Басты тақырып

Марста болған жігіт

Әңгіме

    Тылсым дүниеде небір ғажайыптар болып жатады. Оны көзімен көргендер болмаса, естігендердің бәрі сене бермейді. Осындай оқиғалардың бірі Сазанғали Шортанбаевтың басынан кешіпті. Оның сөзіне адамның сенуі қиын.

– Сенесің бе, сенбейсің бе, оны өзің біл. Өзім де сенбес едім, егер өз басымнан кешіріп, өз көзіммен көрмесем, – деп бастады сөзін Сазанғали Шортанбаев деген жігіт.

Мен Марс патшалығында болып келдім. Ол кезде менің арақтан аузым босамайтын. Күнде үйге сылқия мас болып келіп, отбасыма ойран саламын. Әйелім Тотыны ұрып, балаларымды шырылдатып, үйден қуып шығамын. Үйдегі дүниелерді сындырып, әйеліме арақ тауып әкелесің, әйтпесе сені бауыздаймын, деп қиғылық саламын. Көрші-қолаң, туған-туыс, жолдас-жора, құда-жекжат мені көрсе теріс айналып кетеді. Үйлеріне келе жатсам есіктерін жауып алады. Олардың біреуі кездесіп қалса арақ алуға ақша сұраймын, бермесе жанжал шығарамын. Танымайтын адам кездессе де сұраймын. Сондықтан да, олар менен қашып жүреді. Бүкіл ауылды мезі қылдым. Қанша қорлық көрсетсем де әйелім ғана жанымнан табылады. Ертеңіне есім кіргенде істегендеріме өкініп, жас балаша солқылдап тұрып жылаймын. Әйеліме «бас жазатын бірдеңе тауып әкелші, осыдан кейін ішпеймін»,– деп ант етемін. Ол бишара мені аяп қарызданып-қауғаланып арақ тауып әкеледі. «Ахаң» ауызға тиюі мұң екен, арыстан болып ақырып шыға келемін. Арақ іздеп көшеге шығамын. «Осы албастыны Құдай алмайды екен. Мұндай сұмырайлардың өмірі ұзақ болады» дегенді талай естідім. Енді біреулері «бір күні далада өліп қалады ғой, анау байғұс әйелінің жаны сірі екен. Осы періні неге тастап кетпейді» – деп бара жатады. Бұл арақтан көрмеген қорлығым, естімеген былапыт сөздер қалған жоқ шығар. Бір күні қатты ішіп, далада құлап қалыппын (әрине, бұл бірінші рет емес). Бір кезде біреу бетімнен сипап, жеңімнен тартқылап жатыр екен. Есім кірелі-шығалы көзімді ашсам, бетімнен жалап, жеңімнен тістеп, тартып жатқан «Құтжол» деген итім екен. Мұндайда әйелім зыр қағып іздеп, тауып алатын еді. Бүгін ол келмепті, әбден ығыр болған шығар, үсті-басым қап-қара саз-балшық, теңселіп, итіме еріп үйге келсем, балаларым егіліп жылап отыр. Оларды Күлше деген көрші әйел жұбатып отыр екен. Есіктен кіре «сендердің көздерің неге ағарып отыр?» деп дүрсе қоя бердім. «Сені де адам дейді-ау, бұдан да өлгенің артық қой. Жақсыны да, жаманды да алып жатқан Құдай, сені неге алмайды екен? Әйеліңе ота жасап, бір бүйрегін алып тастапты. Сол бүйрек те сенің соққыңнан ауырды. Қазір қалада, жансақтау бөлімінде жатыр. Ал сенің жүрген түрің мынау, адам көрер сиқың жоқ. Не балаларыңа қамқор бола алмадың, не ота жасағанда әйеліңнің қасында болмадың. Ол өлім мен өмірдің арасында жатыр. Сені де азамат дейді-ау» деді. Менің төбемнен жәй түскендей болды. Есімді жинап алдым. Енді не істеу керек? Қалаға баратын қалтамда көк тиыным жоқ. Үйдің сыртындағы орындыққа барып отырып, егіліп тұрып жыладым. «Құдай мені неге алмайсың, бүйтіп қор етіп қойғанша, жақсыны да, жаманды да, кәріні де, жасты да алып жатырсың, мені де ал», деп батып бара жатқан күнге қарап, көкке қолымды жайып, тағы да «алшы, алшы, алшы» деп үш рет қайталадым. Сол кезде көзімнің алды  жарқ  ете қалды да есім ауып кетті. Қанша уақыт өткенін білмеймін, көзімді ашсам кәдімгі кигіз үйдің ішінде жатырмын. Шаңырақтары, уықтары, керегелері – бәрі алтын, жалт-жұлт етеді. Екі жағымда үлде мен бүлдеге оранған екі сұлу қыз отыр. Басымды көтеріп «мен қайдамын» деп сұрадым. Оң жағымда отырған сұлу қыз күлімдеп, «Пендем, сен Марс патшалығындасың», деді. Есімнен танып қала жаздадым да, «мұнда қалай келдім» деп сұрадым. – Өзіңіздің тілегіңізді Алла қабыл алып, Құдайдың құдіретімен келдіңіз – деді жаңағы қыз. «Мынау түсім болса екен, тезірек оянсам екен» деп ойлаймын. Бірақ, мұның өңім екеніне көзім жетті. – Тамақтанып алыңыз, деп алдыма алтын табаққа салған түрлі тағамдар қойды. Бір шетінде күміс тостағанға құйылған қымыз, жанында шыны ыдысқа құйылған су тұр, «Ұлытаудың суы» деп жазылған. «Мыналар біздің жердің тамақтары ғой. Мұны қалай алдырдыңыздар?» деп сұрадым. «Бәрі Құдайдың құдіретмен келді», деп жауап берді. Аң-таң болып, біраз отырдым да, тамақтарға қолымды соза бастап едім, бір қыз қолымды ұстай алды да, «бізде бұл тамақтарды ауызбен емес, көзбен ішіп-жейді. Ауыз бен көмей пенденің ниетін бұзады. Қанағатсыздыққа ұшыратады. Ал көзбен ішіп-жеу одан сақтандырады. Осы тамақтардың ішінде ішіп-жегіңіз келгеніне қарап отырсаңыз, тойып қаласыз», деді. Амал жоқ, солай жасадым. Міне, қызығы сол, қарап отырып-ақ тойып қалдым. «Сіздер біздің қазақ тілімізді қайдан білесіздер?», деп сұрадым. «Біз басқа планетадағы пенделердің, бәрінің тілін білеміз. Жерде біздің талай пенделеріміз жүр. «Сіздер адамды неге пенде дейсіздер?», –дедім. – Алла пендені жаратты. «Адам» бір пендеге қойылған ат қана, сендер сол «Адамнан» тарағандықтан, «адамбыз» дейсіңдер – деді. Сол кезде екі жігіт келді де, мені «патшамыз шақырып жатыр» деп алып кетті. Олар мені алтын сарайға алып келді, төрде алтын кілемнің үстінде жартылай жалаңаш, күміс тақия киген аласа бойлы, талдырмаш денелі, көзі бақырайған, қабақ, кірпік дегендер жоқ, қалқан құлақ бір кісі отыр. Ол: – ал, жат жерлік пенде, жағдайың қалай? – деп сұрады. – Мен үйіме қайтқым келеді,– дедім. – Неге, мұнда саған барлық жағдай жасалады, қасыңда сұлу қыздар болады. Мұнда болсаң мың жасайсың, қызық көріп, сайран саласың, тамақтардың бағасы жердегідей шарықтап тұрған жоқ, бәрі тегін, жерден не рахат көресің, осында боласың,– деді. – Маған мың жастың да, тегін тамақтың да, сұлу қыздың да, бұл планетадағы рахат өмірдің де керегі жоқ. Өз жерімде, халқымның ортасында, қатын-баламның қасында болып, өлсем, туған жерімнің топырағында қалсам, одан артық бақыттың керегі жоқ. Мені өз жеріме қайтарыңдаршы? – дедім. – Сен Алладан, жерден әкетуді өзің сұрадың ғой. Алла тілегіңді қабыл алып, осында алып келді. Бұл Алланың бұйрығы, оны ешкім өзгерте алмайды, деді. – Мен өзіме-өзім ашуланып айттым және мені қайдағы бір планетаға алып кет, деп тілегенім жоқ. Жанымды алып, туған жерімнің топырағында қалдыруды тіледім, дедім. «Мынау біздегі дүние, өмір сені қызықтырмай ма?», деді. Мен «жоқ, қызықтырмайды» деп жауап бердім. – Мүмкін, саған арақ деген жынды су керек шығар,– деді. – Жоқ, енді Құдай арақтан аулақ қылсын. Осының бәрі сол «жынды судың» әлегі. Бұдан былай оның маңайынан да жүрмеймін,– дедім. – Сен өз жеріңде мүсәпір болып жүрдің, ешкім сені елеген жоқ. Ал мұнда сені жат жерден келген қонақ ретінде ешкім ренжітпейді. Біздің пенделерде күншілдік, біреуді біреу кемсіту, біреудің несібесіне қол сұғу, ұйымдасқан қылмыс, жемқорлық сияқты әрекеттер болмайды. Мені патша деп түсінеді, бірақ, мен қарапайым пенделермен бірдеймін. Ешкімге күш көрсетпеймін, пенделер бір-бірімен жанжалдаспайды. Бәрі тегін, ештеңеге мұқтаж емес. Пәленің көбі мұқтаждықтан, жетіспеушіліктен, күнкөрістің қиындығынан шығады. Ал жерде жағымсыз істердің бәрі бар. Ең сорақысы пенделер бірін-бірі өлтіреді. Алапат қарулармен бірін-бірі қырады. Ал аспан планетасында мұндай қырғын болмайды. Пенделер ауру дегенді білмейді. Өйткені, ауамыз таза, сондықтан да мың жасайды. Сен бізден қашпа, жерден көрмеген рахат, қызықтарды бізден көресің, – деді.         – Қандай халде жүрсем де туған жеріме, отбасыма ештеңе жетпейді. Бізде «жат жерде сұлтан болғанша, өз жеріңде ұлтан бол» деген және «жат жарылқамайды, өз өлтірмейді» деген қанатты сөздер бар. Мені сіздің орныңызға патша қойса да бұл жерде бір сағатқа да қалғым келмейді,– дедім.  – Әрине, сені жеріңе қайтару менің қолымда емес. Бір ғана жағдайда қайтуың мүмкін. Өзің азапқа салған әйелің мен қараусыз қалған балаларың, мезі қылған туған-туыс, көрші-көлемің, ең бастысы ауылыңның халқы Алладан сенің табылуыңды, орталарына қайта оралуыңды шын ниеттерімен тілесе, Алла Тағала тілектерін қабыл алса, онда ортаңа ораласың. Егер құтылғанымыз дұрыс болды-ау, одан әрмен кетсін десе онда осы планетада мәңгілікке қаласың. Енді бара бер,– деді. – Сіздер, олардың тілеп отыр ма, тілемей отыр ма, оны қалай білесіздер, дедім. – Алла, бәрін де біледі, – деді де жоқ болып кетті. Мені алғашқы орныма алып келді де, жігіттер мен қыздар маған қызмет жасайды, атымды атамайды, «жат жерлік пенде» дейді. Тамақты алтын ыдыстарымен әкеледі. Бір күні мен «сіздер алтынды қайдан аласыздар?» дедім. – Алтын дегенің бізде жай құрылыс материалы, ал күмісті төсек орынға пайдаланса, қорғасынды лай есебінде қолданады. Көргіңіз келсе жүріңіз, аралатайын,– деді. Жаңағы жігіттердің біреуі, мен бас тарттым, ойым онға, санам сан-саққа кетіп отыр. Ойымда туған жерім, Отаным, отбасым ғана отыр. Бірақ, мені кім керек қылып, тілеуімді тілейді дейсің, деген ой келгенде ішім өртеніп кетеді. Көрші-қолаң, туыс-туғандар, жолдас-жоралар мені есіне де алмайтын шығар. Рас, кейбір жанашырлар, «білімді, іскер, жақсы жігіт еді, қу арақ құртты ғой» деп мүсіркейтін шығар. Отбасымда тек балаларым ғана тілейтін шығар. Оған да сенімді емеспін. Оларға көрсетпеген қорлығым жоқ, бишара әйелімді ұрып, ауру еттім, бір күн рахат көрсеткенім жоқ. Мен енді осы Марста мәңгі қалатын шығармын деп күні-түні еңіреп жылаймын. Жеріме қайтара гөр, Алла, менің қателігімді кешіре гөр, деп тілеймін. Бірде жігіттерінен «патшаларыңыз неше жастағы адам», деп сұрадым. – Пенде деңіз, деді. – Иә, неше жастағы пенде, дедім. – Бізде жасты санамайды, сіздерше айтсақ, 250 жаста, яғни, патша болғанына 230 жыл, деді. Олардың айтуынша, жерде күн батқанда, оларда таң атады екен. Даладан орман-тоғай көрмедім. Топырағы күлгін түсті, ал тастары сұрғылт болады екен. Ал өсімдіктер сирек кездеседі. Су көргенім жоқ, маған су тауып береді. Бір күні патшалары шақырды. Алдына барғанда, «иә, жат жерлік пенде, біздің планета ғажап қой, мұнда қалсаңыз көп қызықтар көресіз, тіршілігіңе қажеттінің бәрі тегін. Осында мәңгілікке қал,– деді. – Сіздердің жасаған жағдайларыңызға рахмет. Бірақ, менің келісімімді сұрасаңыз бір минутта қалғым келмейді. Ас сұрап жүрсем де, тіпті ас таба алмай өлсем де өз жерімде қалсам арманым жоқ. Алла өз жерімнің топырағын бұйыртса екен деп күні-түні тілеп жүрмін,–дедім. – Сенің жолың болды, жат жерлік пенде. Отбасың, көрші-көлемің, ауылыңның халқы сенің аман-сау табылып, орталарына оралуыңды тілеп, сенің тірегіңнен үміт үзбей, алты ай бойы өлдінің санатына қоспай, тілектерін үзбеді. Алла көпшіліктің тілегін қабыл алып, сені жеріңе қайтаруды бұйырды. Енді еліңмен қауышасың. Мынау ат басындай алтын бізден ескерткіш болсын, деп мынау үлкен ыдыстағы күміс, ал мынау біздің планетада болғаныңның белгісі ретінде,– деп, гүл тәрізді шөп тапсырды. Иә, бұл дүниені күні-түні бойыңда сақта, пәле-жала, қауіп-қатерден қорғайды. Ал, енді көзіңді жұм, деді. Мен қуанып, көзімді жұмдым. Бір кезде көзімді ашсам, есіктің алдындағы баяғы орнымда отырмын. Ауыл-аймақ жиналып-келіп, алты ай бойы қайда болғанымды сұрады. Мен айтып едім, олар сенбеді. Мені есінен ауысқан адамға санай бастады, сосын мен алтын-күмісті көрсетуден қорқып, қалтамдағы гүл сияқты шөпті көрсетіп, ол түрлі түске еніп, құбылып, кейде жарқ-жұрқ етіп адамдарды таң қалдырды. – Ал жеріңе оралған соң араққа қалай қарадың? – дедім мен. – «Арақпен біржолата қоштастым. Қандай адам болсаң да елің, отбасың, ағайын туған-туысың, жолдас-жораң сені өлімге қимайтынына көзім жетті. Содан бері де бес жыл өтті – деп сөзін аяқтады. Құрметті оқырман, бұл ғажайып оқиғаның болғанына сену қиын екенін түсінемін, бірақ, Құдайдың құдіретіне шек келтіруге болмайды.

Мағзұмбек МАШАЙЫҚҰЛЫ.

ҰЛЫТАУ ауданы.

 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button