Жаңалықтар

Құмай тазы қорғалуы тиіс

Қазақ халқының жеті қазынасының бірі саналатын құмай тазы мен төбет – халқымыздың ежелден келе жатқан қастерлі тұқымы. Бүгінде бұл асыл жануарларды сақтап, баптап, қайта жаңғырту жолында қыруар шаруа атқарылып жатыр. Әсіресе, Қарағанды облысында бұл бағытта жүйелі қадамдар бар. Жыл сайын демеушілердің қолдауымен түрлі аудандық, облыстық турнирлер өткізіліп келеді. Нәтижесінде, облыстан үздік шығып, республикалық байқаулардан топ жарып жүргендер де аз емес. Атап айтсақ, бертінде елордада өткен республикалық байқауда облыс атынан өнер көрсеткен Қазыбек Абдрахмановтың «Аққұмайы» І орыннан көрінді. Одан бөлек, балқаштық Ерлан Шыныбековтің «Көк дауылы» былтыр Қырғызстан еліне Қазақстан атынан қатысып, бірден екі жүлде алып келді. Былтыр күзде «Асыл қазына» республикалық байқауында Шет ауданынан барған Қуаныш Советовтің «Көкқасқасы» «Ең сұлу тазы» аталымында үздік шықты. Әрине, бұл – біз үшін үлкен олжа.
Дегенмен, алаңдатарлық жағдайлар да жоқ емес. Тазы өсірушілердің көбеюіне қарамастан, көпшілігі ресми тіркеуде жоқ. Яғни, бұл жануарлардың заңды мәртебесі айқындалмаған. Әсіресе ауылдық жерлерде тазы асыраушылар көп болғанымен, олардың тазыларында құжат жоқ. Және тазылар арасында қансонар ұйымдастырылып, шырға тартып жүр. Бірақ, шырға тарту өнері ұлттық спорттың қатарына енбеген. Осы мақсатта облыстық құмай тазы және төбет иттерінің федерациясының жетекшісі Нұрдәулет Мыр­захановпен сұхбаттасқан болатынбыз.

Сурет Н.Мырзахановтың жеке мұрағатынан

– Қазақы ит тұқымдарын, яғни, тазы мен төбетті сақтап қа­­луға қатысты қазіргі ахуал қа­лай? Қандай өзекті мәселелер бар?

– Жалпы, бұл бағытта үлкен жұмыстар атқарылып жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі тазыны халықаралық деңгейде насихаттау қажет екенін атап өтті. Осы бас­тама бізге серпін берді. Қазір арнайы мамандар тазыны ғылыми тұрғыда толық зерттеп жатыр. Бұл – тазыға деген мемлекеттік деңгейдегі көзқарастың айғағы әрі ұлт үшін еңбек деп білемін.

Алайда, көңілге қаяу түсіретін тұс та бар. Соңғы уақытта кейбір жастар тазыларды басқа ит тұқымымен будандастырып жатыр. Бұл – аса қауіпті үрдіс. Себебі, табиғи болмысы, аңшылық қабілеті мен ұлтқа тән қасиеттері жоғалуы мүмкін. Сондықтан, бұл іске бейжай қарауға болмайды. Таза тұқымды сақтау – парыз.

Облыс көлемінде тазының саны көп. Бірақ, нақты санын айту қиын. Неге? Себебі, иттер тек көрме немесе байқау кезінде құжатталып, тіркеледі. Ал, көпшілігі, әсіресе ауылдық жерлердегі иттер мүлде ресми тіркеуде жоқ. Бұл – үлкен мәселе. Қанша тазы бар екенін білмесек, оның сапасын, таралуын, тұқымын қалай бақылап, сақтаймыз? Сондықтан, осы орайда бір үндеу жасағым келеді. Бізде түрлі көрмелер өтеді. Сол көрмелерге қатысып, тазыны тіркесе, әрі құжат жасатса, жөн болар еді. Бұл – тазы тұқымын сақтаудың бірден-бір жолы.

– Қазір елімізде тазы мен төбетті шетел асырып, бизнес көзіне айналдырып жатқандар да бар. Бұл қаншалықты рас? Бұл үрдістің салдары неге апарып соғуы мүмкін?

– Иә, бұл – өте өзекті әрі алаңдатарлық мәселе. Қазіргі уақытта тазы мен төбеттің тұқымын шетелге сату деректері жиілеп барады. Біз мұндай жайттарды естіп те жүрміз. Бірақ, өкінішке қарай, осы бағытта алдын алу жұмыстары жүйелі жолға қойылмаған. Бұл – ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан қарауды талап ететін мәселе.

Көптеген дамыған мемлекет өздерінің асыл тұқымды иттерін шекарасынан шығармайды. Себебі, олар өз төл тұқымын сақтап қалуды ұлттық стратегиялық құндылық деп есептейді. Ал бізде ше? Бұл – жай ғана бір күшіктің сатылуы емес. Бұл – генетикалық тұтастыққа төнген қауіп. Шетелге кеткен иттердің ары қарайғы тағдыры не болары беймәлім. Оларды басқа тұқыммен будандастырып жіберсе, тұқым тазалығы бұзылады. Ертең сол будан иттер «Қазақтың тазысы» деген атпен жүруі мүмкін. Сондықтан, таза тұқымды сақтау үшін ең алдымен шетелге заңсыз сатуды тоқтату керек.

Төбет – қазақ даласының қырағы күзетшісі. Атам қазақ оны мал қорғау, ұрлық-қарлықтан сақтану, ит-құстарды шошыту үшін ұстаған. Төбеттің тегеурініндей күш ешбір ит тұқымында жоқ деуге болады. Бұл – қанына біткен қасиет. Сондықтан, оның тұқымын жоғалту – тек итті жоғалту емес, тарихты жоғалту болмақ.

– Салада білікті маман тап­шы­лығы бар ма? Иттердің генетикасы, күтімі қалай жүргі­зіледі?

– Өкінішке қарай, қазіргі таңда бұл сала толығымен әуесқойлық деңгейде қалып отыр. Иә, тазы мен төбет өсірушілер бар. Бірақ, олардың басым бөлігі – өз бетімен әрекет ететін, бір-бірінен көргенін қайталап жүрген жандар. Яғни, бұл – ғылыми негізі әлсіз, интуициямен ғана жүрген жүйе. Бізде ондай мамандар саусақпен санарлық.

Одан бөлек, жастар бұл салаға мүлде қызықпайды. Үй жануарларымен жұмыс істегісі келетін жас мамандар аз. Себебі, қоғамда бұл саланың беделі де, тұрақты жолы да қалыптаспаған. Жасөспірімдер арасында тазы өсіру – бірен-саран ғана әуестікке айналған. Егер осы салаға кәсіби кадрлар тартылмаса, ертеңгі күні асыл тұқымды иттеріміздің тағдыры да сенімсіз күйде қалады. Тазы мен төбетті сақтау үшін әуесқойлық деңгейден кәсіби бағытқа өту керек. Ол үшін мемлекет тарапынан қолдау қажет.

– Бұған дейін «Шырға тарту» ұлттық ойындар қатарына жатпайды деген едіңіз. Осыны нақтылап өтсеңіз. Бұл өнерді ұлттық спорт мәртебесіне енгізу үшін қандай жұмыстар жүргізілуде?

– Иә, бұл – көпшілікке түсінік­сіздеу көрінетін мәселе. Бірақ, тарихы тереңде жатқан дәстүр. Шырға тартуды алғашында тек бүркіт баптауға арналған тәсіл ретінде қолданылған. Ата-бабаларымыз бүркіттің балапанын аңға үйрету үшін шырға сүйретіп, оған үйреткен. Тазыға шырға тарту – кейінгі заманда пайда болды. Дәстүрлі аңшылықтан алынған жаңаша үлгі деп айтуға болады. Қазіргі таңда бұл әдіс кеңінен таралып кетті. Түрлі жарыстарда, көрмелерде тазының шабыс, қуу қабілетін бағалаудың ең қолайлы формасына айналды. Бірақ, шыр­ға тарту әлі күнге дейін ұлттық спорт түрлерінің тізіміне енбей отыр. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін федерация тарапынан бірқатар нақты қадамдар жасалып жатыр. Күзде әр аудан мен ауылда шырға тартудан турнирлер ұйымдастырамыз. Бұл тек жарыс емес – тұқымдық тіркеу мен сараптау алаңы. Жеңімпаз атанған тазыларды облыстық деңгейдегі турнирлерге, әрі қарай республикалық байқауларға ұсынамыз. Былтыр дәл осындай іріктеуден өткен тазылар республикалық додада жүлдемен оралды.
Сонымен қатар, «Салбурын» атты табиғи аңшылық турнирін де тұрақты түрде өткізіп келеміз. Бұл – ата-бабалардан қалған саф өнердің заманауи жалғасы. Турнирдің ерекшелігі – ат үстінде өте­тіндігінде. Мұнда тазы із кесу, аңды қуып жету, шабу, шалу сияқты нағыз аңшылықтың барлық қырын көрсетуі тиіс. Әуелі аудандық жарыстар өтеді. Содан кейін үздіктер облыс атынан сынға түседі.
Бүгінгі мақсатымыз – осы байырғы өнерді тек көрме үшін ғана емес, ұлттық спорт деңгейіне шығару. Ол үшін заңдық тұрғыда ұсыныстар әзірлеп, министрлікке жолданды. Біз ұлттық мұрамызды жаңғыртуды ұранға айналдырмай, нақты іс арқылы жүзеге асыруға күш салып жатырмыз.

– Қазақтың ит тұқымдарына қатысты заңнамалық база қаншалықты толық? Мысалы, бұл иттерге ерекше мәртебе беру, экспортқа тыйым салу немесе тұқымын бақылау тетіктері қарастырылған ба?

– Қазақтың құмай тазысы – әлемге танылған, табиғи болмысы ерекше ит тұқымы. Оның аңшылықтағы шапшаңдығы мен ептілігіне төрткүл дүние көз жеткізіп отыр. Қазірдің өзінде тазыға қатысты заңнамалық жұмыстар жүргізіліп, тұқым ретінде патенттелді. Яғни, ұлттық байлық мәртебесі берілді.

Ал, төбет жөнінде нақты ғылыми зерттеулер әлі де жалғасуда. Бұл бағытта республикалық «Қансонар» қауымдастығы ауқымды жұмыс атқаруда. Олар арнайы мамандармен бірге иттің қанын алып, құжаттарын әзірлеу, генетикалық сипаттамасын нақтылау жұмыстарын қолға алған. Қазіргі таңда құжатталған, асыл тұқымды иттер арнайы бақылауға алынған. Ал, құжатсыз иттерді тіркеу және сараптау – федерациялардың басты жұмысы.

Біз аймақтық деңгейде тазы мен төбетті сан жағынан көбейтуге ғана емес, сапа жағынан жүйелеуге де күш салып жатырмыз. Өскелең ұрпаққа осы құндылықты таныту – басты мақсатымыз. Бі­рақ, бұл оңай шаруа емес. Демеушілерді өзіміз іздейміз. Бізге толыққанды қолдау жоқ. Ұлттық мұраны түсінетін кәсіпкерлеріміз бар. Солардың арқасында біраз іс алға жылжып келеді. Алайда, мұндай бірлі-жарым қолдау жеткіліксіз. Егер жастардың қызығушылығын арттырып, тазы мен төбетті сақтау ісін кең көлемде жүргіземіз десек – жүйелі қар­жыландыру қажет.

Одан бөлек, бізде ит жүгіртетін арнайы алаң жоқ. Қазір қай жер ыңғайлы сол жерде тазыны жүгіртіп жүрміз. Бұл дұрыс емес. Егер біз тазы тұқымын шынымен сақтап қаламыз десек, инфрақұрылымдық жағдайды реттеуіміз керек. Арнайы жаттығу алаңдары, көрме павильондары, ветеринарлық пункттер қажет.

Дегенмен, заңнамалық база қалыптасып келеді. Бірақ, бұл – тек бір бағыт. Ал, бізге тәрбие, білім, инфрақұрылым және қаржылық қолдау қатар керек. Сонда ғана қазақы тазы мен төбетті келешекке аман жеткізе аламыз.

– Уақыт бөліп, сұхбат құрғаныңызға алғыс айтамын. Ұлт мұ­расын ұлықтауда табыс ті­лей­міз!

Сұхбаттасқан Ербол ЕРБОЛАТ

Басқа материалдар

Back to top button