белден төмен екі аяғы жұмыс істемей қалған. Сол себепті, арбамен жүріп-тұрады екен де, баспалдаққа келгенде көмекке екінші адам керек болып қалады. Қазір біз баспалдақпен бір өзі түсіп-міне алатын, электр қуатымен қозғалатын арба жасау қамындамыз» дейді Қазақ ұлттық техникалық университетінің студенті Мұқағали Есіркепов. Ал, өзінің осындай жағдайын айта келген мұқтаж жігіт «мына арба жасалып, мәселе шешіліп кетсе, жалғыз менің ғана емес, мен сияқты барлық жанның алғысына бөленер едіңіздер» дейді.

Ал, енді мына бір команда арнайы кастюм тігумен шұғылдануда екен. Команда мүшесі, Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің ІІІ курс студенті Жанар Дүйсеннің айтуынша, бұларға өздігінен жүре алмайтын (ДЦП) 15 жасар қыз келіпті. Команда мүшелері үйдің үстіңгі қабырғаларына темір белдеулер тартып, одан жіп түсірмекші. Бұлар тігіп жатқан әлгі костюм осы жіппен мықталып байланады. Бала бірте-бірте жіптің көмегімен жүріп кетуі бек мүмкін…

Жәнібек ӘЛИМАН     

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button