АймақҚарқаралы

Марат АЗБАНБАЙ: Патша үкіметі молдаларға да жалақы төлеген, олардың көбісі – қазан татарлары

Мейердің айтуы бойынша патша үкіметі молдаларға да жалақы төлеген, олардың көбісі – қазан татарлары. Олай болатын себебі, 1822 жылғы Жарғының 71 бабының 1 тармағында приказдағы істерді ресей және татар тілдерінде жүргізу көзделген. Мейерге Қарқаралыда жолыққан молла Саллик Сагитич кейін приказда «губернский секретарь» дәрежесіне жеткен.

Құнанбай мен Ызғұттының Меккеге сапары

Жарлықта секретарьдің қызметтік құзіреті сипатталмаған, тек жылдық жалақысы 900 рубль болыпты, аға сұлтандікі – 1200, ресей заседателі – 1000, қазақ заседателі – 200. Жылдық жалақысына қарағанда секретарь приказда іс қарағанда қабылданған шешімдерді журналға түсіріп отырған қызметкер. 1852 жылы Мәмбетей-Тобықты болысының сұлтаны Шалғынбай Біралин Батыс Сібір генерал-губернаторына аға сұлтан Құнанбайдың үстінен түсірген шағымында аға сұлтан 1851 жылы мұның болысынан отставкадағы губерндік секретарь Бубеновке 250 бас қой жинап берген деп көрсеткен. Қарқаралының бергі тарихына қатысты анық ақпараттың тағы бір көзі болып табылатын 1913 жылы Қазандағы Шамсуддин Хусаинов мұрагерлері университетінің баспасынан шыққан «Қисса-и Өндірбай хаж-ул-хәрәмаен» кітабінің бір данасы Семейдегі Абай музейінде сақтаулы. Өндірбай қажы жазушы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романындағы Құнанбайды Меккеге қажылыққа бастап апаратын Өндірбай қалпе. Қисса Құнанбаймен бірге Меккеге шыққан Қарқаралы қазақтары туралы мол ақпарат келтірген. Кітаптің авторы Жүсіпұғлы Абдырахманның аты-жөні «Иранғайып Шаһ Ғаббас» қазақ дастанында жүр. Кітап 1907 жылы Қазан баспасынын басылып шығып, оқырман жұртқа тараған да авторы Мұхаммедғали Өндірбайұлы өзін «Қарқаралы қазағымын» деп таныстырады. Поляк революционері А.Янушкевич «Қарқаралы қазағының жақсы мінезі» деген бағалауды Құнанбайдың аузынан 1846 жылы естиді. Қарқаралы туралы Ә.Бөкейханның, М.Әуезовтің әңгімелерінде де ғылыми талдауды қажет ететін терең сырлы деректер жеткілікті. Соның бірі, М.Әуезовтің 1950 жылдардағы «Абай (Ибраһим). Құнанбай ұлы» мақаласында Абайдың жас шағында Қарқаралы округінде араласып жүрген қазақ байлары туралы дерек берген: «Абайдың жас шағында араласып жүрген Қарқаралы округінде қазақ байларының шаруасы алты процент болса да, мал-мүліктің үштен бірі солардың қолында болады». 1868 жылы жаңа тәртіп бойынша қазақ жері бірнеше облысқа бөлінеді де, округтердің орнына уездер құрылады. Абайдың елі Семей облысының Семей уезіне қарап қалады да, Абайдың Қарқаралымен қарым-қатынасы 1868 жылдан үзіле бастайды. Уездің әкімшілік басқару орталығы Семей қаласымен тығыз байланысқа көшеді.

Марат АЗБАНБАЙ

Автордың «Қарқаралының көне тарихы Архив құжаттары байырғы заң мəтіндерімен салыстырылуы тиіс» атты мақаласынан. 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button