Бас тақырыпОблыс әкімі

Мақсат – айқын, міндет – зор

Кезекті аппарат отырысында аймақ дамуына қатысты маңызды мәселелер қаралды. Отырысқа төрағалық еткен облыс әкімі Жеңіс Қасымбек құзырлы орындар мен құзыретті тұлғаларға тапсырмалар мен міндеттерді айқындап берді.

ӨСІМ БАР, КЕМШІЛІК ТЕ ЖОҚ ЕМЕС

Қарағанды облысының 9 айдағы негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінде өсім бар. Қысқа мерзімді дамудың индикаторы 9 айда 5,8 пайызды құрады. 1 тлрн. 916 млн. теңгенің өнімі шығарылған. Мұнда қара металлургияның үлесі кеміп, түсті металлургия, фармацевтика, тамақ өнімдерін өңдеу артқан. Тау-кен өнеркәсібі 12,8 пайыз көлемінде өсім көрсетті. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен аппарат мәжілісінде экономика басқармасы басшысы міндетін атқарушы Гүлнәр Әбішова мәлімдеді.

Осы тоғыз айда 6 өңірде кері динамика байқалды. Оған Теміртау қаласында, Бұқар жырау ауданында тау-кен өнеркәсібінің өнім көлемінің кемуі себеп болса, Балқаш пен Сәтбаевта өңдеуде кемдік бар. Саран және Шахтинск қалаларында таукен өнеркәсіптеріндегі көлемнің кемуі орын алған Ал, ауыл шаруашылығында өнім өндіру 4,4 пайызға өсті. Құрылыс жұмысы да екі есе өскендігін атайды басқарма. Бұл құрылыс жұмысы аймақтың 5 қаласы мен 8 ауданында қамтамасыз етілді. Негізі, бүгінде облыстың алдында жыл соңына дейін 5,2 пайызға өсімді қамтамасыз ету міндеті тұр.

ҚАРАЖАТТЫ ИГЕРУ – МІНДЕТ

9 айда облыс бюджетінің кіріс бөлігі 105,5 пайызға орындалды. Барлық өңірлер бюджеттің кіріс бөлігін толықтай орындады. Сөйтіп, бюджетке 124 млрд. теңге түскен. Ал, шығыс бөлігінде жоспардағы 248 млрд. теңгенің 246 млрд. теңгесі игеріліп, бүгінгі таңда 1,8 млрд. теңге игерусіз тұр. Бұл жөнінде қаржы басқармасының басшысы Людмила Викторовна баяндады. Оның ішінде, үнемнен 518 млн. теңге бар. Ал, субъективті себептермен игерілмеген қаржы көлемі 1,3 млрд.теңгені көрсетті. Аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек өңір басшыларына бұл бағыттағы жұмысты ширату жөнінде тапсырма берді.

ЕГІН ТОЛЫҚ ЖИНАЛДЫ

Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысы Сағынжан Апақашовтың айтуынша, Қарағанды аймағында алтын дән толығымен жиналды. 842 мың гектардағы астықтың орташа өнімділігі гектарына 10, 8 центнер шамасында. Жазғы қолайсыз ауа райының салдарынан былтырғы жылмен салыстырғанда өнім көлемі 150 мың тоннаға кем. Нақтыласақ, биылға 880 мың тонна дәнді дақыл бастырылды. Соның ішінде, бидай 626,2 мың гектардан жиналды. Өнімділік гектарына 10,1 центнер. Аталған өнімділікпен бастырылған бидай 648 мың тоннаны көрсетті. Соның ішінде, Абай және Осакаров диқандары жоғары өнім алды. Мәселен, Абай ауданындағы бидайдың шығымдылығы гектарына 14 центнерді көрсетсе, Осакаровта – 12 центнер.

 Қазіргі уақытта картоп 100 пайыз жинап алынды. Мұның шығымдылығы 261,1 ц/га құрайды. Жалпы түсім – 269,2 мың тонна. Ал, көкөніске келсек, жиынтерім – 97 пайыз.

Бүгінгі таңда қарағандылық шаруалар 40,6 мың тонна көкөніс жинап үлгерді.

АТАУЛЫ ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕКТЕ ЖАҢАЛЫҚ БАР

 Әлеуметтік көмек алушылар саны жыл басынан бері 8 есеге, қаржыландыру 10 есеге өсті. Осыған орай, «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасына бөлінген қаржының көлемі де ұлғайды. Қазіргі таңда 41 мың адам жұмыспен қамту шараларына тартылды. 31 мың жаңа жұмыс орны құрылды. Бұл шаралардың барлығы тұрғындардың әл-ауқатын, тұрмысын жақсартуға бағытталды. Аймақтағы атаулы әлеуметтік көмек туралы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсем Жүнісбекова хабарлады.

Басқарма басшысының айтуынша, облыста АӘК 10 мыңнан астам отбасына тағайындалған. Яғни, 50 600 адам қазіргі күні атаулы әлеуметтік көмек алып отыр. Бұл мақсатқа жұмсалған қаражат – 3,3 млрд. теңге көлемінде. Ал, жалпы тұрғындардың үлесіне шаққанда атаулы әлеуметтік көмек алатындардың үлесі 3,7 пайыз екен.

Атаулы әлеуметтік көмек алатындардың басым бөлігі Қарағанды қаласында екенін атады басқарма басшысы. Сондықтан Қарағанды қаласы тұрғындарды жұмыспен камтуға тарту бойынша жұмыстарды күшейтуі тиіс. Сонымен қатар, тұрғындардың әлеуметтік деңгейін анықтауда тиянақтылық және қажет екенін еске салды.

Қазіргі таңда облыста аз қамтылғандар қатарында 2 433 адам бар. Бұл – облыстағы еңбекке жарамды азаматтың 19,1 пайызы. Жұмыспен қамтудың түрлі шараларына аталған тұрғындардың 84,8 пайызы жұмылдырылды. Дегенмен, кей өңірлерде бұл іс ақсап тұр. Сондай-ақ, атаулы әлеуметтік көмек берудің әдіс-тәсілдері өзгергені мәлім. Сонымен қатар, жаңалықтары да баршылық. Соның бірі – көп балалы отбасы балаларына мемлекеттік жәрдемақы тағайындалатындығы. Бұл жәрдемақының отбасы кірісіне қатысы жоқ, барлық көпбалалы отбасының балаларына тиесілі болмақ.

Қызғалдақ АЙТЖАН

Басқа материалдар

Back to top button