АқтоғайБас тақырыпКөкейкесті

Мал бағымы: толғағы жеткен мәселе

Ақтоғай ауылында бүгінгі күні өткір де өзекті тұрған мәселе – мал бағымы. Қазақ ықылым заманнан төрт түлігін өргізіп, өнімін қорек етіп, жан баққан халық. Алайда, қазір малын Тәңірге тапсырып, төрт аяқты итқұсқа жем, ұры-қарыға оңай олжа қылып, қаперсіз жатқан қазақ арамызда жетіп артылады. Әсіресе, Ақтоғай ауылында…

Солтүстік облыстардың шағын елді мекендерінің өзінде шашау шығып, өз бетімен босып жүрген түлік көрмейсің. Ауысыммен арнайы мал бағатын бақташы, шопан, жылқышылары бар. Жалақылары да жақсы.

Ақтоғай ауылында ондаған жылдың мұғдары болды, осы мал бағымын, оның ішінде, ірі қара малының бағымын ұйымдастыру әлі күнге шешімін таппай келеді. Бірнеше әкім ауысқанымен осы проблеманың түйінін тарқата алмады. Жыл сайын ауыл әкімдігінде тұрғындардың басын қосқан жиын өтеді. Бірақ, күлтөбенің басындағы жиындарда жергілікті билік пен ауыл тұрғындары әрі тарт та, бері тартпен ортақ мәмілеге келер түрі жоқ. Арнайы шарбақ құрып, ауыл аралап, көше кезген малды қамап та көрді. Одан да шыққан еш қорытынды мен нәтижені көрмедік.

Ауыл тұрғындарының 60-70 пайызы аула шаруашылығын ұстайды. Аспанға шапшып тұрған базар нарқына ауыл тұрғындары осы малдың арқасында төтеп беріп отыр. Айыппұл салып, қатты қайырымға баруға, халық арасынан шыққан әкімдердің дәті бармай отырғанын да аңдау қиын емес. Бірақ, баяғы сол «Оны түсінетін бала қайданың…» кері.

Ауыл аралап, көше кезіп кеткен жануарларға да кінә таға алмайсың. Жылдан жылға аула малының саны артып, өріс те тарыла түскен. Соның салдарынан ауыл маңы азып, тозаңы шығып, тықырланып, тақырланып барады.

Тұрғындармен кездесулер барысында проблеманы шешудің түрлі жолдары қарастырылған. Соның бір нұсқасы – бойдақ ірі қара малдың бағымын, ауылдан аулақ әкетіп ұйымдастыру. Ойдан қонақ табатын-ақ идея. Идея ойға қонғанмен, одан екінші проблеманың ұшы шығып, ауыл әкімдері мен тұрғындарды тығырыққа тіреп отыр. Бақташы жоқ. Ол тұрмақ, Ақтоғайдан ақы төлеп, қой кезегіне барып келетін адам таппайсың.

Бойдақ малдың елді мекеннен аулақ шығарып бағу да бірлі жарым адамның қолынан келе қоятын іс емес. Бір табынды кемі күн алмасып бағатын төрт бақташы керек болады. Бақташының жалақысын да ел жабылып төлер. Мәселе сол табынды шашау шығармай бағып, ие болатын бақташы қайда?

Ауылда сендей соғылысып, екі қолға бір күрек таппай, ауданның жұмыспен қамту мекемесінде тіркеуде тұрған «жұмыссыздар» жетіп артылады. Өкінішке қарай, оларды мал бағуға зорлап шығара алмайсың. Қоғамдық жұмыста жүргендердің басым бөлігі – әйелдер мен жастар. Атқа отырып, мал бағып көрмеген адамды «бақташылыққа бар» деп және қысай алмайсың. Бойдақ малдардың далаға бір кеткесін, ауылға қайтатындары өте сирек. Негізі, ауыл-үйді аралап, көше кезіп жүретін сауын сиырлар. Ел өріске өз бетімен барып қайтатын малы үшін бақташыға ақша төлеуге де құлықсыз. Осылайша, сан түрлі сылтау мен себеп тоғысып, ауылда мал бағымын ұйымдастыру кенжелеп отыр.

– Биылдың өзінде мал бағымына байланысты екі жиын өткіздік. Ел «Елді мекеннің жері қуаң, жайылым тар. Айдау, қайыру көрген мал жүдеп қысқа қоңсыз түседі» деп малдарын бақтырғысы келмейді. Бос жүрген малды қамайтын бір емес, екі шарбақ орнатып қойдық. Қараусыз, қайырусыз, елді мекен ішінде жүрген мал иелеріне айыппұл салып, шара қолдануға жергілікті учаскелік полицияға пәрмен берілген, – дейді Ақтоғай ауылының әкімі Қ.Болғанбаев. Бұл проблема шешімін қашан табады?! Ел мал бағымын қашан қолға алады?! Әзірге, жауабы жоқ. Әйтсе де, Ақтоғай ауылының мал бағымы – бүгінгі күннің толғағы жеткен ең өзекті мәселеге айналып отыр.

Мүсіркеп СЕЙДАХМЕТ.

АҚТОҒАЙ ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button