Жаңалықтар

Мамандықты тегін оқып ал

Еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды игерген адамдар да, жұмыс беруші де ұтылмайтындығына дау жоқ. Осы мақсатта нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында қысқа мерзімді оқу курстары басталған болатын. Бұл – қысқа мерзім ішінде белгілі бір кәсіпті меңгеріп, кейін сол бойынша кәсібін ашып, ісін жүргізудің мүмкіндігі. Облыстың барлық қалалары мен аудандарында осы бағдарламаға қатысушылардың саны артып келеді.

Мәселен, биылғы жылы облыс орталығында шаштараз, кондитер, тігінші, бульдозер жүргізушісі, аспаз, дәнекерлеу ісі, электромонтер, туристік агент, токарь, автокөлік шебері сынды мамандықтарға сұраныс жоғары. Осыған сәйкес 645 қарағандылықты қысқа мерзімді кәсіби оқыту жоспарланған. Бұл үшін аймақтық комиссия 23 оқу орталығын, 4 колледжді анықтаған болатын. Оларда мемлекеттік бағдарламаға сәйкес 81 мамандық бойынша курстар ұйымдастырылады. Қазіргі таңда Қарағанды қаласы бойынша 16 оқу орталығында 26 мамандық бойынша 578 адам оқуға жіберілді. Бұдан бөлек, 167 адам курстарға осы маусым айында жіберілген болса, тағы 200 адамның оқуы тамызда басталмақ. Жалпы, алғанда барлығы 945 адамды қысқа мерзімді курстармен қамту жоспарланған.

  • Оқыту курстары 1 айдан 6 айға дейін «Атамекен» кәсіпкерлер ұлттық палатасы тізіліміне енетін колледждер мен кәсіпорындардағы оқу орталықтарында жүргізіледі. Оған қатысушылар 16759 теңге көлемінде шәкіртақы алады, – деді Қарағанды қаласының халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Нұржан Сыздықов.

Оқу курстарының берер тағы бір пайдасы, оған қатысқандар гранттар конкурсына қатыса алады. Биыл Қарағанды қаласы бойынша 60 грант бөлу жоспарланған. Оның 505 мың теңге көлеміндегі 40-ы жастарға беріледі, дәл осындай сомада 15 грант көпбалалы, аз қамтылған отбасы өкіліне және басқа азаматтар үшін 252 500 теңге көлемінде 5 грант бар. Оған бұрын қаржылық қолдау алмаған курсты бітірушілер үміткер бола алады. Грант иесін атқарушы билік, қоғамдық бірлестіктер өкілдерінен, салалық сарапшылардан құрылған комиссия анықтайды.

Дәл осындай жұмыстар Приозерск қаласында да жүзеге асырылуда. Онда 2018 жылдың қорытындысы бойынша оқу курстарына жолданған 54 адамның 49-ы Приозерск қаласы бойынша мемлекеттік ұйымдарға, жекеменшік мекемелерге және жеке кәсіпкерлерге тұрақты жұмысқа орналасты.

  • Қысқа мерзімді кәсіптік оқытуды мемлекеттік білім беру тапсырысы шеңберінде жұмыспен қамту орталығы ұйымдастырады. Біздің қаламызда аспазшы, тігінші, есепші және электрик мамандықтарына оқып шығу мүмкіндігі бар. Биыл аталған бағдарлама аясында 52 адамды оқыту қарастырылған, – деді Приозерск қаласының жұмыспен қамту орталығы директоры Рахима Ахметова.

Оның айтуынша, 30 сәуірде басталған оқыту курсының жартысынан астамы аяқталды. Одан кейін қаладағы халықты жұмыспен қамту орталығы бағдарлама қатысушыларының жұмысқа орналасуына жәрдемдеседі екен.

  • Қайта даярлау курсы жұмыссыз азаматтарды оқытып маман иесі болуына және алдағы уақытта тұрақты жұмысқа орналасуына ықпал етіп отыр, – дейді ол.

Біздің қоғамда «жұмыс жоқ» деген қасаң пікір қалыптасып қалған секілді. Осы сияқты бағдарламалар арқылы әркімнің қосымша кәсіби білім алып, машықтанып, кейін соған сәйкес ісін ашуға мүмкіндігі бар екенін бірі білсе, бірі біле бермейді. Бұл жерде бастысы, адамның ниеті мен талпынысы болса, мемлекет тарапынан қолдау жетерлік.

Облыстың жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы ұсынған мәліметтерге сүйенсек, қазірдің өзінде аймақта 1554 адам аталмыш бағдарлама арқылы кәсіби машықтарды игеруге жолданған. Бұл жылдық жоспардың 47 пайызын құрайды.

Жансая ОМАРБЕК

Басқа материалдар

Back to top button