«Маған Қалмағанбетов керек!»
Биыл облыстық SARYARQA телеарнасының эфирге шыққанына – 65 жыл толып отыр. Телеарна ұжымы осы уақыт аралығында елдің жүрегіне жол тауып, көптеген шыңды бағындырды. Мұнда талантты жастар қанатын қомдап шығып, қазақ телевизиясының қыранына айналды. Аймақтың шежіресіне айналып, өнегеге толы алтын қорын қалыптастырды. Тарихы терең телеарнада 40 жылдан астам жемісті еңбек еткен Қазақстанның Құрметті журналисі Әли Тойжігіттің қаламынан туған «Күміс күлкі» естеліктер циклін жекелеп оқырман назарына ұсынғалы отырмыз. Мұнда телеарна өміріне байланысты тағылымды әрі есті естеліктер астарлы әзілмен әрленіп отырады. Мархабат!
РЕДАКЦИЯДАН
«Әзілің жарасса, атаңмен ойна», – деген халқымыз. Егер, қисыны келіп жатса, неге әзілдеспеске?! Бірақ, жөні осы екен деп шектен тыс шықпаған да дұрыс.
…Өткен ғасырдың 85-жылдары болатын. Қазір Астана қаласында тұратын зейнеткер, белгілі тележурналист, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты Дәния Омашева ол кезде Қарағанды телевидениесінде аға редактор еді. Екеуміз бір бөлмеде отырамыз. Арамыздағы жалғыз телефон кенет шыр ете қалды. Аз-кем әңгімеден соң тұтқаны қойып жатып:
– Көптен реті келмей жүр еді, қатырдым оны! – деп, сылқ-сылқ күлді.
– Не болды, айтсаңызшы? Біз де бірге күлейік, – дедім қарап отырмай.
– Кейін естірсің, – деп құтылды.
Сәлден соң «Жас қанат» хабарын жазып, бөлмеме кірсем, Дәкеңнің көңіл-күйі көтеріңкі екен. Сөйтсем, бірер сағат бұрын мұғалімдер білімін жетілдіру институтынан құрбысы, ұлағатты ұстаз, әрі жеңгесі Сара Мұқанова:
– Қыз-ау, Қалмағанбетовтің жұмыс телефонын айтшы? – депті.
Дәния болса, «Жаңалықтар» редакциясының редакторы, соғыс ардагері Шамшит Қалмағанбетовті меңзеп тұрғанын іштей біле тұрып, оған фамилиясы ұқсас Қарағанды облыстық партия комитетінің екінші секретары (қазіргі үрдіспен айтқанда, облыс әкімінің орынбасары) Жәлел Қалмағанбетовтің жұмыс телефонын берген ғой. Апамыз болса, оны білмейді, әлгі жазып алған «телефонға» ізін суытпай хабарласады.
– Қалмағанбетов қайда? – деп сұрапты салған беттен.
– Кешіріңіз, Қалмағанбетов обкомның бюросында, жиналыста отыр, – дейді хатшы қыз. Шамшит ағамызбен әрдайым әзілі жарасып, әрі жездесі ретінде қалжыңдасатын Сара апамыз, телефон тұтқасын қойып жатып:
– Бюродан шыққан соң, мен оны бұйралатамын! Солай деп айтқын! Қарай гөр, өзі «шұғыл телефон соқсын» дейді де, менің қоңырауымды тоспай жиналысқа кеткені қалай?! Шыққаннан кейін міндетті түрде маған хабарлассын! Айтқын, Сара Балқашовна звондады, телефоны мынау! – деп сес көрсете сөзін аяқтапты.
Содан «Апам да аң-таң, өзім де аң-таң!» – демекші, өмірі ондай өктем сөзді естімеген ақ үйдің хатшы қызы тосын жағдайға тосырқай қарайды. Арада жарты сағаттай уақыт өтеді. Әлгі «Қалмағанбетов» хабарласпаған соң, Сара апамыз оған «сыбағасын» берейін деп қайтадан телефон соғыпты.
– Әлгі шал, әлі жиналыстан шыққан жоқ па?! Ол онда не істеп жатыр? Жоқ, әлде менің сөйлейтін сөзімді жазып отыр ма? – деп мәселені көлдеңінен бір-ақ қойған көрінеді.
– Кешіріңіз, Жәлел Шубаевичке айтып едім, ол «сізді танымаймын, ондай кісіге телефон шалсын деп айтқаным жоқ», – деді. Сондықтан, хабарласпады.
– Танымағаны қалай, есі дұрыс па?! Қалқам-ау, ол өзі аты-жөнін өзгертіп, секретарша алған ба?! Түсінсем бұйырмасын!?..
– Кешіріңіз! Сіз қайда, кімге телефон соғып тұрсыз? – депті мәселенің мән-жайын білгісі келген хатшы қыз.
– Облыстық телевидениеге… редактор Қалмағанбетовке!..
– Кешіріңіз, сіз қателесіп тұрсыз! Бұл, телевидение емес. Облыстық партия комитетінің екінші хатшысы Қалмағанбетовтің қабылдау бөлмесі.
– Ой, не… е… е… дейді!.. Құдай-ау!.. Кешір, қалқам, кешір!.. Мен телеарнаның «Жаңалықтар» редакциясындағы редактор Қалмағанбетовке звондап отырмын! – деп Сәкең сасқанынан телефон тұтқасын қоя салыпты. Сол кезде барып, «тосын» жағдайдың тұзағына қалай түскенін, құрбысы Дәнияның қалжыңынан соң, бірақ білген ғой. Аталмыш оқиғаның мән-жайын телефоннан естіген Дәкең рахаттана күліп отыр.
– Подруга, «терме тезек, келер кезек» – деген осы! Бірінші сәуір – күлкі күні мені «жақсылап» алдап едің, енді өзіңнен көр! «Қалмағанбетов, Қалмағанбетов…» – деп қылқылдап қоймаған соң «обком партияда бір шаруасы болған шығар» дедім де, бастықтың телефонын бергенім рас. Одан да редактор Шамшит Қалмағанбетовтің аты-жөнін ашық айтпайсың ба? – деп, қалжың сөздің қайырмасын қайталап, екеуі тағы да телефон арқылы біраз уақыт күлкісін тыя алмады.
Шіркін-ай! Өмірде осындай әдемі әзілдердің болғанына не жетсін!
Әли ТОЙЖІГІТ,
Қазақстанның Құрметті журналисі