Жаңалықтар

Майдангер

Биыл екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 73 жыл толып отыр. Жеңіс салютін жақындатқан батырлардың да қатары сиреп келеді. Өкініштісі, сол аз ғана майдангерлердің қатарынан Қалыбек ЫБЫРАЕВТЫ көре алмай көңіл жабырқайды.

Бірнеше жыл бұрын Қарқаралы ауданы Нұркен ауылында тұратын Қалыбек ақсақалға соғып, жағдайын білуге тырысатын едік. Кеудесін орден көмкерген, қария өмір өзеннің жағасынан соңында қалған бұлыңғыр күнге көз тігіп қарайтындай көрінетін. Ардагер ағаның біз байқаған бір жақсы қасиеті – өмірге құштарлығы. Әу бастан көпшіл, қоғамшыл. Қартайған жасына қарамастан қоғамдық істерге белсене араласып жүретін.
Өзінің айтуынша, Қалыбек аға соғысқа 1943 жылы желтоқсан айында мектептен мұғалім болып жүрген жерінен аттанады. Аттестаттағы бестік бағаларын көрген әскери комиссариаттағылар Қалекеңді қысқа мерзімдік офицерлік курсқа жібереді. Курсты кіші лейтенант шенінде үздік тәмамдаған ағамыз Шаулай қаласы түбінде, взвод командирі ретінде алғаш майданға араласқан екен. Жас жауынгер жаудан азат етуде ерліктің ерен үлгісін көрсетеді. 1945 жылдың қаңтар айында Кенигсберг түбіндегі шайқаста бір қолын снаряд жарықшағы жұлып әкетеді. Ауыр жарақат алған ақсақал Нижний Тагильдегі әскери госпитальде емделіп елге оралады.
Кеңес әскеріндегі сол кезде жоғары наградасының бірі – майдан даласынан I дәрежелі «Отан» соғысы орденімен «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалін кеудесіне тақты. Соғыстан кейін ауылдық кеңесте және бастауыш комсомол ұйымында хатшы, Қарағанды қаласында облыстық еңбек резервтері мекемесінде инспектор болып істеді. 1951 жылы Петропавл қаласындағы ауыл шаруашылығы техникумына түсті. 1954 жылы аталмыш білім ордасынан агроном мамандығын алып шықты. Бұдан кейінгі өмір жолында Каленин атындағы колхозда басқарма бастығының орынбасары, Совет колхозында бас аграном, Нұркен савхозында бөлімше аграномы қызметін абыроймен атқарды. Зейнеткерлікке шықса да Қалекең:
«Егер де аз да болса елге пайдам тисе – қуанамын. Қолдан келсе, шама жетсе жақсылық жасауға, елге қызмет етуге әзірмін. Адамгершіліктің ақ жолы, жердің, елдің, халықтың мүддесі бәрінен де биік болуға тиіс» – деуші еді.
Әлі есімде аяғыңның астында өлім жатқанын сезіп, абайлайын десең, төбеңнен тағы өлім төндіретін неміс авиациясының небір шабулдарын жыр қылып айтатын. Бұл майдангердің өліммен беттескен әрбір минут өмір жайлы жазылған бір сәті ғана. Қаншама қауіптің алдынан шыққаны шындық. Тіршілігінде талай тірлік тындырып кеткен аға жайлы тағы да көп әңгіме айтуға болар еді. Майдангердің өткен жылдардағы ой үзігін жалғағанда ойға оралған жайлардың қаншалықты арзан-қымбатын кім білсін, бірақ дәл осы тұста айтылып, сырт оқырмандардың: «Қалыбек ақсақал ерлігіне адамгершілігі сай екен ғой»,– деуіне толық себепкер бола алатындығы анық.

Ерғазы ҚАДАШҰЛЫ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button