Бас тақырыпБілім

Мағжан мектебінің «мұңы» немесе «бір қайғы жүз қайғыны қозғайды»

Қарағандыдағы маңдайалды білім ордасы саналатын Мағжан Жұмабаев атындағы гимназия ауласында жылдар бойы қараусыз қалған ғима­рат тұр. Бұл жер үйсіз­күйсіздер мен бұзақы жасөспірімдер үшін «жайлы мекен, қолайлы қонысқа» айналып үлгерген. Жиналғандар бұзақылық пен сорақылық жасайды. Мәселен, жапсарлас орналасқан мектептің терезесін сындырған, аулаға бірнеше рет өрт қойған көрінеді. Бұзақыларға ешқандай тыйым болмай тұр. Қараусыз ғимарат не сүрілмейді, не иесі қоршамайды. Мектеп басшылығы қаншама рет дабыл қағып, құзырлы органдарға шағымданғанымен, нәтиже шығара алмай дал. Осыдан соң балаларға қауіп қалай келмесін?!

Билікке бағынбайтын Долгомысов кім?

Мәселенің мән-жайын білмекке М.Жұмабаев атындағы гимназияға ат басын бұрдық. Алдымыздан қарсы алған директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ұлпан Тәттімбетова мен директордың шаруашылық ісі жөніндегі орынбасары Нұргүл Төлеутайқызы қараусыз ғимараттың балаларға қауіп төндіріп тұрғанын айтып, әңгімені төтесінен бастады.

Бұл нысанның 1991 жылы іргетасы қаланған. Үш қабатты, толық салынбаған ғимарат. Иесі – Владимир Владимирович Долгомысов. Меншік иесі осы уақытқа дейін ғимаратқа көңіл бөлмеген. Сондықтан, бұл жер қаңғыбастардың, бетімен кеткен жасөспірімдердің темекі шегіп, ащы су ішетін мекеніне айналыпты. Күйінерлігі сол, нысан мектеп аумағында. Балалар құрылысы аяқталмаған ғимаратқа үйір. Ішіне кіріп, төбесіне шығып алуы жиі. Бұған мектеп әкімшілігі уайым кешіп отыр. «Жаман айтпай, жақсы жоқ», егер де балалар жазатайым осы қараусыз ғимаратта бірдеңеге ұрынып қалса, мектеп әкімшілігі жауапты. Жоқ жерде, жазықты боп шыға келері хақ. Өйткені, ғимарат мектеп аумағында. Қаладағы осындай қараусыз ғимараттардың бірінде балалар жазым болған жағдайлар да кездескен еді. Осындай қайғылы жайттың қайталанбауына кім кепіл?

Бұл мәселе балалардың қауіпсіздігін ойлайтын мектеп басшылығы мен ата-аналардың жылдар бойы бас ауруына айналғантын. Сондықтан, қараусыз ғимарат оқушылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретінін түсінген гимназия әкімшілігі мен Қарағанды қаласы білім бөлімі осыған дейін қажетті органдарға (қалалық мәслихат, полиция, прокуратура, Қазыбек би ауданының әкімдігіне) хат жазып, жағдайды жеткізген.

2019 жылы қаланың Оңтүстік-шығыс полиция бөлімі ғимарат иесі В.Долгомысовты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 505-бабы бойынша хаттама толтырған. Осыдан соң сең қозғалғандай болып, В.Долгомысов өзіне тиесілі аумақты күтіп ұстау және қоршау туралы гимназия директорының атына кепілхат жазды. Алайда, бұл азамат өзіне тиесілі ғимаратты қоршау, күзетші қою, қоқыстардан тазарту туралы талаптарды орындамаған. Содан, әлі де жасөспірімдерге қауіп төніп тұр. Одан қалды, мектеп айналасы қоқысқа толып кеткен. 2021 жылдың жазында балалар ғимарат ішіне, айналасына 3-4 рет өрт қойған. Мектеп әкімшілігі өрт сөндірушілерді шақыртып, сөндіріпті.

– Бұл нысан кезінде бассейін болады деп салынған. Төрт жыл ішінде білгеніміз, бұл жер жекеменшікке өтіп кеткен. Иесіне жекелей хат та жаздық. Ешқандай нәтиже жоқ. Балалар ішіне кіріп, төбесіне шығып ойнайды. Ғимарат иесі Владимир Долгомысов біздің талабымызбен есік-терезелерді кірпішпен жапты. Бірақ, мұнда келетіндер оны бұзып, қайтадан өздерінің ыңғайына келтіріп алды. Тіпті, осы жерге келетін бұзақылар мектептің төртінші қабаттағы терезесіне тас лақтырып, сындырды. Ғимарат айналасын қоқысқа толтырды. Бұл нысан несүрілмейді, не иесі қоршамайды. Біз осыған алаңдап, қаншама жерге хат жаздық, алайда еш нәтижесіз. Мәселе – білім ордасы мен балаларға қатысты. Демек, нақты шешімі болуы тиіс, – деді мектеп директорының орынбасарлары.

Ұлпан Тәттімбетова мектептің артындағы аумақты көрсетіп, «осы жердің не меншік иесіне, не мектепке тиесілі екені белгісіз.
Егер бұл аумақ мектепке берілсе, балалар ойнайтын спорт алаңына айналушы еді», – дейді. Билік осы ғимаратты мектептің балансына тапсырса, кабинет жетіспеушілігі азайып, балаларға қосымша сабақ өткізетін орынға айналдыруға әзірліктерін де жеткізді. Оның айтуынша, бұл жағдай ата-аналар мен қызметкерлерді аса алаңдатып отыр.

Қарауыл қауқары көпке жетпейді

Мектеп күзетшісі Дауылбай Нелдібаевтің айтуынша, бұзақы балалар, әсіресе, кешкі уақытта топтасады екен. Мектептің сыртында орнатылған бейнекамера екі ракурстан түсіреді. Олардың жиналып отырғандарын бейнекамерадан көргенде мектеп ауласынан қуып жіберетінін айтты. Бірақ, оларға тыйым жоқ. Қайта келе береді.

Оңтүстік-шығыс полиция бөлімінің басшысы, подполковник Ерлан Мұсабековке мектептің бұрынғы басшысы Абылай Жәлелов 15 мамырда қараусыз ғимарат иесін жауапкершілікке тарту туралы хабарлама жіберген. Ерлан Мұсабековке хабарласқанымызда:

– Ол аяқсыз қалған құрылыстан хабарымыз бар. Біз заң бойынша ғимарат иесін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 505-бабы бойынша ғана жазаға тарта аламыз. Қалғаны біздің құзыретімізге жатпайды, – деп ақталды.

3 шілде күні мектеп директоры міндетін атқарушы Дана Өмірбаева Қарағанды қаласының әкіміне бұл мәселенің тез арада шешімін табуына ықпал етуін сұрап, хат жолдаған. Одан әлі жауап келмепті.

Аңғал-саңғал ғимарат – балаға қауіп

Бір ғана Қарағанды қаласында құрылысы аяқталмай, қараусыз қалған ғимараттар саны қаншама. Әлихан Бөкейхан ауданында осындай 20 шақты ғимарат бар екен. Балалардың сонда кіріп алатыны, ойнайтыны белгілі. Әлеуметтік желідегі бейнежазбаларда осындай ғимараттарда балконнан-балконға секіріп ойнап жүрген балаларды көрген адамның төбе шашы тік тұрады. Қаланың қақ ортасында бір кездері аты дардай мейрамхана, кейін букмекерлік кеңсеге айналған ғимарат қазір қаңырап бос тұр. Кейінгі жылдары меншік иесі істі болып, нысан қаңғыбастар жиналатын орынға айналып үлгерген.

– Нысанның қожайыны қазір елде жоқ. Облыста жақын туыстары да табылмады. Инспекторлар арасында сол жерге барып, тексеріп тұрады. Үйсіз-күйсіз жүргендердің сонда барып күнелтетіні жасырын емес. Оларды уақытша бейімдеу орталығына алып барамыз. Бірақ олар қайтадан сол жерге барып алады, – дейді Қарағанды қаласы жергілікті полиция қызметі басшысының орынбасары Аңсар Әлкенов. Жергілікті әкімдік нысанды мемлекет меншігіне қайтаруды көздеп отыр.

Десе де, балалар үшін қауіп төндіретін ғимараттарды мемлекеттің меншігіне алу оңай шаруа емес екен. Өйткені, ұзақ уақытты талап етеді. Қарағанды қаласы бойынша құрылысы аяқталмаған үш нысан былтыр толық мемлекет меншігіне қайтарылған. Алдағы уақытта олар сүрілуі мүмкін.

– Алдымен сотқа жолданады. Сот шешімі шыққаннан кейін техникалық құқықты белгілейтін құжаттар жасалып, мемлекеттік тіркеуден өтеді. Ғимарат мемлекет меншігіне толық өткен соң шешім қабылданады, – дейді Қарағанды қаласының мемлекеттік активтер және сатып алу бөлімінің сектор меңгерушісі Нұрболат Нахатов.

Оқушы жазым болса, кім жазықты?

Мәселе балаға келгенде, оның шешімі табылуы тиіс. Құрылысы толық бітпей, қараусыз қалған нысанның қай-қайсысы болмасын, балалар мен ересектерге қауіп төндіріп тұр. Әсіресе, алаңдататыны – мектеп аумағында орналасқан ғимарат. Оның жауапсыз иесінің кесірінен жасөспірімдер мен мектеп оқушылары жазым болмаса игі еді…

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ,

«Ortalyq Qazaqstan»

Суреттерді түсірген: Жангелді ƏБДІҒАЛЫМ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button