Жаңалықтар

Мейірім шуағы төгіліп тұратын

Сурет марқұмның әлеуметтік желідегі мұрағатынан

Ақтоғайдың ар әлемін жүрегіне сыйдырып, адамзатқа ортақ абыройды арқалап, тектіліктің төрінен өз орнын тауып, кісілігін кішіпейілділігінің мұратына айналдырып, қалтасында қаламын, санасында туған жерінің тағдырын сақтап, мейірімінің шуағы төгіліп тұратын жібектей мінезімен жан біткеннің көңілін жұбатып, бүкіл ғұмырын туған елі мен туған жерінің тарихын, жан біткеннің жақсылығы мен жетістігін жазып қалдыруға арнаған Арқаның ардақты азаматы Оралбек бауырымыздың кенеттен көзден ғайып болған ауыр қазасы қабырғамызды қайыстырып, күйзеліске түсіріп, жалған дүние делінетін бес күндік өмірдің зіл батпан салмағын салып отыр. Кеше ғана Есілдің жағасында аршынды адымдап, таң рауанының шұғыласына бөленіп, нұрлы жүзі алаулап, терең ойға шомып кетіп бара жатқанын көрген едік. Менің жүрегім тоқтаған күнде де «еліме деген асыл-мұратым мен сағынышым, Есілдің ағысындай толқынданып, жалғасын таба берсін» дегені ме?

Кейінгі кездері, әр жылдарда ел азаматтары туралы тебіреніспен жазғандарын әлеуметтік желіде жиі-жиі жариялауының өзі қаламгерлік талантымен қоштасуы болды ма екен? Оралбек бауырымыздың жарқын бейнесі табиғи журналиске тән талантымен, жанға жайлы салқын қанды сабырлығымен, ақкөңіл, биязы, жылы жүзді көркем мінезімен, әңгімешіл, әншілігімен, сыпайы бауырмалдығымен өзін білетін жалпақ жұрттың жадында қимастықпен сақталады. Ардың жүгін Ақсораңдай биіктікке көтеріп, ел-жұртының абыройы мен алғысына бөленіп, жайсаң азаматтықтың тұлғасы болып, абыздыққа тән баянды өмір сүрген Оралбек бауырымыздың жаны жәннатта, тәні рахатта, пейіштің төрінде болсын.

Қош бол!
Кең құшағыңа әлем сыярдай болып көрінетін қайран бауырым…

Тұңғышбай МҰҚАН,
Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы

Басқа материалдар

Back to top button