Мағжан жырындағы түркілік рух
Алаш қайраткері, ақын, педагог Мағжан Жұмабаевтың туғанына 130 жыл толуына орай «Дарын» мамандандырылған мектеп-лицейінде «Мағжан және біртұтас Тұран идеясы» тақырыбында кездесу-сұхбат өтті. Онда оқушылар ақынның тұтас бейнесін ашуға талпынды. Кеш қонағы – аудармашы, журналист, «Толық адам және төрт даму» жобасының авторы, Qazaq English Center негізін қалаушы, велосаяхатшы, «Хабар 24» телеарнасының тілшісі, шетелдік шолушы Ернат Мелсұлы.

Кеш басында зілзаладан зардап шегіп, аза тұтып отырған түбі бір түрік бауырлардың қайғысына ортақтасып, жер сілкінісі кезінде қаза тапқан жандардың рухына бір минут үнсіздік жарияланды.
Мағжанның «Орал тауы», «Алыстағы бауырыма», «Жер жүзінде», «Қазақ тілі», «Тез барам!», «Түркістан», «Орал» өлеңдерін оқып, алысты көре білетін кемеңгерлігін аңғарамыз. «Пайғамбар» өлеңінде «Ғұн – түріктің арғы атасы» десе, «Түркістан» өлеңінде «Түркістан – ер түріктің бесігі ғой» деп асқақ рухпен жырлайды. 1919-1923 жылы Мұстафа Кемал Ататүрік бастаған түрік халқының азаттық соғысына арналған «Алыстағы бауырыма» өлеңін Мұстафа Шоқай 1930 жылы «Яш Түркістан» журналының №1 санында жариялап, «түрікшілдік күресі үшін ең қымбатты және ең пайдалы өлең» деп баға берген.
– Мағжан – поэзия əлемінде ерекше қолтаңбасымен айрықша із қалдырған біртуар ақын. Терең сырға, ұшқыр қиялға толы өлеңдерінде түрік баласының асқақ рухын әспеттеді. Отты жырлары мен азаматтық болмысы оны биік деңгейге көтерді. Мағжан жырлаған Тұран, Көктүрік ұғымын жаңғыртып, бүгінгі ұрпақтың санасына сіңіру қажет, – дейді Ернат Мелсұлы.
Мектеп оқушылары осы өлеңді мәнерлеп оқыды. Мектеп түлегі, жас ақын Абзал Мақаш жер сілкінісінен қабырғасы қайысқан түрік бауырларға тілеулестігін өлеңмен өрді.
Ал кеш қонағы осы тақырыптағы кеңінен қаузап айтып берді. Алаш арыстарының тұрандық тұтасу, бірігу идеясы, Мұстафа Кемал Ататүрік пен Алашорда қайраткерлерінің арақатынасы, байланысы туралы да білгенін ортаға салды.
«Мағжан және біртұтас Тұран идеясы» тақырыбында оқушылар да өз ойын ашып айтты. Қонаққа сұрақ қойып, жауап алып, кеш еркін форматта өрбіді. Сонымен қатар, оқушылар ақын хақында дайындалған сұрақтарға жауап беріп, білімін сынады.
Мағжан мен даңқты спортшы Мұстафа Өзтүрік Алаш идеясы һәм түрікшілдік рух тақырыптары бүгінгі күнмен ұштастыра қозғалды.
Жиын соңында мектеп директоры Ләззат Темерханова сөз сөйлеп, кеш қонағына алғыс айтты.
Жәлел ШАЛҚАР.
Оrtalyq.kz