Жаңалықтар

Мамандықтың жаманы жоқ

        Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Жаңа адамды – жаңашыл мұғалім ғана тәрбиелейді» деген болатын. Бұл орайда № 5 жалпы білім беретін орта мектебінде қазіргі таңда оқушылардың мұғалімдік мамандықты таңдауына ықпал жасайтын жұмыстар кең көлемде жүзеге асырылуда.

Қазіргі уақытта білім ошақтарында мұғалім маман тапшы. Мұғалімдердің жалақысының аздығы екендігі де жасырын емес. Сонымен қатар, елімізде «мұғалім» имиджінің қалыптаспауы да бар. Олай дейтініміз, «дәрігер» сөзі айтылғанда көз алдымызға бірден ақ халатты абзал жан елестесе, «ұстаз» сөзі тілімізге оралғанда, қағазбастылық пен оқушылардан әбден қажыған жан бейнесі көз алдымызға келеді. Жаңашыл ұстаз тек жаңа білім беру технологияларынан ғана хабардар емес, сырт келбетімен де оқушыға «әттең, ұстазымдай болсам ғой» деген армандайтын бейне болуы керек.

Мектеп бітіруші түлектердің тоқсан пайызынан астамы педагогикалық мамандықты таңдамайды. Елімізде мектеп түлектерінің ғана емес, педагогикалық жоғары оқу орындарын тәмамдаған дайын мамандардың да мұғалім болуға құлшыныстары жоқ. Өйткені, көпшіліктің қызығушылығы – ең алдымен, табыс көлемі немесе бүгінгі таңда «мәртебелі» (престиж) мамандықтарға басымырақ болады. Мамандық таңдауда – «қалаймын», «қолымнан келеді» және «қажет» деген ұстанымды ұстанатындар өте аз, сол себепті, еңбек нарығын терең сүзгіден өткізіп, заман сұранысына сай мамандық таңдау қажет. Алайда, тағы да таяқтың екі ұшы бар демекші, сол нарық сұранысына сай мамандықтар мемлекет тарапынан қолдауға ие болып, мамандарды тарту нәтижелі болатындай жағдайлар жасалуы тиіс.

Мектепте мұғалім мамандардың тапшылығы оқушының білім деңгейіне де өз көлеңкесін түсірмей қоймайды. Мұндай жағдайда жалғыз мектеп қана емес жоғары оқу орындарымен де бірлесе жұмыс жасаған абзал. Осы мақсатта, №5 ЖББОМ Ресурс орталығы Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-мен бірлесе отырып, түлектерді педагогикалық мамандықтарға бағыттау, аталған жоғары оқу орнында білім алып, әрі қарай жұмыспен қамтылуы туралы екіжақты келісім-шартқа отырды. Оқушыларды жоғары оқу орындарында оқу және тәртіптік жүйеге бейімдеу бойынша көптеген бірлескен іс-шаралар өткізілді. Ресурс орталығында бірнеше жыл қатарынан Алматы қаласының Қыздар мемлекеттік педагогикалық университеті мектеп бітіруші түлектер арасында республикалық деңгейде Ы.Алтынсарин атындағы пәндік олимпиадасын өткізіп келеді. Педагогикалық мамандықтарды игеруге бағытталған бұл пәндік олимпиада мектеп бітіруші оқушылардың арасында келешек ұстаздық мамандықты таңдаушыларды анықтауға, олармен жекелей жұмыстар жүргізуге көп көмегін тигізеді.

Қазіргі технология қарыштап дамыған ғасырда жоғары сынып оқушыларына білім берумен қатар кәсіпалды даярлық жұмыстарын жүргізіп, бейінді оқытуда мектептерге жаратылыстану-математикалық бағыты бойынша арнайы курстар жүргізетін мамандар аса қажет. Бүгінде бейіндік оқыту негізінде Ресурс орталығы жағдайында арнайы бейіндік курстар бар. Осы бағыт бойынша Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің «Кәсіби оқыту» кафедрасымен бірлесе отырып, оқушыларды кәсіптік оқыту бағыты бойынша кәсіби бағдар жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Оның да өзіндік педагогикалық бағыты бар. Олай дейтін себебіміз, аталған кафедра түлектері бейінді арнайы курстарды жүргізетін маман-оқытушылар, өндірістік оқыту шеберлері, жаратылыстану-математикалық бағыты бойынша білікті лаборанттар болып жұмыс жасай алады. Бұл аталмыш мамандар – бүгінгі еңбек нарығында жоғары сұранысқа ие.

Сонымен қатар, жыл сайын Ресурс орталығында Елбасымыздың «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсу, реформалар, даму» Жолдауы аясында мектеп бітіруші түлектер үшін жәрмеңке ұйымдастырылып жүр. Одан оқушылар ЖОО мен колледждер туралы, мамандықтар жайлы мағлұматтар, оқу орнын бітіргеннен кейінгі жұмыспен қамтылу жайлы нақты ақпараттар алды. Білім және ғылым министрлігінің мәліметіне сүйенсек, жоғары оқу орнын тәмамдаған түлектердің 50 пайызы ғана өз мамандығы бойынша жұмысқа тұрады екен. Сонда қалған 50 пайызы жұмыссыз болса, үкіметтің бөлген гранттары мен ата-ананың баланы оқытуға жіберген қаражаты желге ұшқанмен бірдей деген сөз. Ал, мұғалім мамандарға нарық сұранысы ешқашан азайған емес. Себебі, қоғамдағы кез келген мамандық иесі ең алдымен ұстаздардың алдынан өтеді. Білім саласына қатысты түрлі бағдарламалар қолға алынғанда ұстаз ұғымы да шет қалмағаны дұрыс.

Басира ӨТЕМҰРАТОВА,

5 ЖББОМ және Ресурс

орталығының директоры.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button