Мақсат – жұртшылықты жұмылдыру
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жұртшылықпен байланыс жөніндегі департаментінің директоры Арман Бердалин мен республикалық арнайы мониторингтік топ мүшесі Төлеутай Рахымбеков Жезқазған-Ұлытау өңіріндегі сапарларын қорытындылай келіп, қалалық «Дидар» телеарнасының Баспасөз клубында жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен баспасөз мәслихатын өткізді. Сондай-ақ, баспасөз мәслихатына аталмыш агенттіктің Қарағанды облысы бойынша департаментінің басқарма басшысы Ердос Әбдірахманов және Жезқазған аймағы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ауданаралық басқармасының бөлім басшысы Бейбіт Кәрімов қатысты.
Журналистер алдында Арман Бердалин баяндап бергендей, агенттіктің жанынан арнайы мониторингтік топ құрылған көрінеді. Топ мүшелері қоғамның белсенді азаматтарынан жасақталыпты, құрамында мемлекеттік қызметшілер жоқ. Топ басшысы бұрын Парламентте екі мәрте депутат болған Айгүл Соловьева. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі басшылығының бастамасымен арнайы топ биыл еліміздің барлық өңірлерін аралауға екінші рет шығыпты.
– Шалғай ауылдарға дейін барып, тұрғындармен еркін пікірлесуге тырысудамыз. «Сырт көз – сыншы» демекші, жемқорлықтың жолын кесіп, алдын алуда біздің тарапымыздан қандай кемшіліктер кетіп жатыр, соған назар аударудамыз. Сонымен қатар, жұртшылықтың ой-пікірлерін білу. Айтылған пікірлер мен түйткілді мәселерді хатқа тізіп, шешу жолдары қарастырылады. Мәселен, осының алдындағы еліміздің әр өңірінде болған сапарларымзда көптеген мәселелер жинақталса, бүгінде оның жартысынан астамы оң шешімін тапты. Кешелі-бүгін Ұлытау ауданы мен Сәтбаев қаласында болғанда осы жағына көбірек көңіл аудардық. Енді сіздердің алдарыңызда атқарылған жұмыстарды баяндаумен қатар, жемқорлықтың жолын кесуге барша жұртшылықтың мүдделі болуына назар аударғымыз келеді. Сыбайлас жемқорлардың жолы кесіліп, кінәлілердің қолдарына кісен салынып жатыр. Ол бір бөлек әңгіме. Ал, енді қоғамдағы осы кеселдің алдын алу, оны болдырмаудың жолын табу әлдеқайда маңызды деп білеміз,– деп атап өткен А.Бердалин үстіміздегі жылдың сегіз айының көрсеткіштеріне және алдағы негізгі міндеттеріне тоқталды.
Жемқорлық азайып келе ме, көбейіп келе ме деген сауал бүгінде әркімді толғандыратыны анық. Елімізде жемқорлық өткен жылдармен салыстырғанда 20 пайызға төмендепті. Үстіміздегі жылдың 8 айында 1393 жемқорлық фактісі тіркелген. Сала бойынша таратып айтар болсақ, ішкі істер органы мен әкімшілік көш бастап тұр. Одан әрі құрылыс пен білім, жер қатынастары мен ауыл шаруашылығы салаларында кеңінен өріс алып отыр. Қазіргі таңда республикалық деңгейде 19 басшы, облыстық деңгейде 62, аудандық деңгейде 115 басшы жемқорлық қылмыстары үшін жауапқа тартылуда. Қолды болған мемлекет қаржысының 7,7 млрд. теңгесі қазына қоржынына қайтарылған. Тағы бір мәселе, әлемдік ұйымдардың бізге беріп отырған бағасы қандай? Өйткені, сырт елдердің алпауыт компаниялары инвестиция салар алдында сол елдің жемқорлық жағдайына мән беріп, қаржысының қолды болып кетпеуіне алаңдайды екен. Осы орайда Трансперенси Интернешнл халықаралық ұйымының сараптамасына назар аударған артық емес. Әлемнің 180-нен аса мемлекетіндегі жағдайға талдау жасаған халықаралық ұйымның сараптамасы бойынша Қазақстан 2016 жылы жемқорлық жөнінен 131-орында тұрса, өткен жылдың қорытындысында 122-орынға тұрақтапты. Бұл аз да болса ілгерілеушіліктің белгісі. Жемқорлық жайлаған қауіпті елдердің деңгейінен 9 орын болса да алға жылжу кейінгі жылдардағы атқарылып жатқан жұмыстардың оң нәтижесі екені айтылды.
Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің басты мақсатының өзі қоғамдағы осы кесепаттың алдын алуға байланысты шаралар жүргізіп, оны болдырмау жөніндегі жұмыстармен айналысу болып табылады. «Тәрбие – тал бесіктен» дегендей, мектеп қабырғасы мен университеттердегі жас өскіндермен тәрбиелік жұмыстар жүргізілуде. Еліміздегі барлық мектептерде «Адал ұрпақ» деген еріктілер клубы жұмыс істейді. Сондай-ақ, еліміздегі 113 жоғары оқу орындарында осы тұрғыда жүйелі жұмыстар жүргізіле бастады. Қоғамдық бақылау картасы жобасы енгізілуде. Мемлекет қаражатының бір тиыны біреудің қалтасында кетпеуіне қоғамдық бақылау жасау жөнінде халыққа үндеу тасталып отыр. Әр өңірден келген өтініш-дабылдарға сергек қарап, шұғыл шара қолдану қалыпты жағдайға айналмақ. Сондықтан да жемқорлық фактісін білген жағдайда оған самарқау қарамай, әрқашанда агенттікпен байланыста болу туралы ұсыныс жасалды. Агенттік көпшілік үшін қашанда ашық әрі қолжетімді. Кез келген азамат әлеуметтік желілер арқылы немесе 14-24 жедел желісі арқылы хабарласа алады.
Агенттіктің жұмыс бағыттарының бірі кәсіпкерлікті қолдау мен мемлекеттік қызметшілердің әдебін сақтап, халықпен мәдениетті түрде жұмыс істеп, тиісті мәселелерін әуре-сарсаңға салмай уақытылы шешу туралы да біршама айтылды. Агенттік тарапынан 200-ге тарта инвест жобаларға қолдау жасалыпты. Сондай-ақ, қанат қақты жоба ретінде Маңғыстау облысы мен Әділет министрлігі салаларында еңбекақы төлеудің жаңа жүйесі енгізілуде. Мемлекеттік қызметшілердің еңбекақысын 2,5 есеге дейін көтеруге мүмкіндік беретін бұл жобада басқарушыдан гөрі атқарушының айлығын көтеруге көбірек көңіл бөлінген.
Журналистермен кездесуде арнайы мониторингтік топтың мүшесі Төлеутай Рахымбеков те сөз алып, 2015 жылы жемқорлықпен күрес жөніндегі стратегиялық жоспар қабылданғанда осындай топтың қажеттігі белгіленгенін ортаға салды. Оның құрамында Оралбай Әбдікәрімов, Зәуре Батталова, Тәңірберген Бердіоңғаров, Мұрат Әбенов сияқты қоғамға белгілі қайраткерлер бар көрінеді. Қазақстан алғашқылардың бірі болып жемқорлық жайлағанын ресми мойындаған ел, соған орай оның алдын алу және онымен күрес шаралары кеңінен жүргізілуде. Онымен өкілетті органдардың күресуі жеткіліксіз, қалың бұқара бірлесе отырып күресу қажеттігі айтылды. Жемқорлықпен күрес отбасынан басталуға тиіс. Облыстарда, аудан, қалаларда да осындай мониторингтік топтар құрылып, іске кіріскен. Солармен бірлесіп, ұсыныс-тілектерін назарға алып жұмыс істеу көзделіп отырған көрінеді. Баспасөз мәслихатына қатысқан журналистер өздерін толғандырған сауалдарын қойып, оған жан-жақты жауап алды.
Амандық РАХҰЛЫ.
ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы.