Бас тақырып

Маздатты жырдың домнасын

Қазақ өнерінің ақсүйегіне айналған айтыс – бүгінгі таңда қанатын кеңге жайып, өсіп-өркендеп келеді. Сонау жылдары «өлдіге» саналған ұлттық өнерді ақын Жүрсін ЕРМАН қолға алып, республикаға шығарды. Әлемге әйгіледі. Бүгінде Жүрсіннің жүйріктері атанған шәкірттері ұстаз салған сара жолмен жүріп, айтыс өнерін насихаттап келеді. Ал, бүгінгі домбыра ұстаған жас жүйріктер елге танымал Тілеген ӘДІЛОВ, Айтбай ЖҰМАҒҰЛ, Төлеген ЖАМАНОВ, Мақсат АХАНОВ, Дидар ҚАМИЕВ сынды айтыс дүлдүлдеріне еліктеп өсіп келеді. Оған дәлел, Nur Otan партиясының қолдауымен ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Жауыртаудағы кездесу» фестивалі аясында «Тұғыры биік Теміртау» атты құрыш қалада алғаш рет өткен облыстық ақындар айтысы десек, артық айтқанымыз емес. Жас ақындар Теміртау аспанын дүбірге бөлеп, қара домбырамен сөз өнерінің қасиетін танытты.

Ел «Теміртауда айтыс өтеді» дегенді ести сала жапа-тармағай билет алған сыңайлы. Қала тұрғындары мен қонақтары бір сағат ерте келіп, залдан орын алған. Ине шаншар жер жоқ. Бұл, әрине, қалада алғаш рет ұйымдастырылған шара үшін үлкен мәртебе! Кештің тізгінін облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің басшысы, айтыскер ақын Айтбай Жұмағұлов ұстады.

Жас ақындар Тәуелсіздік алғаннан кейінгі 30 жылда жеткен жетістіктерді, Тұңғыш Президенттің тұғыры болған Теміртау қаласын жырға қосты. Байқауға қатысқан 14 жас ақын жұпқа бөлініп, өнерін ортаға салды. Ал, жұпқа бөліну рәсімі көпшіліктің алдында жеребе арқылы анықталды. Осы бәйгеге Теміртау 4 бірдей сәйгүлігін қосты. Сонау жылдары қазағы емес, өзге жұрты басым құрыш қаланың бүгіні – осыдан-ақ аңғарылса керек.

Филология ғылымдарының докторы, профессор Қойлыбай Асанов бастаған қазылар алқасының құрамында әнші, Құрмет орденінің иегері Сержан Мұсайын, Теміртау қаласы әкімінің орынбасары Самат Зияшев, Елбасының үзеңгілес досы, Теміртау қаласының Құрметті азаматы Қуаныш Омашев пен айтыскер ақын Дидар Қамиев, Мақсат Аханов болды. Теміртау халқы сахнаға шыққан ұлын жатсынбай, бауырына тартып, қошеметін аямады.

Алғашқы болып сахнаға шыққан Самат Думан мен Бекарыс Оспановтың жұбы ұзақ айтысты. «Көш бастау қиын емес, қонатын жерде су бар. Шаршы топта сөз бастау қиын, шешімін таппас дау бар» (Бұқар жырау). Әрине, алғашқы болып шыққан жас ақындарға қазылар алқасы түсіністікпен қарап, оң бағасын берді. Екеуінің айтысы бір сағатқа жуық созылса да ел қошемет көрсетіп, демеу беріп отырды. Екінші болып сахнаға шыққан Жанарыс Тілеубек пен Төрехан Советтің жұбы да көптің көңілінен шыққан айтыс жасады. Кешегі Теміртаудың өткені мен бүгінін жырға қосып, ел мерейін асырды. Ал, қарағандылық Жандос Бақыт пен шеттің азаматы Мұхтар Әділовтің жұбын көрермен көп күтті ме, зал бір көтеріліп қалды. Екеуі де елге енді танылып келе жатқан жас ақындардың бірі әрі бірегейі. Бұған дейін біршама байқауларға қатысып, топ жарып жүрген жас тұлпарлар. Алайда, қазылар құрамы Мұхтардың өнеріне жоғары баға беріп, ақтық кезеңге жолдама берді. Негізі, Мұхтардың айтысу стилі өзгелерден дара. Салмақты, сабырлы қалпымен қарсыласы жайлы әріден қозғап, қамшының астына алып, үлгі боларлық айтыс көрсетті. Бұдан кейінгі шыққан Сырым Бейсенбек пен бұқаржыраулық Доскей Ботпай, Нұрлыбек Төкен мен Әлихан Ерғалиев те айтыс көрігін қыздырды. Олай деуіміз, көрермен қошеметі ерекше соғылды. Әлихан Сейфолла мен теміртаулық Еркеғали Бекболат айтысқанда қошемет өзгелерден ерекшелене түскендей. Теміртаулықтар өзі жаратып, бәйгеге қосқан тұлпарының шабысына шабыс, шабытына шабыт беріп, қанаттандырып отырды. Ал, алғашқы айналымды тәмамдаған Нұрсұлтан Рымбай мен Нұрмұхаммед Байсүгіров жұбы да өзгелерден даралана түсті. Бір бірін қалжыңмен қағытып айтысты. Ойдың тұнығын, сөздің шымырын теріп әдемі айтыс көрсетті. Қазылар алқасы қос қарсыластың айтысына жоғары баға беріп, ақтық кезеңге екеуін де шығарды. Бұдан бөлек, Жанарыс Тілеубек, Еркеғали Бекболат, Әлихан Ерғалиев пен Мұхтар Әділов қазылар алқасының шешімімен финалға өтті.

– Айтыс жоғары деңгейде, ерекше болды. Өз басым республикалық, аламан айтыста бірнеше мәрте қазылар алқасының құрамында болғанмын. Осы байқау сол республикалық айтыстардан кем өткен жоқ. Жас ақындардың бәрі бірінен-бірі өткен. Аттың жалы, түйенің қомында суырып салып, сөз барымтасын жасады. Теміртау тек кеннің, қазба байлықтың ошағы ғана емес өнердің, қазақы рухтың мекені. Сондықтан бұл жерден қазақтың өнері, өлеңі өшпеуі керек, – деді қазылар алқасының төрағасы Қойлыбай Асанов.

Ақтық кезеңге жолдама алған айтыскерлерді қазылар алқасы жұптап, айтыс шартын өзгертті. Бұл жолы қос қарсылас суырып салып айтыспақ. Қызық енді басталды. Ақтық кезеңде елдің үлкен тартыс күтетіні белгілі. Ал, бұл кезеңдегі ең басты сұрақ, «қай жүйрікті кіммен жұптайтыны». Ақтық кезеңнің алғашқысы боп теміртаулық Жанарыс Тілеубек пен Нұрмұхаммед Байсүгіров шықты. Жанарыс айтыстың деңгейін көтеріп, жақсы айтыс көрсетіп жүрген жастардың бірі. Алғашқы айналымнан-ақ, өзін көп алдында шешендігі мен тапқырлығы ел есінде қалып, қазылар алқасының жоғары ұпайын еншілеген жүйрік. Кешегі өткен Сәтбаев қаласындағы аламан айтыста жақсы өнер көрсетіп, мол тәжірибе жинап келген еді. Суырып салманың қас шебері атанып кеткен қарсыласы Нұрмұхаммед те осал емес. Ақтық бәсекелерде қарсыласын сөзден талай тосылтып, шаң қаптырып жүрген жан. Сондай-ақ, Еркеғали мен Нұрсұлтан, Әлихан мен Мұхтар жұбы көрерменге естен кетпес айтыс көрсетті. Еркеғали талай айтыстың бас жүлдесін алып, облыс намысын көтеріп жүрген жас жүйрік. Нұрсұлтан да айтыс десе ішкен асын жерге қоятын жүйріктің бірі. Ал, Әлихан болса кеше ғана Шабыт университетінің «айтыс өнері» мамандығына грантқа түскен жас ақын. Қарсыласы Мұхтар сол оқу орнының IV курс студенті.

– Жастар арасындағы үлкен айтыстың өтуі бірінші рет. Бұл біз үшін үлкен мәртебе. Енді жыл сайын дәстүрлі түрде өткізетін боламыз. Келер жылдан бастап жастарды ынталандыру мақсатында жүлде қорын ұлғайтпақ ниетіміз бар. Қазіргі таңда қаладағы өнер мектебіндегі үйірмеге қатысушылардың қарасы көп. Келер жылдан бастап, айтыс сыныбын ашып, үлкен өнерге баулимыз, – дейді Самат Саятұлы.

Айтыстың қорытындысы бойынша Шет ауданының атынан шыққан Мұхтар Әділов Бас жүлде иегері атанды. І орынды теміртаулық жас дүлдүл Бекболат Еркеғали еншіледі. ІІ орынды қарағандылық Нұрсұлтан Рымбай мен теміртаулық Жанарыс Тілеубек, ІІІ орын теміртаулық Ерғалиев Әлихан мен Шахтинскіден келген Нұрмұхаммед Байсүгіровке табысталды. Сонымен қатар Сырым Бейсенбековке Құрметті металлург Арғын Жүнісов атындағы, қарқаралылық Бекарыс Оспановқа Жүрсін Ерманов атындағы арнайы жүлде табысталды.

– Қай жағынан алып қарасақ та айтыс жоғарғы деңгейде өтті. Ақтық бәсекеге өтпесем де халықтың ықыласымен арнайы жүлде иелендім. Байқауда бабы мен бағы қатар шапқан бауырларым үшін қуаныштымын. Қарсыласым Доскей Ботпаймен Ағадырда өткен айтыстың финалына қатар шықсақ та айтысып көрмеппіз. Екеумізге Теміртауда айтысу бұйырып тұр екен. Өз басым оны жас ақын, айтыскер ретінде қатты құрметтеймін. Екеумізді ел көрді, бағасын берді,– деді Сырым Бейсенбек.

Ал, Бас жүлде иегері Мұхтар Әділов:

– Айтыскерлердің қай-қайссын айтсақ та бәрі ел алдында жүрген өнерпаздар. Айтатын өзіндік ойы бар жастар. Бір-бірімізбен араласып жүргендіктен қыр-сырымызды жақсы білеміз. Содан болса керек, осал жерімізді, оң жамбасымызға салар тұсты білеміз. Теміртауда алғаш рет өтіп жатқан айтыс мұнымен тоқтап қалмай, жұлдызы жарқырай берсін, – дейді.

Ербол ЕРБОЛАТ.

ТЕМІРТАУ қаласы. 

Басқа материалдар

Back to top button