Мейіріңді аңсадық
«Қай балаңызды бәрінен артық жақсы көресіз?» деп сұрағанда кез келген ана «Менің мейіріміме қай балам көбірек мұқтаж болса, сол балапанымды көбірек жақсы көремін» деп жауап береді екен. Демек, әр ана өзінің тоғыз ай, тоғыз күн толғатып тапқан барлық перзентін бірдей жақсы көреді деген сөз. «Баламның табанына кірген шөңге менің маңдайыма қадалсын» деп бәйек болып, айналып-толғанатын аяулы аналар туралы қанша тебірене қалам сілтесек те, аз. Осындай мәрт жүректі, алтын құрсақты ардақты аналардың бірі – Роза Ыбырайқызы Боранбаева болатын. Тірі болғанда 7 қаңтарда 86 жасқа толар еді. Өмірден өткеніне де 5 жылдың жүзі болды.
Роза Ыбырайқызы – 1938 жылы шежірелі Шет ауданы, Ақсу-Аюлы кентінде дүниеге келген. Роза анамызға отаншылдық рух, адал еңбекке деген ынта әкенің қанымен, ананың сүтімен келген десек, артық айтқандық емес.
«Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген даналық сөз бар қазақта. Роза анамыз да асқар таудай әкесі мен ақ жаулықты анасының еліне адал қызмет етіп, халықтың алғысына бөленіп, тату-тәтті ғұмыр кешкенін көзімен көріп өсті.
Атап айтсақ, әкесі Ыбырай Боранбаев – 1934-1935 жылдары Қоңырат аудандық партия комитетінің екінші хатшысы, 1936-1937 жылдар аралығында Жаңаарқа ауданы партия комитетінің екінші хатшысы болған. Ал, анасы Нағима Боранбаева 1943-1944 жылдары Шет ауданы, өндіріс комбинаты «Жаңаталап» артелінде директор, 1949-1955 жылдары Шет ауданы, Ақшоқы селолық кеңесінің төрағасы және басқа да жауапты қызметтерді абыроймен атқарған.
Тағы бір айта кететін дүние, анамыздың шыққан тегі туралы. Арғы тегінің шыққан жері – қазаққа талай алыпты сыйлаған киелі Семей өңірі. Руы – Тобықты. Ұрпақтарының естелігіне сүйенсек, «Мен Семей жақтың Тобықтысымын. Хакім Абайдың ұрпағымын» деп айтып отырады екен. Яғни, Шыңғыстау өңірін мекендеген Тобықты елі. Текті ұрпақтың тегіне тартып тууы ақиқат.
Осы тұста анамыздың өмірлік жолдасы Марс Еренбекұлы Төлеуқұлов туралы айта кетейік. Марс Еренбекұлы қоғам қайраткері, Қарағанды қаласының Құрметті ардагері, «Шет ауданының Құрметті азаматы». Елге еңбегі сіңген, тұтас Арқа аймағына сыйлы арда азамат. Руы – Арқаның төсін ен жайлаған Қаракесек елі, Сарым бұтағының, Дербісалы батыр тармағынан. Ал, енді өзіңіз ойлай беріңіз. Өз жұрты атақты Тобықты болса, түскен жері Сарым, Дербісалы болса, жастайынан уызына жарып, әке-шешесінен бір өмірге жетерлік үлгі-өнеге алып өссе, Роза анамыз қалай осал болсын?!
Марс Еренбекұлы екеуі отбасы дейтін қастерлі ұғымды көздің қарашығындай сақтап, селкеусіз сезімге кірбің түсірмей, қол ұстасып тату-тәтті өмір сүрді. Саф махаббаттарының жемісі екеуінен тараған жеті перзент. Алла берген жеті баладан немере-шөбере сүйіп жатыр. Көпбалалы ана «Алтын алқа» иегері атанды. Алланың бергеніне шүкіршілік етіп, ғұмыр кешті. Адалдықтан бір сәт те тайқыған жоқ.
Көздерінің ағы мен қарасындай ұл-қыздары Марат, Дина, Қымбат, Гүлмира, Талғат, Дана, Бауыржанның әрқайсысы бүгінде бір-бір шаңырақтың иесі. Барлығы жоғары білімді, өздері қалаған мамандықтың білгірлері.
Балаларын ешкімнен кем қылған жоқ. «Қанаттығы қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай» қатарының алды қылып өсірді. Қазақта «Балаңды тәрбиелегің келсе, өзіңді тәрбиеле» деген сөз бар. Роза анамыз бен Марс әкей өздерінің өнегелі өмір жолы арқылы үлгі көрсете білген сұңғыла жандар. Сонымен қатар, «Балаңды аясаң, аяма» деген халық даналығын да жете түсініп, «Балаңа балық берме, қармақ бер» деген қағиданы ұстанып, әрбір баласын жастайынан еңбекке баулып, жеті атасын жаттатып, салт-дәстүрге қанық қылып өсірген. Шектен тыс еркелетпей ұлды ұлша, қызды қыздай етіп, мәпелеп жеткізді. Бүгінде олардың әрқайсысы бір салада табанды еңбек етіп, әке мен ана жолын жалғап келеді.
Бүгінде Төлеуқұловтар әулетіне ел сүйсінеді. Қызыға да, қызғана да қарайды. Тамырын тереңнен тартқан бәйтеректің бұтақтары жайқалып, жапырақ жаюда. Еліне, жеріне сая болуда. Бұл – ананың ақ сүтінің, әкенің ақ адал тәрбиесінің ақталып, арманының орындалғаны. Ұрпақтан-ұрпаққа ауысып отыратын ізгілік, адамгершілік, үлкенді құрметтеу, кішіге ізет көрсету бүгінде Марс әкеміздің әулетінде осылайша ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келеді. Осындай алтын арқаудың үзілмей, жалғасуына үлкен еңбек сіңірген ол, әрине – ел анасын атанған Роза Ыбырайқызы.
Роза Ыбырайқызы ұстаздықты жанына серік етіп, тарих, география пәндерінен сабақ беріп, тұтас саналы ғұмырын шәкірт тәрбиелеуге арнады. Бойындағы бар асыл қасиетті, бар білімін қаракөз шәкірттерінің санасына құйды. Білімді әрі жан-жақты көптеген шәкірттің қанатын қатайтып, қияға ұшырған абзал жан. Бүгінде олар да еліміздің әр бұрышында абыройлы қызметте. Ыбырай, Ахмет, Мағжандардың сара жолын жалғап, «Ұстаз» дейтін ұлы атқа лайық бола білді. Еңбегіне сай сый-құрметтен де кенде емес.
Роза Ыбырайқызы шәкірттерінен белгілі ғалым Айгүл Ісмақованың есімін атасақ жеткілікті. Бір бейнежазбасында Айгүл шәкіртінің оқушы кезінен өте алғыр болғанын айтыпты Роза анамыз. Демек, негізі мықты қаланған. «Ұстазы мықтының, ұстамы мықты» деген сөз бекер айтылмаса керек.
Роза Ыбырайқызын жан жары Марс Еренбекұлы мен соңында қалған саналы ұрпағы сағына еске алады. Жылы жүзі мен мейірімге толы бейнесін жүректерінің төріне мықтап бекіткен. Естерінен шығармай, үнемі басына барып, зиярат етеді. Құран бағыштап, дұға тілейді. Біз де соңында салиқалы ұрпағы бар Роза анамыздың жатқан жері жарық, жаны жәннатта болғай деп тілейміз!
Жәлел ШАЛҚАР,
Ortalyq.kz