АймақБалқаш

Мейірім толы мекен бұл

Әйелдер қауымы қазіргі қоғамда қай салада болмасын жемісті еңбек етіп, түрлі нәтижелерге қол жеткізуде. Қай істі қолға алса да, ұқыптылық пен жауапкершілікті басты назарда ұстауы әркімге үлгі. Басым бөлігі қыз-келіншектер жұмыс істейтін ұжымдар да баршылық. Осындай еңбек ұжымдары қатарында белсенді жұмысымен, тынымды ісімен танылған Балаларға арналған оңалту орталығы да бар.

Орталықта 39 әйел қызмет етуде. Мұндағы жандар кішіпейілділікті ұстанатын мықты мамандар. Олар облыстың түпкір-түпкірінен келген сал ауруына шалдыққан және туабітті ақауы бар балаларға оңалту көмегін көрсетіп келеді. Бүгінде бір жарым жастан 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдерді қабылдайтын мамандандырылған орталыққа жүгінушілер жетерлік. Орталық осы уақытқа дейін қаладағы жүйке жүйесі ауыратын, тірек-қимыл аппараты зақымданған және басқа да кемістігі бар балалар мен жастарға әлеуметтік оңалту қызметін көрсеткен. Кейбір науқастардың денсаулығы жақсарған. Айталық, қимылсыз жандар жүріп, сөйлей алмайтындардың тілі шыққан. Заманауи үлгіде жабдықталған орталық оңалту, әлеуметтік-мәдени, спорттық сабақтарды кешенді түрде жүргізуге, қызмет сапасын арттыруға жол ашып отыр.

Балаларға арналған оңалту орталығының басшысы Дина Жамбекованың айтуынша, орталық қызметкерлерінің басым бөлігі қыз-келіншектер. Олардың арасында педиатр, ортопед-травматолог, реабилитолог, психолог, невропатолог, логопед, дефектолог, дене шынықтыру мұғалімдері және басқа да мамандар бар.

– Біздің орталық – өңірдегі, оның ішінде, шалғайдағы елдімекендегі тұрғындардың сапалы әлеуметтік қызметтер алуына жағдай жасайды. Ерекше күтімді қажет ететін балалардың денсаулығын нығайтып, жағдайын жақсарта алады. Осы жұмыстарды мінсіз атқаратын ұжымда әйелдер қауымына алғысым шексіз, – дейді Дина Жамбекова.

Нұрдос КӘРІМ,
«Ortalyq Qazaqstan»

БАЛҚАШ
Сурет автордан

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button