ЖаңалықтарМәселе

Малшы табу – машақат

Бақташы табу фермерлердің бас ауруына айналғалы қашан? Рас, мұның ең бір себебі атакәсіптің соңғы кезде абырой-беделі түсіп кеткендігінен. Еңбек­ақының аздығы аталған мәселенің тағы бір ұшы боп тиеді.

Сонымен, әңгімеміздің әлқиссасына «Еңбек» электрондық еңбек биржасына жұмыс берушілердің биылғы қазан-қараша айында орналастырған мал шаруашы­лығы жұмыскерлерінің бос орындарын не­гіз етіп отырмыз.

Бізге Қарқаралы ауданы, Бесоба ауылы «Құрмет» шаруа қожалығы осыдан 1 ай бұрын хабарландыруы кезікті. 85-150 мың аралығында еңбекақы төлейміз депті. Енді қараңыз, мал соңында ат үстінен түспей ала таңнан қара кешке дейін жүруі керек. Бірақ, тағайындаған жалақыға жан шыдай ма?

Келесі кезіктірген Шет ауданы, Қызылтау ауылындағы «Ақмарал» шаруа қожалығы да 100 мыңның көлемінде айлық ұсыныпты. Шаруада 100 сиыр, 200 қой бар көрінеді. Бір айға жуық уақыт тұрған жарнамаға бір кісі ғана хабарласыпты.

Сөйтіп, Olx.kz бағдарламасындағы жұмыс берушілердің жарнамаларын бір шолып шықтық. Ақтоғай ауданы, Жалаңаш ауылындағы «Сұржал» шаруа қожалығының иесіне хабарласқан едік, бұл кісілер де малшыны әлі таппағандарын айтады.

– Жылда малшы іздейміз. Жиырма жыл бойы бір малшымыз бағып, өсіріп берді. Ол кісі зейнетке қалай шықты, міне, солай осы мәселемен жылда бетпе-бет келеміз. Жылқымыз қысы-жазы далада. 100 сиырымызды бағатын малшы керек еді. Мініске ат та бар, мотоцикл де бар. Шаруашылық басында жеке үй де бар. 150-200 мыңның көлемінде айлық төлейміз. Малмен де есептесеміз. Айтпақшы, алғашқы да алдап соққандар болды. Алдын ала жолымызға деп ақша салдырып алып, ізім-қайым жоқ боп кеткендер. Сөйтсек, интернет алаяқтары екен. Міне, дәл осы уақытта, күздің қара суығында хабарласатындар көп. Алайда, көктемге қарай қалаға сұранады да, жоғалады, – дейді фермер Ринат Түсенов.

Малшы табу мұңға айналғанынан бөлек, көктемде көп фермер тракторшы іздеп, жер-жерді кезеді. Жасырары жоқ, механизатор кезіктіру де жыл өткен сайын күрделеніп барады. Бұл сөзімізді «Qar-Agro Qoldau» Қарағанды облысының агроөнеркәсіптік кешені субъектілерінің қауымдастығының заңгерлік қызмет бойынша жетекшісі Балғат Жұмкин былай қуаттайды:

– Малшы табуды былай қоя тұрыңыз, науқан кезінде жұмыскер таппай шыр-пыр болады фермерлер. Мардымды жалақы ұсынса да, май-май боп далада жүргісі жоқ. Ауылда тұрып, трактор жүргізу білмейді дегенге сенбейміз, рас. Бірақ, таза еңбектен неге қашатындарын тү­сінбейміз, – дейді Балғат Жұмкин.

Сарапшымыздың тақырыбымыз жө­­нінде айтқаны да көңілге қонады. Фер­мерлер малшы таппағандықтан, құжаты жоқ, қараусыз қалған жандарға жүгіретінін айтады. «Оларға азын-аулақ ақша беріп қойғанға мәз. Ал қауіпсіздігін өзге тұрмақ, өздері де ойламайды. Құдай бетін әрі қылсын, әлгіндегідей жандар мен фермерлер арасында түрлі жағдай болып та жатыр», – дегенді айтады эксперт.

– Ашығын айтайық, малшы таппай жүрген фермерлердің өздерінен де бар. Неге десеңіз, жұмыскерлерді ресми тіркеу дегенді мүлдем керек қылмайды. Оның зейнетақысына ақша аудару қажет. Әлеуметтік сақтандыруы және бар. Оның бәрі шаруаға шығын. Сол себепті, құжатқа деген сауаттылықты арттыру керек деп ойлаймыз. Оларды да түсінуге болады. Дүниенің бәрі қымбаттағанда, мал етінің құны мардымсыз болып отыр. Өздері табысқа шыға алмай отырғанда, қайдан тәуір жалақымен жарылқасын? Үкімет деңгейінде шешілмесе, үмітіміз өшіп барады, – дейді сарапшы.

Үкімет шаруа қожалығында заңды тіркелген жұмыскерлерді субсидияласа, жарты айлығын фермердің өзі төлесе, бұл мәселе жолға қойылып қалар деген ұсынысын да жеткізді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қарапайым еңбек адамын қадірлей білу қажеттігін баса айтады. Ата­кәсіптің абыройын қайта қайырамыз десек, үнемі ат үстінде жүретін малшылардың еңбегін ұлықтағанымыз жөн. Білуімізше, тәуелсіздік жылдарында «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын қарапайым малшылардың ешқайсысы иеленбепті. Бұдан басқа да марапаттардан мақұрым қап жатады.

Осы кезде ойға келіп тұрған тағы бір өзекті дүние мынау: агросаланы оқып шыққан түлектердің де ауылдағы жұмысқа қызығушылығы жоқ. Мал дәрігері болу үшін емес, атқа мініп, мал қайыру үшін емес, әйтеуір, оқыды деген ат үшін дипломдарын алады, сандықтарына салады. Осыдан кейін аграрлық саланың келешегі қайдан көктесін?!

Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button