Мейірім жүрек жібітер
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен «Зекет және қайырымдылық» қорының Қарағанды облыстық өкілдігі әлеуметтік көмекке мұқтаж он отбасыға қаржылай көмек көрсетті.
Атап айтқанда, әр отбасыға 100 мың теңгеден, жалпы мөлшері 1 млн. теңге қаржылай жәрдем көрсетілді. Қарағанды облысының бас имамы Естай Айтуғанұлының қолдауымен жүзеге асып отырған шараның мақсаты – жалғызбасты, көпбалалы аналарға қарайласу, мүмкіндігі шектеулі науқас жандарға қол ұшын созу.
Игі істің басы-қасында жүрген «Зекет және қайырымдылық» қорының жауапты өкілі Асылхан Рахымжанұлы жиналған қауымға жүрекжарды тілегін айтып, облыс бас имамының ыстық сәлемін жеткізді.
– Негізінен көмек жалғызбасты аналарға жасалды. Әлеуметтік желіде ол кісілермен ортақ чат бар. Сол жерде қандай да бір өтініш айтылса, оны орындауға тырысамыз. Алдағы уақытта мүмкіндігі шектеулі адамдарды ыстық тамақ, тәттілермен қуанту жоспарымызда бар, – деді Асылхан Түсібеков.
Өз тілшімізден.