Жаңалықтар

Мамандық – өз бойымызда

«Дүниеде мамандық пен жар таңдау – қиын іс» деген сөз бар. Мамандықтан қателессеңіз, ғұмыр бойы жаныңыз қаламайтын іспен айналысасыз. Ал, таңдаған мамандығың кәсібің әрі нәсібің екені тағы белгілі. Сонымен қатар, «Адамдық борышың, халқыңа еңбек қыл, Ар-ождан айнымай, ар сақта – оны біл…» (Шәкәрім) демекші, айналаңа да пайдаңды тигізуге міндеттісің. Өзінің бейімділігі мен қабілетіне қарай маман болған адамның жұмысы өнімді әрі берекелі болмақ.

Таксист ағаймен болған кездейсоқ сұхбатта бұл әңгімеге тағы да көз жеткіздім. Қарағандыдағы алып өндіріс ошағында қарапайым жұмысшы екен. Соның өзіне орналасу қиынға соғыпты. Алдымен 3 жыл күзетші болып, сеніміне кірген соң жұмысқа алған. Жалақысы – жақсы. 2 күн жұмыс істеп, 2 күн демалысында көлігімен кісі тасиды. Жоғары білімді. Алайда, өз мамандығы басқа бағытта екен. Ал, ондағы қарапайым дәнекерлеуші, электерик сынды орта арнаулы білімі бар жастар, екі есе көп жалақы алатын көрінеді. «Енді, өндірістік инженер бағытында оқығандар мұндай алып кәсіпорында бір-екі жылда шебер маман екенін көрсетсе, жоғарылап кетеді. Жас кезде сол орта арнаулы білім ошақтарын менсінбей, «оқуға түсуге мүмкіндік көп» деп жоғары білім алдық. Бірақ, ол диплом кәдеге жарамай, соңында жағдай осылай болды. Дегенмен, бұл күніме де шүкір. Бұған тұра алмай кезек күтіп жүргендер қаншама» деп ағынан жарылды ағамыз.

Иә, байқасақ, басты қателік – мамандық таңдауда. Өндіріс – әр елдің дамуындағы басты тетіктің бірі. «Қарағанды – Қазақстанның индустриялық жүрегі» деген сөзді күнде естігенімізбен, оның мәніне үңілмейміз… Сондықтан, болашақта жақсы жұмыс таба алатын, өзіңді көрсете алатын мамандықты таңдау қажет.

Жуырда Қарағанды құрылыс-технология колледжіне барғанда ондағы жаңадан алынған жабдықтарды көріп, таң қалдық. Барлық жағдай жасалған. Көптеген цех, зертхана жұмыс істеп тұр. Маманның түр-түрін даярлайды. Тіпті, лифт құрастырушы маманын да даярлайды. Тәуелсіздіктің арқасында қазір аймақта бірнеше колледж осылай заманға сай жабдықталған. Жылдың соңына дейін бірнешеуін осы бағытта қамту көзделген. Жастар қазір осы жағына бет бұруда.

Психолог маман Думан Нұрланұлының айтуынша, мамандық таңдауда жақсы табыс табуды ғана ойлаумен шектелмеу керек. «Ол үшін әр адам өз бойындағы қабілетті көре білуі тиіс. Мектептен бастап, сол икемді жағына басымдық беріп, ҰБТ тапсырарда соған сүйеніп, негізгі пәнді таңдау қажет. Сол бағытта оқуға түсіп, өздігіңнен терең ізденіп, сұранысқа ие маман болуға күш салған жөн. Сонда ғана, жаның рахаттанып, сүйікті ісіңде жетістікке жетіп, еліңе де пайдаң тиеді. Кәрілікке жеткенде өкінбей, ұрпағыңа да өзің өткен жолды қорықпастан нұсқайсың», – дейді ол.

Бұл үшін ата-аналар ұстаздармен тығыз қарым-қатыныс орнатып, баланың қандай бағытқа икемділігі мен бойындағы ерекше қасиеттерін тануы керек. Сол бойынша баланы қосымша үйірмеге беріп, зерек қылып өсірген жөн. Өйткені, хакім Абайдың «Балаңа білім мен өнер үйрету үшін малды аяма. Ертең балаң алғыр болып өсіп, сол үйренгені үшін жұмсаған малыңды еселеп қайтарады. Және өз отбасын да асырайды, асыл мұраттар жолында табанды еңбек етеді» деген мағынада айтылған сөзі бар.

Бір қарағанда барлық дүние орнында сияқты көрінгенмен, адасып жүргендер қаншама. Талантты архитектор болатындар мектепте сызу пәнінен сабақ беріп жүр. Ол бір алып ғимараттардың сызбасын ерекше сызып, тарихи нысанның тұрғызылуына түрткі болар ма еді, кім білсін. Ғаламтордан көріп жүрміз, күміскөмей әншілер тракторшы болса, мың бұрала билейтін бишілер құрылыста жүр. Әркім өз орнында отырып, қолынан келетін, жаны сүйетін іспен айналысса, өмірі өзгеше болар ма еді?..

Геолог-ғалым Қаныш Сәтбаевтың кен орындарын табудағы қырағылығын оқыған сайын ерекше күй кешемін. Егер, ол судья болып жүре берсе, қазақтың қазба байлықтары осы күнге дейін ашылар ма еді, ашылмас па еді деп ойлаймын, кейде. Мұнда оның өз еркін жеңіп, Ресейге оқуға кетуі үлкен тарихи ерлік. Осы ерлігі оны адамзат тарихындағы қайталанбас жетістікке жетеледі. Құдай берген ғалымдық алғырлығының арқасында қазақты әлемге танытты. Өшпес мұра һәм ұрпағына өнегелі өмір жолын өсиет етті.

Ал, бүгінде жетістікке жеткен кәсіпкерлер, «мамандық таңдауда қателестім екен» деп өмірдің қалған бөлігін, сүймейтін іспен айналысумен өткізу ақымақтық деп есептейді. «Өйткені, қазір заман басқа. Орта жасқа келгендердің өзі қосымша білім алып, сүйікті ісімен айналысып, дегеніне жетіп жатыр. «Ештен – кеш жақсы» деп бекер айтпаған. Кештеу болса да, арман-мақсаты үшін күресетін күш-жігерді оятып, тек алға ұмтылу керек» – дейді Ұлықбек Салиев.

Өз ісінің маманы атану екінің біріне бұйырмаған. Ол үшін алдымен мамандығыңызға деген сүйіспеншілік керек. Ол «карьерист болу» деген сөз емес. Ынтамен істелген жұмыс қана нәтижелі болмақ. Яғни, мамандығыңыз сүйікті ісіңізге айналуы қажет. Бұл жағдайда адам жұмысқа ерекше құлшыныспен кірісіп, жұмысынан ләззат алады.

Ойшыл Хосе Хулиан Марти «Мамандық таңдау – өміріңіздің кірпішін дұрыс қалау. Ең қиын мамандық – адам болып қалу» депті. Ал, Жүсіпбек Аймауытов: «Өмірде өз мақсаттарымызға жету үшін қабілетімізге қарай мамандықты таңдай білуіміз керек» деген тұжырым жасаған.

Жаныңа жақын мамандықты табу – өте күрделі іс. Қалауыңызды білесіз, бірақ ол мамандықтың қалай аталатынын білмейсіз. Мұндайда психолог-профконсультант (мектеп психологтары), мектеп мұғалімдері, оқу орындарының оқытушылары, ата-анаңыз, туған-туыстарыңыздың көмегіне жүгінген жөн. Жүрек үнін тыңдауды ұмытпаңыз.

Адамның «ішкі дауысы» болады. Ол дауысқа құлақ түруді үйренсек, шалыс баспаймыз. Сондықтан, соңғы шешімді жүрекке қалдырған абзал. Өйткені, болашақта серігіміз болар мамандық һәм басқа маңызды сауалдың шешімі – өз бойымызда. Оны дөп басу үшін кейде жалғыз қалып, жүректің дүрсіліне бір мезгіл құлақ тосайық. Жүрек – алдамайды…

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button