Жаңалықтар

Марат БАЗАРБАЙҰЛЫ: «Ветеринария мамандығының келешегі зор»

Қазіргі таңда ауылға қолдау керек-ақ. Соның бірі малшаруашылығына қатысты. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында осы мәселеге баса мән берді. «Мал басының амандығы және өнімділігі жергілікті ветеринарлардың тиімді жұмысына байланысты. Бұл, түптеп келгенде, ауылдағы ағайынның әл-ауқатына тікелей әсер етеді», – деді Президент. Аймақтағы ветеринария саласының кешегісі мен бүгіні туралы  ветеринария ғылымдарының докторы,  профессор Марат  БАЗАРБАЙҰЛЫМЕН сұхбаттасқан едік.

– Марат аға, ветеринария саласы бірнеше рет жүйелік өзгеріске ұшыраған  екен.  Сонда ветеринарияның әлі де болса тиімді жүйесі  құрылмаған ба?

– Ұзақ жылдар  бойы  уақыт сынағынан өтіп, көптеген жұқпалы індеттерден эпизоотиялық жағдайды  тұрақтандыру (жою)  мен биологиялық қауіпсіздікті  қамтамасыз ету  бағытында  өзінің, ғылыми-практикалық тұрғыда өміршеңдігін  көрсетіп, біртұтас жүйе болып қалыптасқан ветеринария саласы  1990-2000 жылдары таратылып жұмыс бағыттары  бір- біріне үйлеспейтін кәсіпорындар мен мекемелерге бөлшектеніп кетті. 

 1990 жылдардың басында республикамызда  жүргізілген  ұйымдастырушылық-құрылымдық өзгерістер салдарынан бұрынғы ірі совхоздар мен колхоздар таратылып   мал өсірумен айналысатын көптеген шағын агроқұрылымдар, жеке шаруашылықтар бой көтерген  болатын. Мысалы, біздің облыста  7,6 мыңнан аса шаруа қожалығы, 45 асыл тұқымды нысан мен 9,2 мың жеке меншік шаруашылықтар тіркеліп осы аталған құрылымдарда ірі қараның  81,8 % топтастырылған болса, басқадай мал түрлері де көптеген ұсақ шаруашылықтарда шоғырландырылды. Мұндай жағдайда ветеринариялық іс-шараларды орталықтандырып жүзеге асыру күрделенгендіктен  мемлекеттік ветеринариялық ұйымдар қызметін лицензиялау заңнамасына сейкес  белгіленген тәртіппен , сол кезеңнің талаптарына сай кейінгі 10-15 жылдар бойы ветеринаринар-лицензиаттар келісім шартпен мемлекеттік эпизоотияға қарсы тапсырысты орындауды қамтамасыз  етті. Уақыт өте келе, ауылшаруашылығында оның ішінде, мал шаруашылығындағы кейінгі жылдардағы өзгерістерді ( ірі ағроқұрылымдардың пайда болуы, мал бастарын есепке алудың жүйелендірілуі )  ескере отырып, 2015 жылы әртүрлі  құрылымдарға бағынышты   облыстық ветеринария басқармасы мен оның аудандық қалалық бөлімшелері   құрылды. Алайда, бұл мекеменің басқару жүйесін орталықтандыру  бағытында  ветеринария саласын жетік білетін мамандар мен ғалымдар тарапынан көптеген ақпарат көздерінде  сын   мақалалар жарияланып, бұл мәселе Ауылшаруашылығы министрлігі  алдында  бірнеше рет көтерілген  болатын.  Осы  саланың маманы ретінде   Ауылшаруашылық  министрлігі мен Парламенттің аграрлық комитетіне және де баспа беттерінде бірнеше рет мәселе көтердім. 2020 жылдан бастап 12 ветеринариялық  бекет 6  филиалымен  облыстық ветеринария басқармасының   қарамағына беріліп  біртұтас жүйе құрылды және оның  басқару  жүйесі оңтайландырылды.   

– Шетелден жеткізілген  асыл тұқымды малдар  облыс аумағында  эпиозоотиялық ахуалға қаншалықты әсерін  тигізді?

Шет елдерден әкелінген  асыл тұқымды малдар облыс аумағында көптеген жұқпалы індеттердің аумақтық, популяциялық таралуына ықпал етіп, эпизоотиялық жағдайдың  күрделенуіне әкеп соқтырды.  Мысалы, облыс аумағындағы кейбір  агроқұрылымдарда  ірі қара малының вирустық  диареясы,  ринотрахеиті, нодулярды  дерматиті тіркелді. Қазіргі уақытта  аталған індеттерге қарсы жоспарлы профилактикалық  іс-шаралар жүргізіліп  аталған індеттердің аумақтық және популяциялық  таралуы бақылауға алынып  мониторинг жүргізілуде.

– Ауылшаруашылығы малдарының бруцеллезінен  қолайсыз ошақтарды айықтыру жұмыстарымен кімдер айналысады және нәтижелі ме?

Бруцеллезден айықтырумен  Республикалық эпизоотияға қарсы отрядтың   Қарағанды облыстық филиалы айналысады. Айықтыру жұмыстары  республикалық бюджет есебінен жүзеге асырылады.

Әрине, қандайда болмасын эпизоотиялық тұрғыда  қолайсыз  ошақтарды   айықтыру өте күрделі және де оның нәтижелігі тек ветеринария мамандарының атқарған  жұмыстарына  ғана байланысты емес. Себебі, айықтыру жұмыстары барысында   бір-бірімен тығыз байланыстағы   ұйымдастыру-шаруашылық, ветеринариялық-санитариялық және арнайы ветеринариялық  кешенді іс-шаралар жүргізу  қарастырылған. Бұл қарастырылған  іс шаралар індеттің аумақтық және популяциялық таралу үрдісінің   эпизоотиялық заңдылыққа бағынып, эпизоотиялық тізбек  шеңберінде өрбу ерекшеліктерін ескере отырып жүргізілуі керек.

Ал, зпизоотиялық тізбек дегеніміз ауру қоздырғышы, ауруға сезімтал малдар, ауру қоздырғышының сыртқы ортада сақталуына әсер етуші – ауру малдар, қоршаған ортаға бөлініп шыққан ауру қоздырғышын  тасымалдаушы объектілер  (жайылым, суат, қи ) мен биологиялық ( жәндіктер маса шыбын-шіркей ) таратушылар арасындағы байланыс. Яғни,  айықтыру жұмыстары  осы байланысты  түпкілікті  ажырастыруға (жою) бағытталуы керек.

Залалды эпизоотиялық бірлікті айықтыру жұмыстарының  нәтижелілігі  неге байланысты  деген сұрағыңызға  қысқаша жауап беретін болсам, біріншіден: қолайсыз  эпизоотиялық бірлікті айықтыру жоспарында қарастырылған  шараларды орындау барысында  кейбір олқылықтар  орын алуы мүмкін. Ол ветеринария маманы тарапынан ба, жоқ әлде мал иелері тарапынан ба маңызды емес, себебі олар бір деңгейде  айықтыру жұмыстарының нетижелілігіне  кері әсерін тигізетіндігі сөзсіз. Екіншіден көп жағдайда  барлық іс-шарлар тізбегі қолайсыз эпизоотиялық бірлік шеңберінде  жүргізіліп, оның аумағынан тыс  орналасқан   агроқұрылымдарда   алдын-алу бағытындағы іс- шаралар (әсіресе ветеринариялық – санитариялық бағыттағы)  өз деңгейінде жүргізілмейтін  сыңайлы. Үшіншіден   Республикалық эпизоотияға қарсы отрядтың   Қарағанды облыстық филиалы жүргізіп отырған қолайсыз  ошақтарды айықтыру  жұмыстарын  төмендегі факторларды ескере отырып, (ветстасалардың эпизоотиялық ошақ аумағына  жақын орналасуы,  мамандармен қамтамасыз  етілу деңгейі, мен сапалы қызмет көрсету мүмкіндіктері, бюджет  қаржысын үнемдеуге ықпал етуі)   жергілікті аудандық  ветеринариялық сбекеттерге  бекітілсе  айықтыру жұмыстарының нәтижелілігі артады деген ойдамын. 

– Облыста малдәрігерлік ұйымдардың мамандармен қамтамасыз ету дәрежесі қалай?

Арнайы деректерге  қарағанда облыс  көлемінде ветеринариялық бекеттерге таяу 2-3 жылда  қосымша  100-ден аса ветеринария фельдшері жетіспеуі мүмкін деген қауіп бар. Әрине, облыстық ветеринария басқармасының аудандық және қалалық бөлімшелерін мамандармен қамтамасыз ету мәселесін шешу  кезек күттірмейтін жәйт, және де осы  бағыттағы  жүйелі  жұмыстары бүгіннен бастау қажет.  

– Ветеринария мамандығының болашағын  сенесіз бе?

 Ветеринария мамандығы  барлық   мемлекетте сұранысқа ие, және  бұл  мамандықтың  келешегі мол. Сөзімді дәлелдеу үшін  ойымды әрмен қалай жалғастырып, осы ветеринария  саласының дамуына  оң әсерін тигізеді деген оймен төмендегі мәселелерге тоқтала кеткенді жөн деймін:  Біріншіден Президентіміздің  Жолдауындағы ірі экожүйелерді   қалыптастыру тапсырысын жүзеге асыру  барысында  малшаруашылығының  дамуы барысы еселеніп, осыған байланысты   ветеринария мамандарына  деген  сұраныстың  артатындығы. Екіншіден алыс-жақын шет мемлекеттермен ара-қатыстың қарқынды  дамуы мен мемлекетіміздің  Кеден одағына, бүкіл одақтық сауда ұйымына, және Евроодаққа  мүше болуына байланысты  ветеринариялық- санитариялық қауіпсіздікті  қамтамасыз ету талаптарының күшейтілуі.

Үшіншіден  Үкімет тарапынан   ветеринариялық қауіпсіздікті  талаптарға сай қамтамасыз ету үшін шұғыл іс-шаралар жүйесін қолға алу керектігіне назар аударып, 2021-2023 жылдарға   кешенді іс- шаралар жоспары  дайындалып жатқандығы.

Осы  жоспарланып отырған кешенді шаралар ойдағыдай жүзеге асатын  болса  келешекте ветеринария саласының заман талаптарына сай жағдайлары    жақсарып,  дәрежесі артып,  жоғары  сұраныстағы  мамандық  болатындығына еш күмәнім жоқ.

– Жергілікті жерлерде ветеринар мамандарға  жұмыс істеуге жағдай жасалған ба? 

Облыс бойынша «Эпизоотияға қарсы» мемлекеттік бағдарлама аясында  «Ветеринария стансасы   мамандарының қатысуымен 30-ға тарта  жұқпалы індеттердің алдын алу  бағытында   қыруар   жұмыстар атқарылуда. Алайда, бағдарлама бойынша қызмет көрсету  наурыз айының екінші жартысынан бастап кейбір жылдары қараша айына дейін жалғасады.  Жоспарланған көлемді орындау үшін ветеринария маманы  2-3 көмекшісімен әр жеке меншік аулаға кемінде  5- 6 рет барып ешбір  ветеринариялық санитариялық талаптарға сай келмейтін жағдайда (қораларда), қызмет көрсетуге  мәжбүр. Яғни, жеке меншік аулаларда  ветеринариялық іс- шараларды  жүргізудің төмендегідей  қарама- қайшылықтарын ескерген жөн:  жұмыс уақытының   тиімді пайдалану  20 -25,0%  -дан аспаса, оны тиімсіз жұмыстарға жоғалту 70-80,  пайыздан асып кетеді; қызмет көрсетушілердің  жануарлар мен адамдарға ортақ  жұқпалы ауруларды  (бруцеллёз, туберкулез т.б ) жұқтыру қаупі  артады, қызмет көтсетушілердің киімі арқылы  жұқпалы аурулар қоздырғыштарының (сібір жарасы, бруцеллез, туберкулез т.б.) келесі   аулаға тасымалдану мүмкіндіктері туындайды; қызмет көрсетушілердің   жарақат алуы  жиілеуі мүмкін.; Яғни,  ветеринария мамандары,  жеке меншік аулаларда жұмыс атқара жүріп  денсаулықтарына  зиянды жағдаймен үнемі қарым- қатынаста болады.

Сонымен қатар  солтүстік облыстарға тән көктемгі  қара суық пен лай -сарсаң  жағдайды шиеленістіре түсіріп, сапалы   қызмет көрсетуге кері ықпалын тигізетіндігі  айтпаса да түсінікті. Сондықтан да жоғарыда айтылған қолайсыздықтан шығу үшін:

– біріншіден  жекеменшік аулаларда ветеринариялық іс- шараларды жүргізу  біртіндеп (2-3 жыл)тоқату. Ол үшін  әрбір  ауылдық округтерде    ветеринариялық  шараларды жүргізу кезінде малды  қамап,оларды     ұстайтын  арнайы құрылғылармен (фиксаторлар) жабдықталған қоршаулар  салу ;

-екіншіден   «Эпизоотияға қарсы»  мемлекеттік бағдарламада қарастырылған  шараларды  орындауды  мамыр айының екінші декадасына қарай жылжытып, сібір жарасына қарсы егу  күзгі айларға ауыстыру. Осы бағыттағы  қарағандылықтардың бастамасы республика бойынша  қолдау табатындығына сенімім зор.

– Ветеринария саласының  бүгінгі күнгі материалдық-техникалық базасы қандай?

Бұдан 8 жыл бұрын яғни, 2013 жылы  мемлекеттік тапсырысқа сәйкес эпизоотиялық тұрақтылықты қамтамасыз етумен тікелей айналысатын    облыс аумағындағы   коммуналдық қазыналық кәсіпорын «Ветеринария стансалары» -на 100 ден аса «Нива»  маркалы  жеңіл көлік және де залалсыздандыру жұмыстарын жүргізу үшін   ДУК қондырғылары, қолданыс құрал- жабдықтары берілген болатын.

Мысалы, 2013 жылы берілген  автокөліктер паркі тозығы жетіп жаңартуды  қажет етсе,  сол кездерде берілген    құрал-жабдықтар да сын көтермейтін жағдайда.

Ветеринария саласына жанжақты қолдау  қажет.

– Сұхбатыңызға рақмет.

Сұхбаттасқан Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button