Руханият

Мадиярдың мерейі

Арқаның талантты күйшісі Мадияр Сүлейменов Қыздарбек Төребайұлының 175 жылдығына орай ұйымдастырылған Дәулетбек Сәдуақасұлы атындағы республикалық «Мәңгілік сарын» атты шертпе күйшілер байқауының бас жүлдесін алды. Байқау Шет ауданы әкімінің қолдауымен Ақсу-Аюлы ауылында өтті.

Шет ауданы қазақ үшін аса қас­терлі шертпе күйді жоғары деңгейде насихаттап келеді. Бұл жолы да еліміздің түпкір-түпкірінен таланттарды жинады. 23 күйші қатысты. Алматы, Ақмола облысының, Қызылорданың, Солтүстік Қазақстан облысының, Қостанайдың, Абай, Шығыс Қазақстан облыстарының күйшілері Ақсу- Аюлының төрінде күй шертті.

Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының аға оқытушысы, Мәдениет саласының үздігі Әсел Қайратқызы қазылар алқасының төрайымы болды.

Астана қаласынан келген күйші Сәрсенғали Жүзбаев, қарағандылық күйші Болатхан Ташимов, Күйшілер одағы республикалық қоғамдық бірлестігінің Қарағанды облысы бойынша төрағасы, күйші Болат Тәкішев, Шет аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Асхат Ахметов қазылық етті.

Кіл таланттар қатысқан байқауда Мадияр Сүлейменов қара үзді. Қарағандылық Самал Мағуия І орыннан көрінді. Алматыдан келген Сара Қамбарова ІІ, Павлодар облысынан келген Қайрат Тоқан ІІІ орын алды. Жүлдегерлердің барлығына қаржылай сыйлық табысталды.

Мадияр Сүлейменов – Қа­зақс­танның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ ұлттық өнер уни­верситетінің профессоры, та­лантты күйші Жанғали Жүзба­евтың төл шәкірті. 2022 жылы Ал­матыда өткен республикалық байқауда да топ жарған.

«Күйшілік жолды әрі қарай жалғау – менің борышым» дейді бас жүлде иегері.

– Шежірелі Шет өңірі – шерт­пе күйдің отаны. Мұнда дәулескер күйшілер дүниеге келді. Итаяқ, Қыздарбек, Әбди, Сембек, Мақаш, Баубек, Әбікен Хансенұлы, Бегімсал Орынбекұлы, Дәулетбек Сәдуақасұлы, Орал Исатайұлы секілді саңлақтар туған топырақтанмын. Олар салған күйшілік жолды әрі қарай жалғау – менің борышым. Мақтан тұтамын, – деді Мадияр Сүлейменов.

Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button