Мейірім мейрамының мейманасы
Ортақ тарихи тағдырды біріктіретін белгі ретіндегі Алғыс айту күні – ерекше мәнге ие. Қазақ елінің игі дәстүрлерінен бастау алатын ізгіліктің жарқын үлгісін бойларында сақтап, ұрпағына жеткізіп қана қоймай, үнемі құрметтеп жүрген өзге ұлттар осы күні дархан қазақ еліне шексіз алғыстарын жеткізді. Туған жерінен үдере көшіп, дүниенің бәрі қас түнекке айналғанда өзі де әупірімдеп күн кешкен қазақ отбасылары оларды өзегінен теппей, мейірбандылық танытты. Алғыс айту мерекесіне жиналғандардың бұл күннің маңызын жақсы білетіні де, құрметтейтіні де осыдан.
К.Станиславский атындағы Қарағанды облыстық орыс драма театрында Алғыс айту күніне арналған салтанатты шара өтті. Қазақстандықтардың ортақ мерекесіне айналған, елімізде тұратын барлық ұлттар мен ұлыстардың бірлігін паш етіп, ақжарма пейілмен айшықталатын бұл мереке елімізде осымен төртінші рет аталып өтіп отыр. Шараға аймақ басшысы Ерлан Қошанов, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, этномәдени бірлестіктердің, жастар қанатының өкілдері мен қала тұрғындары қатысты.
«Өз тарихыңды ұмытпа және оны мақтан ет» тақырыбы аясында өткен шарада жергілікті қымыз және құрт өндірушілер дәмдерін ұсынып, облыстық тарихи-өлкетану мұражайы экспонаттарынан «Ұлы Даланың жеті қыры», «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу» мұражайы «Зұлмат жылдар жадымда» көрмелерін ұйымдастырды. Көрмеге қойылған әр баннерде Қазақстанға жер аударылғандардың өмірінің әр кезеңінен сыр шертілді. Бұл жерде олардың пайдаланған заттарынан бастап, осы жерде, осы елде тұрып, Қазақстанды бірге көтерген еңбектері туралы айтылатын кітаптар да бар.
Андрей ДРЕБЕЗГОВ, Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу мұражайының бөлім басшысы:
– Қазақстанға жер аударылғандар кейін көмір өнеркәсібінің, түсті металлургияның, ауыл шаруашылығының дамуына өз үлестерін қосты. Қарағанды көмір бассейні Одақтағы үшінші көмір бассейніне айналды. Көрмеде қойылған кітаптардың бәрі осы кезеңдер туралы айтады. Жер көлемі бойынша Франция шекарасындай болатын ҚарЛаг-та 26 лагерь бөлімі орналасқан. Бұл жерде тұтқында болғандар ҚарЛаг-тың конструктор бюросында, ауыл шаруашылығын да, зертханаларда жұмыс жасады. Кейіннен соғысқа аттанып, Кеңес Одағының батырлары атанды. Көрме сөрелерінен, сондай-ақ жер аударылғандардың пайдаланған дүниелерін, саяси тұтқынның күнделігін көруге болады. Тіпті, солардың қолынан шыққан, мина да бар. Майданға Қарағанды жерінен бес жүзге тарта вагонға тиелген мина жіберілгенін де айту керек.
Театр холында «Достық үйіндегі» шығармашылықты дамыту сабақтарында этномәдени бірлестік өкілдері дайындаған «Ұлы Дала әнұраны» атты киіз бұйымдары да келушілер назарына ұсынылды.
– Жер аударылған әр отбасының сол бір зұлмат жылдардан айтары бар. Үлкендеріміз бізге бір үзім нанның қадірі мен татулықтың, мейірімділіктің мәнін ылғи айтып отыратын. Біз оны жадымыздан әсте шығармаймыз. Қазақ еліне мың алғыс айта отырып, мемлекетіміз биік мұраттарға жете берсін дейміз. Ал, кейінгі толқын жастар бейбітшілік пен келісімді көзінің қарашығындай сақтаса екен, – дейді «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы Увайс Джанаев.
Шараға ұлттық киімдерімен келіп, бір-бірін құшақ жая құттықтап, алғыстарын білдірген қонақтар ЮНЕСКО клубтары Қазақстан Ұлттық Федерациясының Қарағанды облысындағы жергілікті мектебінің үздік суреттері көрмесін тамашалады. Көрмедегі мольбертте аяқталмаған сурет пен қылқалам, бояулар да қойылғанын айта кету керек. Қонақтар суретті жалғастыру мүмкіндігіне ие болды. Мереке соңында сурет «Достық» композициясымен мерекенің мерейін көтерген қаладағы «Балақай» балабақшасының кішкентай өнерпаздарына сыйға тартылды.
Шараның екінші бөлімі ақын Ғалым Жайлыбайдың поэмасының желісімен қойылған Серке Қожамқұлов атындағы Жезқазған театрының «Қара орамал» спекталімен жалғасты. Әскери тұтқындар ұсталған Қарағанды лагері жайлы баяндалатын қойылым соңында аймақ басшысы Ерлан Қошанов сахнаға «Ықылас гүлін» қойып, театр ұжымына алғысын білдірді.
Салтанат ИЛЬЯШОВА,
«Орталық Қазақстан»