Жаңалықтар

Маңызды қадамдар күтіп тұр

Ел Президенті «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында өткенге баға беріп, алдағы межелерді белгіледі. Халықты толғандырған біраз түйткілді қозғапты. Мәселен, Қаңтар оқиғасы, атом электр станциясын салу, отбасындағы әйелдер мен балаларға жасалатын зорлық-зомбылық. Сонымен қатар, Үкімет жұмысына өз пікірін білдірген. Негізгі мақсат – іргелі ел болу, демократиялық қоғам мен ықпалды мемлекеттік жүйе құру. Жалпы ұлт зиялыларының еңбегіне, өткенімізге баға беріп, болашағымыз үшін ауадай қажет ұлттық құндылықтарға баса назар аударған. Сапалы ұлтқа айналу үшін нендей харекеттер жасалуы тиіс екенін айтқан.

Осы орайда ұлттық құндылықтарымыз – еңбекқорлық, білімпаздық, кәсібилік, бірлік, ынтымақ, жанашырлық, іскерлік, бастамашылдық, адалдық, қарапайымдылық қасиеттері бар отаншыл және адал азаматтарды қалыптастыру екенін айтады.

«Мен қазақ елінің жастарына сенемін. Сондықтан олардың атқарушы және заң шығарушы билік тармақтарында қызмет етуіне жол ашатын кешенді шаралар қабылданды. Президенттік жастар кадр резерві жасақталды. Іріктеудің бірнеше сатысынан өткен кәсіби жас мамандар мемлекеттік қызметте басшылық лауазымдарға тағайындала бастады», деді. Рас, бұл дегеніміз Қазақстан дамуы үшін жасалып жатқан саяси қадамдар. Рухы биік жастарға қолдау зор қазір.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысының еліміздегі ең күрделі болып тұрған тұрмыстық зорлық-зомбылық жөніндегі жауабы да көп нәрсені айқындап тұр. Рас, бүгінгі таңда бұл мәселе – өте өзекті. Бірнеше шаралар қолға алынып жатыр. Күрес қарқынды.

«Зорлық-зомбылық жасағандарға әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік едәуір күшейтілді. Жәбірленуші қайта-қайта қысымға ұшырамауы үшін бұдан былай мұндай іске қатысты тараптарға екінші рет татуласу мүмкіндігі берілмейтін болды. Сондай-ақ, Мәжілістің бір топ депутаты халыққа Жолдауымның аясында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрестің жаңа әрі тиімді шараларын қарастыратын заң жобасын әзірлеп жатыр», деп жауап қайырған осы мәселеге қатысты сұрақта. Заң күшіне енсе жауапкершілік артады. Отбасы тыныш болса, Отанның берекесі – сол. Ел аман болсын!

Сұхбатта осы секілді елді алаңдататын мәселелер қамтылған. Ел ертеңіне, ұлт болашағына бейжай қарамайтын азаматтарымыз сұхбатты оқуы қажет деп санаймын.

Қысқасы, Президент сөзінше, мемлекетімізді маңызды қадамдар күтіп тұр.

Меруеш БАШАЙ,
Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button