Жаңалықтар

Майдангер жолы

Жыл өткен сайын Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлерінің қатары сиреп барады. Табиғат заңы солай, өмір барда өлім бар. Сол сұрапыл соғыс жылдары от пен оқ жауған қан майданнан аман оралған соңғы солдаттың жасы 1945 жылы кемінде 25-тен асса, қазір ғасырға таяйды екен. ҚР Мемлекеттік қызметтің ардагері Зура Түсіпқалиқызы Өскеева осындай бір ойға берілген сәттері бір емес, екі майданда жаумен шайқасып, Қиыр-Шығыстағы жапон соғысына дейін барып, туған жерге 1947 жылы ғана аман жеткен әкесі Түсіпқали Өскеевтің майдан жолын еске алады.

Түсіпқали мен Жұмағали Өскейұлдары

Балқантау өңірінде Доғалаңның етегіндегі Сарышоқыда 1923 жылы дүниеге келген Түсіпқали Өскей баласы соғыс басталғанда Қу ауданындағы «Сарышқы» колхозында есепші, ауылдық кеңестің хатшысы болып еңбек етіп жүрген еді. 20-шы ғасырдың басы, әсіресе елуінші жылдарға дейін ұлтымыз үшін оңай болған жоқ. Түсіпқалидың әкесі Өскей Серікбаев тауқыметі мен тақсыреті адам айтқысыз ауырлық әкелген ашаршылықтың құрбаны болды.

Түсекең 1942 жылы Алматы жаяу әскерлер училищесіне курсант болып қабылданады да, алты айдан кейін Қызыл Армия қатарына алынып, майданға аттанып кете барады. Жиыр­маға толар-толмас жасында Курск майданына тап болып, әйгілі Курск шайқасына қатысады. Осы майданда «Әскери ерлігі үшін» медалімен марапатталады. Осы Курск иініндегі жан алып, жан беріскен ұрыстан кейін, жауды өкшелей қуып, Еуропаға дейін жеткен пулеметші Түсіпқали талай мәрте жараланып, бірнеше рет айлап госпитальда жатады. Арқа омыртқасының тұсындағы үңірейген оқтың орны бұлтты күндері сыздатып, сұрапыл соғыс зардабын ұмыттырмай еске салып тұратын.

Майдан жолымен Берлинге дейін барған Түсіпқали Өскеев «Германия­дағы жеңіс үшін», «Жапониядағы жеңіс үшін» медальдарын кеудесіне қадап, туған жерге тек 1947 жылы келді. Келгенде де жалғыз емес, Жапон жеріндегі соғыс майданының бірінде ағасы Жұмағалиді жолықтырып, сегіз жыл бойы көріспеген ағайынды екеуі елге қол ұстасып бірге қайтқан екен. Ертегідегідей аңызға бергісіз бұл кездесуге жапон соғысындағы солдаттардың бәрі әрі қуанып, әрі таңқалып, бауырлардың туған жерге аман оралуын шын жүректен тілейді. Сол тілек қабыл болып, екі бірдей соғыстың қан майданынан аман шыққан қос азамат туған елмен қауышып, ендігі жігер-күштерін бейбіт өмірдің көркеюіне жұмсауға білек сыбана кіріседі.

Түсекең бейбіт өмірге оралған соң, еңбек ете жүріп, білімін жетілдіріп, Алматы қаржы-кредит техникумында сырттай оқиды. Аудандық атқару комитеті жалпы бөлімінің меңгерушісі, жоспарлау комитетінің төрағасы, банк басшысы қызметтерін атқарады.

Жыл өтпей Мәпіш атты аруға үйленіп, отбасын құраған азаматтың бірінен кейін бірі үбірлі-шүбірлі балалары да өмірге келді.

Зура Түсіпқалиқызы «Соғыстан аман қайтып, біздердің жарық дүниеге келуімізге себеп болған әкемнің кескін-келбеті өмірі көз алдымнан кетпейді. Ең болмаса түсімде көрсем ғой, деген сағынышпен ұйықтап, сағынышпен оянамын. Небәрі 43 жасында соғыста алған жарақатының салдарынан өмірден өтіп кеткен асқар тау әкеміздің нұрлы жүзі мәңгі-бақи елес болып қалды. Ең кішкентай бауырым 1 жаста ғана, бұғанамыз қатар-қатпаста әкесіз қалған жетеуімізді анамыз Мәпіш жеткізді» дейді.

Егіндібұлақ өңірінің тумасы, академик ұстаз заңғар Зақаң (белгілі алаштанушы, абайтанушы ғалым, жазушы, зерттеуші Зарқын Тайшыбай) Түсіпқали әулетімен Егіндібұлақта көрші тұрып, жақын араласып, бірге жүрген күндерді еске алғанда Түсекеңнің шымыр денелі, тығыршықтай, шапшаң қимылдайтын жігіт ағасы, әзіл-қалжыңы аузынан түспейтін, ақжарқын, айналасына шуақ шашып тұратын жайдары жан болғанын қимастықпен айтады.

Майданнан қайтқаннан кейін туған жерді түлетуге еселі еңбек етіп, екі онжылдыққа жетер-жетпес қалған ғұмырында Қу, кейіннен Егіндібұлақ атанған ауданды өркендетуге перзенттік үлесін қосқан «Ерен еңбегі үшін», «Тың жерді игергені үшін» медальдарымен марапатталған майдангер Түсіпқалидың ұрпақтары да бүгінде Тәуелсіз қазақ жұртының игілігін еселеп жүр.

Кәріпбек Түсіпқалиұлы ауыл шаруашылығы саласының ардагері, Рымбек Түсіпқалиұлы байланыс саласының ардагері, Қуанышбек Түсіпқалиұлы энергетика саласының ардагері болса, Зура Түсіпқалиқызы Егіндібұлақ, кейіннен Қазыбек би ауданы атқару комитеті төрағасының орынбасары болған, ҚР білім беру ісінің Құрметті қызметкері Осакаров ауданының Құрметті азаматы, бұл күнде еңбек демалысындағы мемлекеттік қызмет ардагері.

Бүгінгі бақытты ғұмырға жеткізген аға ұрпақтың ерлік еңбектері, майдангер жолы ешқашан ұмытылмасын. Ұрпағымен мың жасаған Түсіпқалидай азаматтардың есімі ел есінде, жас ұрпақ жадында жаңғыра беруі тиіс.

Сағат БАТЫРХАН,
Қазақстанның Құрметті журналисі.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button