Майталмандар марапатталды
Елімізде Еңбек күні осымен оныншы рет тойлануда. Еңбек адамына назар аудару, оны насихаттау Мемлекет басшысының тапсырмасынан кейін қолға алынды. Президент былтырғы «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Жолдауында: «Кәсібилік пен еңбекқорлық қоғамымызда ең жоғары орында тұруы қажет. Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс» деген еді. Біздің қоғам үшін түрлі салада нәпақасын тауып жүрген әр еңбек адамы маңызды. Оның ішінде үздіктері мереке қарсаңында арнайы марапаттарға ие болды. Кеше «Еңбек жолы» республикалық конкурсының өңірлік кезеңінің қатысушылары құрметтелді.
– Еңбек күніне орайластырылған шара еңбек озаттарының жетістіктерін атап өтіп, олардың еңбегінің маңызды екенін көрсетеді. Еңбек мамандарын өскелең ұрпаққа үлгі ете білуіміз керек. Бүгінгі шараға әр саланың маманы жиналып отыр. Өндірісте, әлеуметтік бағыттағы талмай еңбектеніп жүрген қарағандылықтар марапатталды, – дейді Қарағанды қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Жанай Ысқақов.
Жанай Боранқұлұлының айтуынша, конкурстың өңірлік кезеңіне қатысуға ниет білдіргендер баршылық. Арнайы комиссия соның ішінде 20 қатысушыны іріктеп алды.
– Әлемде орын алып жатқан өзгерістердің барлығы адамның еңбегімен жасалады. Еліміздің өсіп-өркендеуі мен жемісті дамуының негізгі тетігі – еңбек адамы. Сондықтан, кез келген мамандық иесіне құрметпен қарауымыз керек, – деді Жанай Ысқақов.
Мереке қарсаңында марапатқа ие болғандардың арасында №25 жалпы білім беретін мектептің физика мұғалімі Мейрамкүл Әбеуова да бар. Мейрамкүл Әшімқызының еңбек өтілі – 42 жыл. Әулетте педагогикалық бағытта еңбек етіп жүрген отбасының басқа да мүшелері бар екен.
– 1981 жылы оқу бітіргеннен кейін оқу орнында қалу туралы өтінішке қарамай, өзім туған Шет ауданы, Нұраталды ауылына барып, еңбек жолымды бастадым. Мұғалім, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары, мектеп директоры қызметтерін атқардым. Кейін қалаға келіп, педагогикалық қызметті жалғастырдым. Басқа салаға шақырса да мамандығымды қимадым. Әкем де ұстаз болған еді. Сол кісінің балаға деген мейірі мен қамқорлығын көріп өскендіктен, осы мамандық маған ерекше. Әпкелерім де ұстаз болған, қазір зейнетте. Менен кейін бауырым мен келінім – педагогтер. Әулетіміздің педагогикалық еңбек өтілі – 140 жыл, – дейді Мейрамкүл Әбеуова.
Евгений Штеер – өндіріс саласының маманы. «Asia Ferro Alloys» ЖШС бас директоры бірнеше зауыттың басын біріктіріп, компания құрып отыр.
– Біздің компания көпбейінді. Көмірді байыту, болат, шойын құюмен, жартылай кокс шығарумен айналысады. Онда 1700 адам еңбектенеді. Біздің жұмыс ауыр жұмыс түрлеріне жатады. Өзімнің мамандығым тау-кен инженері. Бұл компанияда құрылғаннан бастап, 2017 жылдан бері еңбек етіп келемін. Негізгі еңбек өтілім 20 жылдан асады, – дейді ол.
Барлық қатысушылар Қарағанды қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін қала әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Дәстүрге айналған шара адам баласын үздіксіз еңбек пен талпыныс қана ілгері жетелейтінін насихаттайды. Әрі адал еңбегімен еліміздің дамуы мен өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып жүрген жандарға деген құрметтің көрінісі саналады.
Жансая ОМАРБЕК,
«Ortalyq Qazaqstan»
Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ
Қарағанды